Пандемия адамдардың тағдырын қалай өзгертті?

cover

Жер планетасын мекендеген бүкіл адамзат үшін 2020 жыл ешқашан естен кетпес жыл болғаны анық. Адамдардың осыған дейін қалыптасқан өмір сүру салты былтыр қас-қағым сәтте түбегейлі өзгеріске ұшырады.

Жұқпалы вирустан жанын шүберекке түйіп, карантин, локдаун деп аталатын оқшаулау шаралары өмірімізді ғана емес, кейбіріміздің тағдырын талқандап, енді біреуге осы күнге дейін ойына келмеген үлкен мүмкіндікті қолына ұстатыпты. Біз сұхбаттасқан адамдар пандемия тағдырына қалай әсер еткені жөнінде төмендегіше әңгімелеп берді.

Мейірбек ТҰРСЫНБАЙ, Шымкент қаласы:

- 2020 жылғы наурыздың 9-ы күні өмірімде алғаш рет шетелге шықтым. Өмірімде алғаш рет бір адамды бар жүрегіммен сүйдім. Сүйгенімді таппай, үйленбеймін деп, бойдақ жүрдім. Жасым 40-қа келсе де сүр бойдақ едім. Бір жыл бойы интернетте танысып, сөйлесіп жүрген адамыммен кездесуге жолға шықтым. Наурыздың 17-сіне қайту билетін алған болатынмын.

Алайда наурыздың 10-ы күні Түркияда алғаш рет коронавирус жұқтырған адам анықталып, бүкіл ел бір сәтте абыр-сабыр болды. Осыған дейін әлгіндей вирус барын ақпарат көздерінен естіп, білгенімен аса мән бере қоймаған түрік халқы ә дегеннен беттерін маскамен тұмшалай бастады. Алып-ұшқан сезіммен алғашқы кездесуімізді өткізген Айсұлу екеуміз де аздап абдырап қалдық.

Стамбулдың сырға толы көшелерінде қол ұстасып армансыз қыдырамыз деген ойымыз орындала қоймады. Себебі, дәл сол кезде ауа-райы де қатты суытып, оның үстіне Топкане, Айя, София сынды мекендер жартылай жабыла бастады. Наурыздың 13-і күні Түркия кәдімгідей дүрлікті. Бұл елде жүрген шетелдіктер өз еліне қайтуға жанталасты. Әр жарты сағатта хабар таратқан ақпарат көздерінен түсінгенім, жағдай тым ушығып барады.

Не істемек керек? Жұрттан қалмай, елге қайту керек пе? Жолға шығайын десем, сүйіктімді қимаймын. 17 наурызға дейін жүре берейін десем, күн сайын күшейіп бара жатқан ақпараттық мәліметтер маза берер емес. Түркиядағы Қазақстан елшілігіне хабарлассам, қазір екі ел арасында ұшып жатқан ұшақтар бар кезде үйіме жетіп алуға кеңес берді. Үйдегілер де мені уайымдап, тез жолға шығуымды айтып қайта-қайта хабарласуда. Әбден басым қатты. Наурыздың 16-сы күні хабарласқан әпкем мен ағам тіпті қатты ұрсып, тез қайтуымды қатаң ескертті. Сол жолы Айсұлу мен іздеген адам екенін, оған үйленгім келетінін ашық айттым.

«Қазір үйлену туралы айтатын кез бе? Жұрт жанын шүберекке түйіп, жанталасып жатқанда! Үйлену қашпас, үйге қайт! Адамдар вирустан қырылып жатыр», - деп ренжіді әпкем.

Бір күн уақытым қалды. Айсұлуды қалыңдығым етіп, елге әкетемін деп шештім. Не керек, 17 наурыз Қазақстанға бірге кететін болып келістік. Алайда Қазақстанға ұшатын ұшақтардың билеті тек сол елдің азаматтарына ғана сатылып жатқанын білдік. Айсұлу Түркияның азаматтығын алған. Оның үстіне ұшаққа билет табу тіпті қиындап кетті. Барлық мемлекет біртіндеп шекарасын жауып, өзара байланысты тоқтатуға көшті. Солардың арасында Түркия-Қазақстан да бар.

Сонымен не керек, 17 наурызда елге қайттым. Айсұлу екі елдің шекарасы ашылған сәтте Қазақстанға келетін болып Түркияда қалды. Жағдай біз ойлағаннан да күрделі шықты. Алғаш карантинге жабылдық, ақырында көшеге шығуға тыйым салатын локдаун енгізілді. Айсұлу екеуміздің үйленіп, бірге боламыз деген тілегіміз күн санап алыстай берді. Әр күн интернетте хат алмасып, бейнеқоңырауда сөйлескен сайын ұнжырғамыз түсетін. Төртінші айға созылған бұл сары уайымның соңы қаралы күндерге ұласты.

2020 жылғы шілде айы әр қазақстандықтың есінде мәңгі сақталатын шығар. Осы айда қаншама адам жақынынан айрылды. Солардың бірі - мен. Шешем, әпкем, жездем, ағамнан айрылдым. Бір шаңырақта әпкемнен қалған алты айлық жиенімізді құшақтап, жеңгем екеуміз қалдық. Көп ұзамай, жеңгем де кетті. Осы кезде жаныма демеу, көңіліме медеу болған тек Айсұлу еді. Күн сайын шекаралардың ашылуы туралы хабар күтіп, көзіміз төрт болды.

Сондай күндердің бірінде Айсұлу да вирус жұқтырып, ауруханаға түсті. Алты күн ажалмен арпалысты. Өкінішке қарай, жетінші күні Айсұлуым да мені тастап бақилыққа аттанды. Осылайша пандемия кезінде бар жақынымнан айрылып, жалғыз қалдым. Өмірімде алғаш рет сүйген, алғаш рет бар сезімімді ашқан адамымнан айрылдым. Пандемия осылайша тағдырымды тас-талқан етті.

Ағабек Сәрсенбай, Шымкент қаласы:

- Пандемия тағдырымды талқандады. Айлар бойы карантинде үйге қамалып отырдық. Бұған дейін де ұрыс-керісіміз аз емес еді, енді карантинде тәуліктер бойы әйелім екеуміздің айғайымыз тоқтамады. 30 жыл бойы бірге тұрған шаңырағымыз шайқалып, ақырында ажырасып тындық. Бұрын жұмысқа кетіп, көп проблемамыз кейінге шегерілген екен. Карантинде бір-бірімізден мезі болғанымыз сондай, арамыздағы үш бала да бізді тоқтата алмады. Бір жыл болды. Отыз жыл отасқан отбасымнан жырақта өмір сүріп жатырмын. Кейде ойлаймын, егер карантинге қамалмағанымызда, отбасымның шырқы да бұзылмас па еді деп. Кім білсін...

Сапарәлі Құрманұлы, Түркістан облысы:

- Карантин болардың алдында ғана, яғни ақпан айында түсімі азайған шағын бизнесімді жабуға бел буғанмын. Қалтамда қалған азын-аулақ ақшама басқа кәсіп көзін іздеп жүргенмін. Оның үстіне сатылмай қалған тауарларым да бар еді. Не істесем екен деп бас қатырып жүргенде, кәсіптің «өзі» алдыма келді. Ковидтен күн санап көз жұмғандар көбейді. Мен сататын көк тастарға сұраныс артты. Әрине, адам өлімі үшін қуанбаймын. Алайда менің бизнесім жаназа рәсімдері болатын. Банкроттың шегінде тұрған жұмысым бірден жанданып, қазір бірнеше жерден жаназа рәсімі бюросын ашып, материалдық жағдайым түзелді.

Альмира Әуелбекова, Сайрам ауданы:

- Сенесіз бе, соңғы 19 жыл бойы Шымкент қаласынан пәтер аламын деп тиынға тиын қосып ақша жинадым. Бірнеше жерде жұмыс істедім. Тамаққа да, киімге де бір тиын артық жұмсамайтынмын. Үйдің ақшасын жинаймын деп жүріп не жарқырап киінбеппін, не қыдырып, көңіл көтермеппін. Әне-міне, ешкімге қарыз болмай, баспаналы боламын деп жүргенімде, пандемия басталды.

Енді не болар екен деп, жағдайдың соңын күтумен бір жыл өтті. Сол аралықта үйдің бағасы да біртіндеп өсіп, биыл өздеріңіз білесіздер, баға аспанға шарықтап кетті. Былтыр 15 миллионға алуға болатын үй бағасы қазір 25-30 миллионға дейін өсті. Енді бұл бағаның арзандай қоюы екіталай. Осылайша үйсіз қалдым. Ендігі зейнет жасыма дейін қалған 10 жылымда үйге жетпеген қалған ақшаны жинайтын болсам, онда бүкіл өмірімді бір үй алу үшін ғана сүрген боламын ғой?! Бәріне қолымды бір сілтедім. Пандемия ертеңгі күнге үміт артпауды үйретті. Өмірді тек бүгін сүруді үйретті.

Айнабек Қалаубеков

Айнабек Қалаубеков, Төлеби ауданы:

- Пандемияда бел ауыртпай-ақ ақша табудың жолын таптым. Ол үшін ең алдымен интернеттің сырын меңгеріп, қолыңыздағы телефонды пайдалы іске жұмсай білу керек екен. Карантинде күндіз-түні үйде босқа жатқанша деп, түрлі білім беретін видеоларды қарайтынмын. Сөйтіп жүріп компьютер бағдарламаларын жасауды оқып, меңгердім. Бастапқыда жай ғана қызығушылық болған. Кейін программист маманына сұраныс жоғары екенін білдім. Әсіресе шетелде сұраныс мықты екен. Карантин айларға созылды. Сол уақытта енді шет тілін оқуға кірістім. Нәтижесінде қазір Ресейлік және Түркиялық екі компанияның бағдарлама жасаушысымын. Әлемнің қай бұрышында жүрсем де, атқара беретін бұл жұмысымның арқасында табысым да еселене артып, енді шекаралар ашылса, саяхаттауды да бастауды жоспарлап отырмын. Кез келген жағдайдан өзіңе тиімді тұсын алу керек екен. Пандемия маған осыны ұқтырды.

Әмина Дидахметқызы

Әмина Дидахметқызы, Шымкент қаласы:

- Карантин кезінде осыған дейін ертеңге ысырып жүрген тіл үйрену курсымды онлайн бастауға кірістім. Уақытымның ең көп бөлігін шет тілі сөзін жаттауға арнадым. Екі айда керемет нәтижесін бере бастады. Шет тілін біліумнің арқасында әлеуметтік желіде көптеген шетелдік дос таптым. Сонымен қатар Америкада жүрген екінші жартымды да осы ағылшын тілін меңгеру арқылы таптым. Таяуда ғана сүйіктім қазақы дәстүрмен құлағыма сырға салып, құда түсіп кетті. Келесі айда ұзату тойымызды өткізіп, Америкаға қоныс аударамын.

Жанар Манамбекова

Жанар Манамбекова, Түркістан облысы:

- Жер-жерде пандемия басталып, шекаралар жабылған тұста отбасымызбен қайғы жұттық. Себебі, әр дәрісін арнайы тапсырыспен шетелден ғана алдыратын науқас қызымның сол кезде дәрісі таусылған еді. Тек шетелде ғана жасалатын отасына қаражат жинай бастағанымыз да сол уақыт еді. Жан-жаққа хабарласып жүріп, дәріге тапсырысты беруін бергенімізбен, уақытынан өте кеш келді.

Бұрынғыдай ұшақ ұшпайды. Екі мемлекет арасында әлдебір затты жеткізу мұңға айналғаны сонша, сол күндері күн емес, минуттар санадық. Өкінішке қарай, бір аптада келеді деп күткен дәрі он екі күнде әрең жетті. Ал бұл уақытта біз қызымызды қара жердің қойнына тапсырып та қойып едік. Пандемия десе, осы жағдай өзегіме өкініш болып түсіп, өртейді. Құдайдан да, адамнан да тілеп жүріп қолымыз әрең дегенде жеткен жалғыз қызымыз еді. Коронавирус үкілеген соңғы үмітімізді үрлеп өшірді. Бұл жағдайдан кейін көп ұзамай, күйеуім бар жұбанышын арақтан табатын болды. Сөйтіп жүріп, ақырында екеуміз де екі жаққа кетіп тындық.

Меруерт Хусаинова, Түркістан облысы

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар