Назарбаев Қытайдың Қазақстандағы елшісін қабылдады

cover

Назарбаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоны қабылдады.

Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

Ол елшіні Қытай коммунистік партиясының құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтап, Қытай коммунистік партиясы Орталық комитеті бас хатшысы Си Цзиньпинге жылы лебізін жолдады.

– Бүгін Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдығы аталып өтілуде. Төраға Си Цзиньпинді және барша қытай халқын осы айтулы күнмен құттықтаймын. Осы жылдар ішінде Қытай Халық Республикасы алға қарай үлкен қадам жасады. Коммунистік партияның жоспары Қытайдың әлі де нығайып, дами беретінін көрсетіп отыр, – деді Қазақстанның экс-президенті.

Назарбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестіктің дамуының оң қарқынын атап өтті.

– Қытай Халық Республикасы әлемдік ауқымдағы қуатты мемлекетке айналды. Экономикасы дүние жүзі бойынша екінші орында және технологиялық даму деңгейі жоғары. Кедейлікпен күрес мәселесінде де Қытай үлкен қадам жасады. Мен әрдайым біздің қарым-қатынасымызды қолдап келемін, – деді Назарбаев.

Өз кезегінде Чжан Сяо Елбасыға құттықтауы үшін алғысын білдіріп, 1 шілде – Қытай Коммунистік партиясы мүшелері үшін ең ерекше әрі ұмытылмас күндердің бірі екенін айтты.

– Сізге жақын досыңыз төраға Си Цзиньпиннің ең ізгі тілегі мен ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Сіздің 6 шілдеде өтетін Әлемдік саяси партиялар көшбасшыларының саммитіне қатысу туралы шешіміңізді жоғары бағалаймыз. Бұл өте маңызды оқиға, – деді елші.

Чжан Сяо жиынға Назарбаевтың қатысуы Қазақстан-Қытай қарым-қатынасын дамытуға және Қытай коммунистік партиясы мен Nur Otan арасындағы партияаралық байланысты арттыруға серпін беретінін атап өтті.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар