Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты - әуе компаниясының бас директоры көпшілік алдында кешірім сұрады

cover видеодан скриншот

29 желтоқсанда Оңтүстік Кореяда жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Қайғылы жағдайдан кейін ұшағы апатқа ұшыраған әуе компаниясының бас директоры халық алдына шығып, кешірім сұрады, деп хабарлайды Orda.kz.  

«Біріншіден, 29 желтоқсан күні сағат 09:03 шамасында Бангкоктан қайтып келе жатқан ұшақтан өрт шығып, Муан халықаралық әуежайына қонды,  жақындарынан айырылған жолаушылар мен қаза болғандардың отбасыларынан басымды иіп, кешірім сұраймын. Қазіргі уақытта апат себебін анықтау қиынға соғып, тиісті мемлекеттік органдардың тергеу туралы ресми мәлімдемесін күтуге тура келеді. Мен бас директор ретінде жауапкершілікті өз мойныма аламын» делінген авиакомпанияның Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған хабарламада.

Сондай-ақ, Джеджу әуе жолдарының қайтыс болғандар мен тірі қалған жолаушылардың отбасыларына жедел дайындық пен қолдау көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтыны хабарланды.

«Біз апат себебін анықтау үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Апат салдарынан жақындарын жоғалтқандар үшін  дұға етемін және қаза болғандардың отбасыларынан шын жүректен кешірім сұраймын», - деді әуе компаниясының бас директоры. 


Соңғы алдын ала мәлімет бойынша, Оңтүстік Кореяның Муан әуежайында Jeju Air жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, құрбан болғандар саны 85 адамға жеткен. Әзірге екі адамның: бір экипаж мүшесі және бір жолаушының құтқарылғаны хабарланды.

Құтқарылған екеуінен басқа ұшақтағы адамдардың барлығы қаза болуы мүмкін.

Бангкоктан қайтып келе жатқан Jeju Air ұшағының бортында барлығы 181 адам, оның ішінде алты экипаж мүшесі болған.

 Orda.kz бұған дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың  Оңтүстік Кореяда апатқа ұшыраған ұшақ бортында қазақстандықтардың болмағанын мәлімдегенін жазды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар