«Орда» үшін талас-тартыс тоқтар емес: редакцияны басып алудың жаңа амалы

cover Коллаж: Orda.kz

Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким «Орда» редакциясын өз бақылауына алу үшін түрлі әрекеттерін доғарар емес. Ол бұл жолы бұрынғы күзетшісі, яғни қазіргі өкілі Мақсат Ғаниев арқылы іске кіріскен. Ким басылымның негізін қалаушы, бас редактор әрі директор Гүлнәр Бажкенованы қызметінен шеттетіп, орнына өзі келуді көздеп отыр. Осы мақсатта ол құрылтайшылардың жиналысын өткізбек.

«Орда» редакциясы бұл тегеурінді қабылдап, кезекті рейдерлік шабуылға қарсы тұруға дайын екенін мәлімдейді.

Не болды?

21 қазан күні кешкі сағат алты шамасында редакцияға Мақсат Ғаниевтің аты жазылған хат келді. Хатты ашып қарағанда оның мәні бесенеден белгілі болды. 1 желтоқсанда өтетін кезектен тыс құрылтай жиналысында Вячеслав Кимнің сенімді өкілі Гүлнәр Бажкенованы «Орда» басшылығынан шеттетіп, оның орнына өзі келмек. Былайша айтқанда, ол тағы да басылымды күшпен тартып алу үшін тыраштанып жатыр.

Мұндай әрекеттер биыл көктемде басталған еді. Мәселен, 23 мамырда Гүлнәр Бажкенова мен «Орда» редакциясына осындай мазмұндағы хат түсті. Сол кезде хат Вячеслав Кимнің жеке заңгері Виталий Панның қолымен жіберілген еді. Онда 30 маусымда Пан мен Ғаниевтің қатысуымен өтетін құрылтай жиналысы жайлы хабарланып, Гүлнәр Бажкенованы «Орда» басшылығынан шеттету көзделгені жазылған. Кейін де осындай бірнеше хабарлама келді. Мазмұны өзгермеді, тек жиналыс күндері ауысып отырды. 8 шілдеде Гүлнәр Бажкенова сол жиналысқа өзі барды. Онымен бірге «Орда» редакциясының түсірілім тобы да ілесіп барған еді.

«Маған ультиматум қойылды: мен өз компаниямды мүлде танымайтын біреуге — Мақсат Ғаниевке беруім керек екен», – деді Гүлнәр Бажкенова. 

Алайда сол күні Мақсат Ғаниев те, Виталий Пан да жиналысқа келмеді. Бейнекамераға түсіп қалудан қорыққан сияқты. Олардың орнына бейтаныс заңгер келген. Осылайша рейдерлік жолмен басып алу әрекеті тоқтатылды.

Осы жолы бізді не алаңдатады? Зымыраған уақыт! 21 қазанға қараған түні сағат екіде «Орда» адвокаты Мұрат Адам eOtinish порталы арқылы Қаржы мониторингі агенттігіне өтініш жолдады.

Ол Гүлнәр Бажкенованың «OrdaMedia.kz» серіктестігіндегі 70 пайыз үлесін рейдерлік жолмен тартып алу дерегін тергеу қажеттігін мәлімдеді. Сондай-ақ агенттік төрағасы Жанат Элимановпен және «Орда» негізін қалаушысымен жеке кездесу өткізуді сұрады.

Бірақ арада небәрі 16 сағат өткен соң, 21 қазанда сағат 17:38-де — Вячеслав Кимнің өкілі атанған Мақсат Ғаниевтен жаңа қауіп төнді. Бұл жай сәйкестік пе? Қаңтар айынан бері толастамаған кибершабуылдар мен түрлі арандатулардан кейін біз енді «сәйкесе қалатын ұшы-қиыры жоқ, шым-шытырық оқиғаларға» сенуді қойдық.

«Бұл мәселе тек Қаржы мониторингі агенттігінің орталық аппаратында ғана шешіледі деп санаймыз. Сол себепті агенттік төрағасы Жанат Элимановтың жеке қабылдауына жазылдық. Барлық заңды негіздерді көрсетіп, қажетті құжаттардың бәрін қоса тапсырдық. Көріп отырғанымыздай, өтінішіміз 21 қазан күні таңғы тоғыз шамасында тіркелгеннен кейін, сол күні-ақ Мақсат Ғаниев жауап ретінде әрекетін бастады»,
 деді Мұрат Адам.

Не себепті Гүлнәр Бажкенованың «Ордадағы» 70 пайыз үлесін басып алу ісі деп тергеу керек?

Барлығы 2022 жылдың қаңтарында басталды. Сол кезде «Орда» контентіне көңілі толмайтындар пайда болып, редакция саясатына араласуға тырысты.

Алайда Гүлнәр Бажкенова өзгеріс енгізуден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ оған көрсетілген қысым күн сайын күшейе түсті.

Араға бір жыл салып, 2023 жылдың қысында жағдай шегіне жетті.
Оған ультиматум қойылды: не ол компаниядағы үлесінің басым бөлігін береді, не «Орда» редакциясы толығымен жұмысын тоқтатады.

Бұл сөздер Вячеслав Киммен өткен кездесуде айтылған еді. Күштеп қысым көрсетілген соң, Гүлнәр Бажкенова келісуге мәжбүр болды. Ал мәміленің заңды рәсімін Виталий Пан жүргізді.

«Менің алдыма екі таңдау қойды. Не «Орда» жабылады, не мен құжаттарға қол қойып, компанияны бұрын-соңды көрмеген адамға тапсырамын. Содан маған осымен барлық қысым тоқтайды, тіпті бұл маған «қорған» боламыз деп уәде берді. Сол сәтте мен рухани жағынан күйзелдім. Бойымда әл-дәрменім қалмаған еді. «Орданы» аман алып қалу үшін құжаттарға қол қойдым. Кейін адвокаттармен бірге бұл істі қарағанда, тіпті менің қолыма үлес беру туралы келісімшарттың көшірмесін де бермегендері анықталды. Ал Виталий Паннан сол құжатты сұрағанымда: «ештеңе бермейміз» деп жауап қайтарды», — дейді Гүлнәр Бажкенова.

Осылайша 2023 жылы Гүлнәр Бажкенованың «Ордадағы» 70 пайыз үлесі оған беймәлім Мақсат Ғаниевтің қолына өтті.

«Мен баса айта кететін жайт, сол 70 пайыз үлес үшін бір тиын да алған жоқпын.
Ал ақпараттық шабуылдарда менің қолыма миллиондар тиді деп айтылады. Бұл жалған ақпарат. Құжат жоқ, ақша жоқ. Демек, бұл рейдерлік жолмен басып алғандарының айқын дәлелі», — деді Гүлнар Бажкенова. 

Ал биыл маусым айында басылымның негізін қалаушы күтпеген жайтты байқады. Оның аты-жөні «Азаматтарға арналған үкімет» базасындағы «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің құрылтайшылар тізімінен мүлде «жоғалып» кеткен. 2020 жылдағы компания алғаш тіркелген кездегі, 2021 жылдағы және 2023 жылдағы екі мәрте өзгерістер туралы барлық хабарламалар өшірілген. Мемлекеттік база Гүлнәр Бажкенова туралы деректерді «ұмытып» қалғандай, бәрін де тып-типыл еткен. Оның жеке eGov парақшасында да ешқандай хабарлама болмаған.

Өшіре алмаған жалғыз дерек — компанияның екі жыл бойы Гүлнәр Бажкенованың Назарбаев даңғылындағы пәтері мекенжайы бойынша тіркелгені.

eGov жүйесінен «жоғалған» деректер неге құжаттарды қолдан жасау ретінде саналмайды?
2023 жылы қысыммен берілген үлес неге рейдерлік басып алу ретінде қаралмайды?
Ең бастысы — неге осының бәрі әлі күнге дейін тергелмей отыр?

Ендігі жағдай қалай болмақ?

«Орданың» адвокаты Мұрат Адамның пікірінше, Ғаниевтің жаңа шабуылы — Гүлнәр Бажкенованы құқықтық тұрғыда қорғансыз қалдырып, рейдерлік жолмен басып алынған үлесті қайтару мүмкіндігінен айыруға бағытталған әрекет.

«Бұл — әдейі жасалып жатқан іс. Мақсат — Гүлнәр Бажкенованың қолын біржола байлап, «Орданы» Мақсат Ғаниевтен қорғауға құқықтық негіз қалдырмау. Бәрі осы мақсатта ұйымдастырылған», — дейді Мұрат Адам. 

Алайда «Орда» да басып алушылардың кезекті шабуылына қарсы тұруға дайын. Осы редакциялық мәтін арқылы біз Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановқа ресми түрде үндеу жолдаймыз. Элимановтан Гүлнәр Бажкеновамен және адвокаты Мұрат Адаммен кездесу ұйымдастыруды сұраймыз.

Сонымен қатар біз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен сот арқылы күресуді жалғастырып, eGov жүйесіндегі «OrdaMedia.kz» ЖШС-нің құрылтай құжаттарына тәуелсіз IT-сараптама жүргізуді талап етеміз.

Біз аудиторларды шақырамыз. Олардың қорытындысынан кейін Вячеслав Кимнің сенімді өкілі Мақсат Ғаниевке қарсы Гүлнәр Бажкеновадан тартып алынған «Орданың» 70 пайыздық үлесін өтеу туралы талап арыз түсіреміз. Ең бастысы — біздің камераларымыз әрдайым қосулы тұрады. Бұл — біздің басты қаруымыз. Басымызға төнген қиындықты да, мерейіміз тасыған сәттерді де ашық көрсетеміз.

Қадірлі оқырман, бұл қысымдарға қарамастан, жұмысымызды істеп, оқырмандарға елдегі оқиғаларды бүкпесіз жариялауды тоқтатпаймыз.  

Бұл бір емес, бұған дейін де болған жағдай. Тәуелсіз басылымға жан-жақтан шабуыл жасалды. Осы секілді қитұрқы әрекеттердің ішінде ең қорқыныштысы — қызметкерлеріміздің жеке деректерін, жеке телефон нөмірлерін алып, түрлі жарнамаларға салып жатқандығы. Тәуелсіз басылымды құрықтау үшін тіпті бас редактор Гүлнәр Бажкенованың қайтыс болғаны жайлы жалған ақпаратты жалған парақшалар арқылы таратты. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар