Наразылық білдірген краншыларға қысым көрсетілуде

cover

Аймақтық әкімдіктер мен арнайы қызметтер тарапынан мұнара кран машинистерінің жаппай шағымдарынан кейін құрылыс компанияларында тексерістер жүруде. Наразылық акциялары Алматы, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент және Түркістанда өтті.

ORDA. журналисі Аделаида Әуеспекова елордалық краншылар Нұрия Қабдулдинова мен Айдар Меңлібековпен кездесті. Жұмысшылар ереуілге шығуға мәжбүр болғанын және наразылық акциясының салдары қандай болғанын айтты.

– Бұл ереуіл емес, жалпы жиналыс болды, деп түсіндірді 17 жасынан бастап краншы болып жұмыс істейтін Нұрия Қабдолдинова.

Өткен жылы 8 наурыз қарсаңында Нұр-Сұлтан әкімдігі Нұрия туралы ролик түсірген. Бұл видеода әйел өз жұмысын қалай жақсы көретінін және оның еңбегінің арқасында шөл далада биік үйлер пайда болғанын, шалшықтар мен шұңқырларға толы жалаңаш дала астаналықтар үшін жайлы ортаға айналатынын айтты.

Әйел 35 жыл жұмыс істеп, жетістіктері үшін сыйақы алып жүріп, заң бұзушылық бабы бойынша жұмыстан босатылды. Бұл «Жерұйық» саябағындағы құрылыс мұнаралары мен краншы-машинистерінің жалпы жиналысынан кейін орын алған оқиға.

Әкімшілік видеосы

«Біздің еңбек бағаланбайды»

«Жерұйық» саябағындағы жиналыс – бұл ауқымды, жоспарланған акция, оған әр түрлі құрылыс компанияларында жұмыс істейтін мұнара крандарының машинистері келді. Жұмысшылар жалпы үш рет жиналды. Алғашқы жиналыстар 12 ақпанда кешке өтті. Кран машинистері қоғам мен жұмыс берушілерге мәселелерді шешу және лайықты еңбек жағдайларын жасау қажеттілігі туралы талаптарын жеткізді.

Краншылар әр түрлі себептермен кешіктіріліп, қысқартылатын жалақыға шағымданды. Мысалы, жұмысшылар жұмыс орнына келіп, ауа райына байланысты кран көтерілмегендіктен, қызметкерлерге жалақы төлеуден бас тартқан жағдайлар орын алды, дейді Қабдолдинова.

– Бізге жұмыс күні деп есептелмейтін күндер болды деп айтылды. Біздің жұмысымызда көп нәрсе ауа-райына байланысты. Нұр-Сұлтанда ауа райы он рет өзгеруі мүмкін: жел, жаңбыр, аяз. Бірақ адам құрылыс нысанына келді. Демек, жалақыны төлемей қоюға себеп болмады. Біз үйде жатпай, жұмыс орнында болдық. Бұл заңсыз. Ондай жағдайда нақты күн алдын-ала жариялануы керек. Сол кезде адам өз ісімен айналыса алады және таксиге ақша жұмсамайды.

Жұмысшылардың көпшілігі жалдамалы пәтерлерде тұрады немесе жеке тұрғын үй үшін ипотека төлейді. Кешіктірілген жалақы оларды қарыз алуға мәжбүр етті. Сонымен қатар, белгілі болғандай, краншылардың көбісінде тиесілі форма жоқ, біразы жұмыста тамақтанбайды, көбінің еңбек шарттары жоқ, демалыс және медициналық жәрдемақы төленбейді.

– Көптеген компанияларда краншылардың жұмысы бағаланбайды. Мұнара крандарынсыз биік ғимараттар салу мүмкін емес. Шарт бойынша біз 180 мың теңге алу керекпіз. Бұл үлкен сома емес. Оның 170 мыңы ипотекаға кетіп қолымызда 10 мың қалады. Бұл ақшаға не келеді?! Тіпті қажет азық-түліктер ала алмайсың.

«Өз құқықтарын қорғайтын адамдар бәріне ұнай бермейді».

Машинистер аптасына 40 сағат жұмыс істеуі керек, ауысым кестесі 2/2 немесе 15/15. Олар үстеме жұмыстармен бірге айына 210 мың теңге табады. Краншылар басқа да жұмыстарға орналасады. Біреу басқа фирмада жұмыс табады, ал біреуі көлігімен адам тасып жүр. Бұның бәрі жұмыс беруші жалақыны кешіктірген кезде адамдардың амалдағаны.

Нұрия Қабдолдинованың айтуынша, қаңтар айында компания жалақыны қысқартқан кезде жағдай күрделене түскен. Біреулер тиесілі 180 мың теңгенің орнына 120, біреулер 130 мың теңге алды. Ашуланған қызметкерлер құрылыс алаңына жиналып наразылық білдіре бастады. Оларға техникалық ақаулық орын алғандығы, жалақы толығымен төленетіні түсіндірілді.

– Мен ашық сөйлеп, басшылыққа ыңғайсыз сұрақтар қоя бастадым. Содан кейін бастық: «Сіздің жиналысқа барғаныңызды білемін», деді. Иә, мен жиналыстарға қатыстым. Бұл менің өз еркім. Мен жұмыс кезінде кранды тастап кетпей, бос уақытымда жиналыстарға бардым.

Осы оқиғалардан кейін, көп ұзамай Нұрия жұмыс орнында үш сағаттан артық болмағаны үшін жұмыстан босатылды. Ол шынымен жұмыс орнында болмаған. Бірақ бұған себеп бар, деп түсіндіреді Нұрия.

– Компанияда ауысым кестесі болды, ауысушылар кім және қашан шығатыны туралы келісіп, содан кейін журналға бір-біріне қол қойды.

– Басшылық бұл туралы білді. Олардан шағым болған жоқ. Тек жұмыстан босату үшін себеп қажет болған кезде осындай сұрақтар туындады. Көп сөйлейтін және өз құқықтарын дәлелдейтін адамдар бәріне ұнай бермейді. Мені ыңғайсыз адам ретінде жұмыстан шығарып жіберді. Оның үстіне, олар жұмыстан шығару туралы алдын ала ескертпеді.

– Қоңырау шалынды деп айтылғанмен, маған ешкім хабарласпады. 18 ақпанда мен жұмыстан босатылдым, хабарлама тек 21 ақпанда пошта арқылы келді. Жұмыстан босатылғаныма үш күн болыпты. Мен мұны жұмыс берушіден емес, жеткізушіден білдім.

Жұмысшы наразылық білдіру үшін кранға көтерілді

Жұмыс жиналыстарының тағы бір белсенді қатысушысы, көп балалы әке Айдар Меңлібеков Нұрия Қабдолдинова сияқты компанияда жұмыс істеді. Ер адам қазан айынан бастап жалақыны кешіктіре бастағанын, БЖЗҚ-ға ақша аударуды, медициналық сақтандыруды төлеуді тоқтатқанын айтады.

– Менің отбасым үлкен. Төрт балам бар. Бізге 500 мың теңге де жетпейді. Оған қоса ипотека мен несие бар. Үлкен қызым қосымша курстарға барады, пандемияға байланысты оқу процесі толық емес. Мен оған 180 мың теңге жалақыға жоғары оқу орнына түсуге қалай көмектесе аламын?!

Жалақыны көтеру туралы мәселе 2019 жылдың қараша айында туындады. Жұмысшылар бас директордың атына хат жазды. Ол кездері басшылық қызметкерлерден күте тұруды сұрады. Содан кейін пандемия орын алып, жұмысшылар басшылыққа қысым жасамады. Бәрі орнына келе бастаған кезде, олар қайтадан жалақыны көтеруді талап ете бастады.

– Жалақыны көтеруден бас тартқаннан кейін, жұмыс істеуге құлшыныс болмады. Қателеспесем, 11 адам жұмыстан шығу туралы шешім қабылдады. Мен бас директордың атына жұмыстан шығу туралы өтінішті өз еркіммен емес, қызметкердің бастамасы бойынша жаздым, өйткені жұмыс беруші еңбек шарты бойынша өз міндеттемелерін орындамады. Басында олар мұндай тұжырымға келіскен сияқты болды. Бірақ содан кейін олар акт қабылдарда арызды «өз еркімен» жазды деген үйғарым шығарды, дейді Меңлібеков.

Жұмыстан босатудың тұжырымдамасы неге маңызды екенін түсіндіре кеткен жөн. Еңбек заңнамасы бойынша еңбек шартының талаптарын бұзған жұмыс беруші жұмыскердің бастамасы бойынша шартты бұзған кезде өтемақы төлеуге міндетті.

Меңлібеков кранға көтеріліп, шамамен 18 қабатты ғимараттың биіктігінде төрт сағат өткізді. Ол жұмыстан босату туралы акт түзетілгенге дейін түсуден бас тартты. Полиция мен еңбекті қорғау жөніндегі инспекторлар келді. Краншыдан өтініш қабылданды.

Келесі күні ол жұмысқа келгенде, күзетшілер оны «кадр бөлімінің бұйрығымен» нысанға кіргізбеді.

Жұмыстан шығарылған краншылар әділеттілікке қол жеткізуге ниетті. Меңлібеков әкімдікке жеке пикет өткізгісі келетіні туралы хабарлама жолдады. Одан тексеру аяқталғанша күтуді сұрады.

Қалғандар не дейді?

Біз жұмыстан шығарылған краншылардың бұрынғы әріптестерімен байланысуға тырыстық. Бірақ олар түсініктемелерден бас тартты. Мұны «жалақыны көтерді, пікір берсек жұмыстан шығаруы мүмкін» деп түсіндірді.

Нұрия Қабдолдинова мен Айдар Меңлібеков еңбек еткен кәсіпорынның баспасөз қызметімен немесе басқа өкілдерімен байланысу әрекеттері де сәтсіз болды. Біз материалда компанияның атауын және басшылардың аттарын жарияламау туралы шешім қабылдадық. Себебі тексеру аяқталмады.

Редакциядан: Краншылардың бейне үндеуі желіге таралғаннан кейін, жұмыс берушілердің көпшілігі жеңілдіктер жасап, жұмысшылардың жалақысын көтерді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне журналистік сұраныс жіберілді. Онда біз жұмысшылардың жұмыстан шығарылу себептерін түсіндіруді сұрадық.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар