«Неке қиғанымызға небары 8 ай»: Сорбұлақтағы тікұшақ ұшқышының келіншегі жан сырын ақтарды

cover Фото: Orda.kz

Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасына батып кеткен EC-145 тікұшағында болған Аман Амангелдінің жары отбасын құрғандарына небары 8 ай болғанын айтты, деп хабарлайды Orda.kz. 

Журналист Гүлмира Әбіқайдың желідегі парақшасында әскери тікұшақта болған ұшқыштың жары Нұрайдың жан тебірентерлік үндеуін айтты. Жазбада Нұрай мен Аман осыдан небары 8 ай бұрын шаңырақ көтергені жазылған.

«Табылмаған тікұшақ ішінде менің жан жарым қалды. Некеміз қиылып, отбасын құрғанымызға  8 ай ғана болды. Тікұшақта ұшқыштар белдігін тағып отырады ғой, сол себепті шыға алмай қалған болуы мүмкін. Әйтпесе, секіріп аман қалуға болар ма еді?», – деді жас келіншек.

«Тікұшақ құс емес қой, сонда қайда жоғалды?» дейді ұшқыштың туыстары. Радардан Отар маңында жоғалған тікұшақтың бөлшектері 200 шақырым жерден, Сорбұлақ маңынан табылды. Алайда, нақты мәлімет аз, алып-қашпа әңгіме көп. Көлдің түбі — батпақ, лайлы. Алматының кәріз сулары құйылатындықтан, іздестіру жұмыстары қиындады. Қазір тікұшақта болған үш азаматтың туыстары үміт пен үрейдің ортасында отыр.

Айта кетейік, 25 шілдеде Алматы облысында әскери тікұшақ радардан жоғалып кетті. Бортта үш экипаж мүшесі болған. Ал 28 шілдеде тікұшақтың сынықтары Сорбұлақ маңынан табылды. Күні кеше қорғаныс министірі Дәурен Қосанов  Сорбұлаққа келіп іздестіру-құтқару жұмыстарын бақылап кетті. Осымен іздестіру жұмыстары алтыншы күнге қарады.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар