Олимпиадағы жүлделі орындары үшін оқушылар 65,5 миллион теңге алды

cover

Елімізде 23 оқушы әлемдік олимпиадалардағы жүлделі орындары үшін 65,5 миллион теңге алды.

Жыл басынан бері 23 оқушы ең беделді жеті әлемдік олимпиадада екі алтын, 11 күміс және 10 қола медаль жеңіп алды. Оларға IMO, IphO, IChO, IBO, IGeO, IOI және IOL жатады. Білім министрі Ғани Бейсембаев жеңімпаздар, жүлдегерлер және олардың ұстаздарымен кездесті.

«Біздің оқушылар еліміздің туын әлемдік аренада мақтанышпен көтеріп, математика, физика, химия, биология, география, информатика сияқты іргелі ғылымдар бойынша лайықты нәтиже көрсетті. Балаларымыздың жетістіктері ұстаздардың еншісінде. Мемлекет дарынды оқушыларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Өткен жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған ұстаздарға біржолғы сыйақы беріліп келеді. Биылғы жылы әлемнің ең беделді жеті олимпиадасында жүлдегер атанған 23 оқушыға 65,5 миллион теңге, 20 мұғалім 6 миллион теңгеге жуық ақшалай сыйлыққа ие болды. Бұл шаралар бірінші кезекте олимпиадашылардың беделін арттыруға және отандық ғылымның болашақ жұлдыздарын қалыптастыруға бағытталған», – деді Ғани Бейсембаев.


Алтын медаль үшін 1500 АЕК (5 175 000 теңге), күміс медаль үшін 1 000 АЕК (3 450 000 теңге), қола медаль үшін 500 АЕК (1 725 000 теңге) ақшалай сыйақы қарастырылған. Алтын медаль иегерін дайындаған мұғалімге – негізгі жалақының 26,5 еселенген, күміс – 17,5 еселенген, қола – 8,5 еселенген қаражат төленеді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар