«Орысша сөйлемедің деген сылтаумен жұмыстан қуды»: Алматыда жекеменшік мектеп пен мұғалім арасындағы дау неден шықты?
Коллаж Orda.kz
Алматыдағы Aлатау ауданында орналасқан жекеменшік Rich School аралас мектебінде жұмыс істеген 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз өзін «орыс тілінде сөйлемеді» деген себеппен заңсыз жұмыстан шығарғанын айтады. Жалғызбасты ана төрт айдан бері жұмыссыз жүріп, мектеп басшылығымен соттасып жатыр. Orda.kz тараптармен хабарласып істің мән-жайын білді.
Әділетсіздікке тап болдым деген ұстаз өзінің аты-жөнін жазбауды сұрады. Мұғалім Rich school мектебіне директордың оқу-ғылыми әдістемелік жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне былтыр тамыз айында кірген екен. Алайда ол мектепте небәрі екі айға ғана істепті. Асыраушысы жоқ жалғызбасты ана қазіргі уақытта төрт ай бойы жұмыссыз, өзін заңсыз жұмыстан шығарып тастаған мектеппен соттасу процесінде.
«Мен бұл мектепке келгенде маған орыс тілінде сөйлесуің керек, сол тілде түсіндіруің керек деп ешқандай талап қоймады. Ол тіпті еңбек шартында да көрсетілмеген. Оған қоса мен жұмысқа орналасқанда «Менің орысша сөйлеуім міндет емес шығар, мен орыс тілінде толыққанды ойымды жазып жеткізе алмаймын» деп бір емес бірнеше рет сұрадым. Маған басшылық бұл аралас мектеп болған соң бәрі қазақша сөйлейді әрі құжат мемлекеттік тілде жүреді деп айтты. Арада біраз уақыт өткен соң сол мектепте жұмыс істейтін орыс ұлтының мұғалімі оқу процесіне қатысты мәселелерді қазақ тілін, яғни «мемлекетті тілді білмеймін» деп маған бәрін орыс тілінде түсіндіруімді көпшіліктің көзінше талап етті. Барлық мәселе сол кезде басталды. Сол оқиғадан бастап менен басшылық «Құжатты екі тілде толтыр, жиналыс пен ата-аналар жиналысында екі тілде сөйле деп менен орыс тілін талап ете басталды», — дейді ұстаз.
Мұғалімнің айтуынша, Rich school мектебінің басшылығы «Қойылған сынақ мерзімінен өте алмады» деген сылтаумен шығарып жіберіпті. Еңбек шартында сынақ мерізімі көрсетілгенімен, мектеп мұғалімді тұрақты бір жылға қабылдаған екен әрі 30 жылдық еңбек өтілі бар ұстазға сынақ мерзімі қойылмайтынын жеткізді Құттықожа.
Осы оқиғадан соң келіншек Еңбек инспекциясына жүгінген, олар мұғалімнің жұмыстан заңсыз шығарғанын дәлелдеп, мектеп басшылығына ұстазды қайтадан жұмысқа алуға уақыт та беріпті.
Сонымен қатар, мұғалімнің айтуынша, өзі жұмыс істеп жатқанда ол мектепте 25-ке жуық мұғалім болған оның 99 пайызы қазақ, 130 жуық оқушының екеуі ғана орыс ұлтынан болған екен.
Жалпы ашылғанына бір жылдан енді ғана асқан мектептің директоры мен құрылтайшысы да бір адам мекен. Rich school мектебі жайлы ақпарт іздегенімізде 2GIS пен Instagram-дағы парақшасы және TengriEdu сайтына берілген 2024 жылы мектеп ашылғанда берілген сұхбаты шықты. Яғни, ресми сайт пен жекеменшік мектептің оқу ақысы жайлы ақпарат жоқ. Бір қызығы, Сағындық Қажыкен берген сұхбатында балаларға білім негізінен қазақ тілінде берілетіні, ал ағылшын тілі тереңдетіліп оқылатыны жайлы айтқан екен.
«Мені 6 қазанда мектеп директоры Сағындық Қажыкен шақырып алып, маған қатысты тәртіптік комиссия құру және қызметтік тексеріс жүргізу туралы бір жапырақ қағазды көрсетті. Ол жерде тайға таңба басқанда орыс тілінде сөйлемеді, жұмысты екі тілде жүргізбеді деп жазып қойған. Әлгі мұғалім мен арамызда осы тілге қатысты мәселе 2025 жылдың қыркүйек айының басында болды, ал 9 қазанда мені жұмыстан шығарып жіберді, сыртымнан бұйрық шыққанын 10 қазанда мектепке барғанда ғана білдім. Ертесіне барсам, мені күзетші кіргізбеді. Не үшін мектепке кіргізбейсің дегенімде маған шығып қойған бұйрықты көрсетті», — деді ұстаз.

Түптеп келгенде сол тәртіптік комиссия негізінде жұмыстан шығарғанымен, бұйрықта себеп ретінде ҚР Еңбек кодексінің 37-бабынын 1-тармағына және 49-бабының 3,9-тармақтарына сәйкес деп көрсетілген.


Жоғарыда көрсетілген құжатта тәртіптік комиссия ең бірінші мұғалімге қатысты «Қызметтік жазбада көрсетілген барлық факт бойынша, оның ішінде орыс тілді мұғалімдердің тілдік құқықтарының бұзылуы мен дұрыс емес мінез-құлқына қатысты объективті қызметтік тексеріс жүргізілсін», - деп жазылған мектеп директорының Orda.kz тілшісімен телефон арқылы әңгімесінде.
Оқиғаға қатысты пікірін әрі осы сөйлемді нақтырақ түсіндіруді сұрағанымызда Сағындық Қажыкен нақты осы сөйлемді есіне түсіре алмады. Директор ұстазбен арадағы болып жатқан даудың тек тіл мәселесінен туындағанын жоққа шығарды.
«Мен қазір сот процесі жүріп жатқан соң нақты ештеңе айта алмаймын. Бір ғана айтарым, бұл жерде тек тіл мәселесі емес, тек тілге бола Майгүл Құттықожаны жұмыстан шығарғанымыз жоқ. Сот әлі жүріп жатыр», — деп қысқа қайырды Қажыкен.
Әділетсіздікке тап болдым деген келіншек мұғалімді жұмыстан шығару бір күнде шешілетін мәселе емес дейді. Оның сөзінше, алдымен аудит шақырып, қызметкердің жұмысына тексеріс жүргізу керек. Егер шынымен мәселе болса, ұжым жиналыс өткізіп, бәрін талқыға салуы керек еді.
«Ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс деген кезең-кезеңімен жүретін тәртіп бар ғой. Бірақ мен ондай процесті байқамадым», — деді ол.
Осы істі жүргізіп жатқан заңгер Мейірман Шекеев азаматтық істің қазіргі жағдайын түсіндірді. Ол Instagram-дағы парақшасында ақпарат шыққаннан кейін, жұрт бірден мектептің 2GIS-тегі парақшасына кіріп, наразылық ретінде рейтингін төмендетіп тастағанын айтты.
«Майгүлдің үстінен сол мектепте жұмыс істейтін екі мұғалім «бізге орыс тілінде ақпарат бермейді» деп шағым түсірген. Олар Қазақстан көпұлтты мемлекет, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі деген уәжді алға тартқан. Соның негізінде мұғалімге қатысты тәртіптік комиссия құрылып, ақырында жұмыстан шығару туралы шешім қабылданған. Алайда мемлекеттік тілді білмейтін екі мұғалімге ешқандай шара қолданылмаған. Мемлекеттік тілді білу — бәріне міндет. Ендеше қазақша сөйлейтін, бірақ орысшасы әлсіз адамнан неге міндетті түрде орыс тілін талап етуіміз керек? Ең алдымен осыны түсініп алу қажет. Оның үстіне, бұл қызметкерді жұмысқа қабылдаған кезде еңбек шартында тілге қатысты нақты талаптар көрсетілмеген. Қазіргі таңда бұл іс бойынша екі сот отырысы өтті. Енді жұмыстан шығару туралы бұйрықта көрсетілген себептердің шынайылығын анықтау қажет. Дегенмен тәртіптік комиссияның өзінде «орыс тілді мұғалімдердің тілдік құқығы бұзылды» деген сөз жазылғанын ұмытпайық. Жалпы бұйрықты шығару барысында да бірқатар тәртіп бұзылған», — деді Мейірман Шекеев.
Азаматтық істің негізгі сот отырысы 5 ақпанда өтеді. Orda.kz алдағы уақытта сот процесіне қатысып ақпарат таратады.
Жаңалықтар
- Ермұрат Бәпи Назарбаевтар әулетінің билікке оралуы жайлы пікір білдірді
- «Орысша сөйлемедің деген сылтаумен жұмыстан қуды»: Алматыда жекеменшік мектеп пен мұғалім арасындағы дау неден шықты?
- Депутат жер шетелдіктерге сатылады деген қауесетке жауап берді
- Ұлытау облысында марганецті заңсыз өндірген ер адам сотталды
- Ақтөбеде өгей атасынан жүкті болған қыздың ісі бойынша сот шешімі шықты
- Ливияның бұрынғы көсемі Муаммар Каддафидің ұлын атып кетті
- Үндістан қазақстандықтарға 30 күндік визасыз режим енгізді
- Ресей мен Польша арасындағы дипломатиялық қатынас үзілуге шақ тұр
- Алматы облысында бір отбасы түгелдей ыстан уланып көз жұмды
- Зеленский ирандық ИРСК-ны террористік ұйым деп таныды
- «Биологиялық процесті лас, ұят деп қабылдайды»: Дина Төлепберген «етеккір» сөзінен бас тартуды ұсынды
- Ғұмырын сахна өнеріне арнаған Балтабай Сейітмамытұлы көз жұмды
- Қазақстан-Қырғызстан шекарасында не болып жатыр?
- Қарағанды облысында 4 жыл бойы темірді шетелге заңсыз шығарған кәсіпорын сотқа тартылды
- Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесіндегі рейтингінен шығып қалды
- Саясаткер жаңа Конституция жасауды ұсынды
- Төбелестен кейін жұмыстан кеткен Сәпиев бірден жаңа қызметке тағайындалды
- Қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді
- Украина ресейлік клубтарды Еуропа додаларына қатыстыруға қарсылық танытты
- Талдықорғанда ер адам әйелі мен 3 жастағы баласын аяусыз соққыға жықты