Нәпақа іздеген қазақстандықтар Мьянмада құлдыққа түсті

cover Фото: freepik.com

Нәпақа табу үшін Таиландқа кеткен қазақстандық төрт азаматтың Мьянмада құлдыққа түскені белгілі болды, деп хабарлайды Orda.kz. 

Олар адам саудасымен айналысқан топтардың қолына түскен. Мьянмада алаяқтықпен айналысатын орталықтарда жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ол жерде еліміздің азаматтарынан бөлек, Өзбекстанның екі азаматы және Қырғызстаннан жеті адам болыпты. Дипломаттардың көмегімен зардап шеккендерді еліне қайтаруға мүмкіндік туды.

Жәбірленушілердің айтуынша, оларға Таиландта жоғары ақы төленетін онлайн жұмыс ұсынған. Тегін әуе билеттері берілген. Бірақ Таиландқа келгеннен кейін Мьянмаға заңсыз апарып, ұрып-соғып, қоқан-лоққы көрсетіп, жұмысқа салған.

Қырғызстанның Таиландтағы дипломатиялық өкілдігінің жоқ екенін ескеріп Қазақстан мен Өзбекстан дипломаттары қырғыздардың өтініші бойынша олардың да отанына оралуына жәрдем берді.

Еске салайық, Мьянмада 28 наурызда болған жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 1600-ден асты. Ғимараттар қирап адамдарды басып қалды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мьянмадағы жер сілкінісі салдарынан өте көп адамның қаза болғанын естігенде премьер-министр Мин Аун Хлайнға және қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар