Нан іздеген 18 жасар Нұрлыбектің қазасы. Тұраровтардың әкімге айтар уәжі

cover Әскер оғынан жазықсыз қаза тапқан Нұрлыбек Тұраров және оның қабірі. Фотоколлаж: Orda.kz

Алты бірдей ер адамы бар үйдің отанасы Ғалия Бақытжанқызы әдетте тойымды болсын деп табаға нан жабатын. Туыстары мен оқиға куәгерінің айтуынша, анасы ауылға кеткен уақытта, 6 қаңтарда күндіз нан іздеп көшеге алғаш шыққан, 18 жастағы ортаншы ұл Нұрлыбек Тұраров әскерилер атқан оқтан қайтыс болған. Жаназасынан кейін екі жұма өткенде эксгумация жасалған. Тағдыр тауқыметін тартқан көпбалалы отбасы Сағынтаевтың жауабына елеңдеп отыр. Биліктен күтері – әділ тергеу мен көп жылғы қолжетпес баспана жыры.  

«Әскер бейбіт азаматтар отырған көлікке оқ жаудырды»

– Екеуіміз үнемі бірге жүруші едік. Нан алып қайтуға шықтық. Қалқаманның ішіндегі дүкендер жабық тұрды. Ақсай-нан ашық екен деп естідік көшедегі адамдардан. Барсақ абыр-сабыр адам, нан жоқ болып шықты. Содан үйге қайтайық деп көлік тоқтаттық. Райымбектің бойында кейбір адам қол бұлғап жатты. Бастапқыда түсінбедік. Сөйтсек артқа қайтыңдар деп ескерткені екен, – деп баяндай бергенде тамағына өксік тығылды.

Қалқаманға қарай көтерілу үшін көлік ауруханадан кейінгі айналма көпір арқылы бұрылмақ болған. Лада маркалы көліктің артқы тар салонында үш кісінің ортасында ең бойшаңы Нұрлыбек отырған.

– №7 ауруханаға қарсы орналасқан Helios жанармай бекетінің тұсында көлікке оқ атылды. Бас  бұғып еңкейдік. Көлік кері бұрылып, жүрісін тоқтатпады. Кемінде 10-15 оқтың тигені естілді. Атыс басылды-ау дегенде басымды көтеріп, жанымдағы Нұрлыбектің қансыраған күйін көріп шошып кеттім. Еңкейіп үлгермепті... Артқы терезеден бас жағына тиіпті. Анық көргенім, АЖБ түбінен әскерилер қарумен атқылағаны. Сол бетте жүргізушіден көлік өшкенше айдауын өтіндім, Саин-Райымбектің қиылысына дейін шыдады. Ары қарайға жарамай қалған соң салондағы адамдар түстік. Жедел жәрдемге хабарласқанымызда өздерің көлік тауып келіңдер деді. Айқайлап-жылап жатып өткен-кеткендерден көмек сұрадым. Бір қария соңғы жанармайымен ауруханаға жеткізіп салды. Сайран жақтағы клиниканың есігін қақтық, жабық болды. Орталық ауруханаға бардық, шамасы оқ тиген мезетте жүріп кетті, – деп қынжыла айтты.

Нұрбек досына, ол кураторына жеткізген. Мұғалімі Тоғжан Әжіқұл үйдегі әкесіне хабарласып естірткен.

Аспаздық оқуда білім алып жүрген, арманы зор Нұрлыбек Тұраров шеберлік сағатында. Фото: отбасылық мұрағат

«Бір туғанымды екі жерлегені жанға батты»

Есік аузында көп күтпеген Нұрбекке дәрігерлер Нұрлыбектің ауруханаға жетпей қайтқанын айтып, марқұмның денесін мәйітханаға жөнелткен. Кәмілет жасына жаңа толған бозбала үш жерінен жараланған, оқ тиген жері: басының сол жақ тұсы мен жүрегі, оң қолы. Оқтары алынбаған денесі сот-медицина сараптамасы жасалмастан, өлімін растайтын медициналық анықтамамен табысталған.

Кеш қарая жеткен суыт хабардан Ғалия қатты күйзеліске ұшыраған. Ол оқиғаның Қызылордада туыс жеңгесінің қазасына кеткен кезінде болғанына өкінеді. «Үйде нан жабатын мен болмаған соң сатып алуға тура келген. Бір ұлым тамақ істеп жатқан. Әкесі мен бауырларына кешкі асқа нан әкелмек оймен дүкенге шыққан. Әйтпесе, оған дейін шеру күндері сыртқа аттап баспаған» дейді қара жамылған ана. Кенже ұлы кішкентай болғандықтан, көп шаруаға қолғанат ретінде Нұрлыбекті жұмсап келген.

Мүрдені туыстарына келесі күні берген. Қаңтардың 8-і қарашаңырақ, ата-әжесінің үйінен шығарылып, жерлеген.

Ұрыс оғынан қатты жарақаттанып көз жұмған бейбіт тұрғын Нұрлыбек Тұраровтың өлімі туралы мәйітхана берген медициналық анықтама. Фото: отбасылық мұрағат

– ...Үміт артқан арқасүйерімнен дәл 18 жас 2 ай 6 күн болғанда айырылдым. Қыз орнына жұмсап отырған жаным жалау тұтқаным еді. Шаруаға қыры бар, арманы үлкен, мейірбан перзент болды. Алланың жазғаны ма екен... Қия баспай, түзу жүретін ұлымнан дәл осылай көз жазып қалам деп еш ойламаппын. Атқандарды бір құдайға тапсырдым, – дейді қайғының уыты қапқан Ғалия.

22 қаңтарда түс өте Қаскелеңдегі Полиция басқармасы тергеушілері жақындарының қарсылығына қарамастан мәйітті қабірінен қазып алып, эксгумация жасаған. Сотмед сараптау кезінде марқұмның денесінде қалып қойған екі оқ алынған. Марқұмның туыстарының айтуынша, қаңтардың 24-і өз қаражатына көлік жалдап әкеп, қайта жерлеген.

Әділдікке жаны құмар Нұрлыбек болашағынан зор үміт күттіретін

Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығында 3-курсын аяқтап үлгермеген марқұмның кураторы Тоғжан Әжіқұл студентін елгезек әрі белсенді болғанын айтады. Аспаздық өнерді үйреніп жүрген.

– Жақсы оқитын, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын. Ашық, ақ көңіл әрі алғыр еді... көрген адамына көмектесуге дайын тұратын. Менің тобымдағы ұлдардың арасындағы ең белсендісі еді. Не мәселе болса да бірінші оған тапсырушы едім. ...Ел шеруге шыққан 4-інен бастап студенттерге хабарласып қадағалап отырдық. Шықпаңдар дегем. Ол өзі де «апай, ондайға араласпаймын, білесіз ғой» деп еді. Шеруге шығып, бірдеңені бүлдіретін бала емес, – деп еске алады колледж жетекшісі.

«Митингтің не екенін білмейміз» деген жігіттер күштік құрылымдардың еш себепсіз-ескертусіз талтүсте осылай қаруды оңды-солды қолданады деп ойламаған. Тіпті жол бойында арнайы жасақ күзетіп тұрғанын білмеген. «Үйде отырдық. Интернет болмады. Қай жерде атыс болып жатқанын білетіндей көшеге шыққамыз жоқ» дейді Нұрбек. 

– Ол сияқты досым жоқ болатын. Үйдегі бауырымнан артық жақын тарттым. Ешкімнің ала жібін аттамайтын, біреудің бес тиыны қалып қойса, апарып қайтарып беретін. Адалдығына көз жеткізгенім сонша – Каспий қосымшамның, желідегі парақшаларымның паролін білетін. Үнемі ролик тебуге барушы едік. Шығарда бірге осындай ашамыз, бірге көтеріліміз дейтінбіз. Қақ-соқпен ісі жоқ түзу жүретін. Ата-анасын керемет сыйлайтын, үй шаруасына тап-тинақтай, намыстанбай істейтін. Үйіне барып қалсам, сыпырып-тазалап, ыдыс-аяқ та жуа беретін. Тіпті менің үйіме келгенде анам жоқта тамақ істейтін. Қашан болмасын айналасына көмектесуден аянып қалмайтын, – деп сипаттайды жан досы деген Нұрлыбекті.

Оң жақта сөмке асынған Нұрлыбек Тұраров. Фото: Instagram

Керегесі тар, жаны мен жарасы көп отбасыға қолдау керек

Тұраровтар отбасы Наурызбай ауданына қарасты Қалқаман ықшам ауданында пәтер жалдап тұрады. Көпбалалы отбасының тұрмысы нашар, ақша үнемдеу үшін нанды үйде жабады. Бес бала мен ата-анасының мекені – ескі әрі тар екі бөлмелі үй. Бес ұлдың анасы Ғалия Бақытжанова ұзақ уақыттан бері бірнеше күрделі диагнозға шалдыққан, денсаулығы сыр бергендіктен еңбекке жарамсыз. Саялы ықшам ауданындағы 29 емханада эпилепсия, асқазан және жүрек ауруларымен есепте тұрған Ғалия мүгедектікке құжат тапсырғалы жүрген. Жүрегіне ота жасалып, аппарат орнатылған. Жолдасы аудандағы мектептердің бірінде аула сыпырушы. Бес ұлдың үлкендері қолдан келген қара жұмыс істеп, дастарханнан қара нан үзбеудің қамында.

Он жылдан аса уақыт баспанасыз пәтерден-пәтерге көшіп жүрген отбасы шарықтаған нарықтан үйлі болуға қалтасы көтермейді. Қазіргі мұқтажы баспана мәселесі. Полиция марқұмның анасынан жәбірленуші ретінде жауап алған. Алайда Наурызбай ауданының әкімдігі полиция басқармасына сілтей отырып, қаңтар қырғыны кезінде тұрғындар арасында жарақат алғандар мен қайтыс болғандар жайлы факті тіркелмегендігін хабарлады. Полиция департаментінің баспасөз қызметі Тұраровтың өліміне байланысты сұраққа жауап бермеді.

Тұрмысы әбден тұралағанымен қоймай тағдыр тауқыметіне тап болған көпбалалы Тұраровтар отбасы қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атына баспана мәселесі бойынша өтініш жазған. Әкімдік редакция сұрауынан кейін материал жарияланар күні үш қорап азық-түлік пен шаруашылық заттарын жеткізіп берген. Десе де ер жетіп, өмірін өзгертпекке ұмтылған жас перзентінен айырылған ата-ана мен бауырын жоғалтып алған жігіттер баспанаға зәру.   

Көпбалалы Тұраровтар отбасы жалдап тұрып жатқан екі бөлмелі үй. Бес ұлдың кенжесі ағаларының бірі Нұрлыбектің жоғына әлі сене алмай жүр. Фото: отбасылық мұрағат

2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйылтылған газ бағасының қымбаттауы себеп болған жұрт наразылығы лезде республикаға тұтас жайылды. Бейбіт сипатта басталған халық толқуына араласқан әлдебір арандатушылар соңын бүлікке, билік әскерімен қақтығысқа айналдырды. Ақорда бір Алматы қаласына «сырттан ұйымдасқан 20 мың террорист-банды» шабуылдады дегенімен, нақты дәлел көрсетпеді. Президент Тоқаев күштік құрылым өкілдеріне еш ескертусіз қару қолдануға бұйрық берген соң, елдегі дүрбелең мен төтенше жағдай кезінде кемінде 227 адам көз жұмды. «Қанды қаңтар» оқиғаларында қаза тапқандардың арасында бейбіт тұрғындар мен құқықтық шеңберден аспаған наразылар да аз емес. Халықаралық қауымдастық пен сарапшылар жалпыхалықтық трагедияны тергеу репрессияға ұласқанын сынап, билікті адам құқықтарын қорғауға шақырған.

Ғалиева Бақытжанованың қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа жазған хатының алғашқы беті. Фото: жеке мұрағат

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар