«Мұқтаждардан 1,5 млн алған»: «Робин Гуд» Сариевтің сұмдықтары сотта ашылды
Фото: Orda.kz
Алматыда әлеуметтік желіде qazaq_robin_hood деген лақап атымен танылған «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариевке қатысты негізгі сот отырысы басталды. Сотта Сариевтің науқас жандардың емі мен отасына ақша жинап беремін деп өз қызметін 1,5 млн теңге бағалап, артынша ақшаларын қайтармай қойғаны белгілі болды, деп хабарлайды Orda.kz.
Алмалы аудандық сотында өткен сот отырысында Ілияс Сариевпен қоса адамдарға қажылыққа арзан бағамен апарамын деп ақырында ақшасын алып уәделерін орындамаған «MM Travel» туристік фирмасымен байланысы бар Ақтоты Дүйсееваның да ісі бірге қаралды.
Айта кетейік, екеуіне де қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша «Ірі көлемде жасалған алаяқтық» айыбы тағылды. Істе Ернар Қасымбек судья, ал Әсет Айдаров мемлекеттік айыптаушы құзіретінде. Жалпы екі күдіктіге қатысты іс бойынша 27 жәбірленушінің ісі тіркелген.
Бүгінгі сот отырысында жәбірленушілердің негізгі бөлігі Қазақстанның әр аймағынан болғандықтан көбі сотқа онлайн қатысты. Алмалы аудандық сот отырысына тікелей келген Айман Жүргенбаева Сариевке 750 мың теңге берген. Жүргенбаеваның үш жасар қызы сал ауруына (ДЦП) шалдыққан, эпилепсия және сөйлеуі және психикалық дамуы кешеуілдеген (ЗПРР) деген диагнозы бар. Әйел күніне талмасы бір емес, жүз рет ұстайтын науқас қызына елден көмек болар деп Сариевке өзі хабарласады.
«Мен 2025 жылдың 4 наурызында Сариевке WhatsApp арқылы жағдайымды, қандай көмекке мұқтаж екенімді түсіндіріп жаздым. Қызым үшін қаражат жинауды ашып беруін өтіндім. Артынша Сариев қайта қоңырау шалып, баланы көргісі келетінін айтып, сол күні үйіме келіп, жағдайды сұрастырды. Мен қажетті қаражатты айттым, ол ақша жинауды ашатынын жеткізді. Алайда, ол кісі маған өзінің еңбегі ретінде 1,5 млн теңге сұрады. Мен ондай ақшам жоқ екенін айттым. Бірақ қызыма ота керек болған соң: «бөліп төлесем бола ма?» деп сұрадым, ол келісті», — дейді жәбірленуші Жүргенбаева.
Жәбірленушінің айтуынша, Сариев ертесіне хабарласып 100 мың теңге салып жіберу керек екенін айтқан. Сонымен қатар, Сариев Жүргенбаевның қызының Түркия еліндегі еміне 50 миллион теңге жинап беремін деп айтқан.
«Мен сұраған 100 мың теңгесін салып жібердім. Сариев елден жылу жинауды 8 наурыздан соң бастайтынын айтты. Мен оған бөліп-бөліп, жалпы 750 мың теңге аудардым. Ал бұл ақша Сариевке хабарласқанға дейінгі қызымның еміне деп адамдар жинап берген қаражаты еді. Сол арада уақыт өтіп, 8 наурыздан кейін Сариевке хабарласу қиындап кетті», — деді жәбірленуші.
Ақыр соңында жәбірленушінің айтуынша, Сариев не қызына қатысты әлеуметтік желіге салатын бейнероликті де түсірмеген, не елден қаражат жинауды да ашпаған. Сотта Айман Жүргенбаева егер Сариев 750 мың теңгені қайтарып берсе, оған кешірім беретінін де айтты.
Тағы бір жәбірленуші Венера Сұлтанқызы да қызының дертіне шипа іздеп Сариевке хабарласқан. Әуелі әлеуметтік желіде Ілияс Сариевтің ел-жұртқа көмектесіп жатқанын көріп, оның сенімінде селкеу болмапты.
«Мен Сариевке 6 қаңтарда өзім хабарласып, қызымның дерті жайлы айттым. Содан ол егер маған егер мобилографтың жұмысы мен жол-пұлдың ақшасы бар екенін әрі өзінің де істеген еңбегіне ақы төленуі керек деп 1,5 млн теңге сұраған. Ал Сариев бір айдың ішінде қажетті ақшаны жинап беретінін уәде еткен. 10 ақпанда мен бір Диас деген адамның атына 500 мың теңге аудардым. Олар маған бірінші төлем түскен кезде-ақ үйге келіп, әлеуметтік желіге түсірілетін бейнероликті түсіреміз деп уәде етті. Алайда, содан кейін Сариевтің сан түрлі сылтаулары басталды. Бірде тісі ауырады, енді бірде жұмысы шығады. Сосын өзі келудің орнына мені «Алматыға кел» деп шақырды. Қаладан пәтер жалдадық. Кейін түсірген видеоларының ұнамағанын айтты. Артынша, Шелек ауылына үйге келіп түсіреміз деп, жол-пұл деп тағы 50 мың теңге сұрады. Келіп түсіріп кеткен соң, көңілім орынына түскендей болды», – деді Венера Сұлтанқызы.
Жәбірленушінің айтуынша, бастапқыда 550 мың теңгеден кейін аударымдарды Рауан, Нартай деген жігіттерге жіберген. Сариев хабарсыз кеткен соң, сол жігіттерге хабарласқанда олар Сариевтің өздеріне қарыз болғанын, ал Сұлтанқызынан келіп түскен қаражат «сол қарыздың өтеуі» екенін айтқан кезде ғана жәбірленуші өзінің алданғанын түсініпті.
«Мен бас-аяғы Сариевке 1 миллион 430 мың теңге жібердім. Оның мені сан соқтырып кеткенін хабарсыз кеткенде түсіндім. Басында Үндістанға апарып ота жасатамыз деген қызымды ақыр соңында Ташкентке апардық. Ең сұмдығы бұл мен ақшаны микороқаржылық ұйымнан алып бердім. Егер Сариев ақшамды қайтарып берсе, кешірім беремін» – деді жәбірленуші Венера Сұлтанқызы.
Сонымен қатар, сотта «MM Travel» туристік фирмасымен байланысы бар Ақтоты Дүйсеевадан да зардап шеккен жәбірленушіден жауап алынды.
Арайлым Амированың айтуынша, ол әлеуметтік желіден «MM Travel» туристік компаниясының акциясын көріп, умра қажылыққа небары 500 мың теңге жолдама аламын деп сан соғып қалған.
«21 ақпанда мен Ақтоты Дүйсееваға 100 мың теңге, келесі күні 150 мың теңге, ал 1 наурызда оның менеджеріне тағы 300 мың теңге аудардым. Маған жекеме келісімшарт келді, мен оқып шықтым, артынан алданып қалармын деген еш күмән болмады. Ал 6 наурызда белгіленген уақытта біз Алматыға келдік, бірақ кеңсенің жабық екенін білдік. Бізге рейс басқа күнге ауыстырылды деді. Ақыры біз ешқайда ұшпадық. Артынша олар да мүлде қоңырауға жауап бермей, жоқ болды. Егер ақшамды қайтарып берсе, кешірім беремін», – деді жәбірленуші.
Бүгінгі соттың бір қызығы, сот алдында жауап берген жәбірленушілердің барлығы бір ауыздан: «егер Сариев ақшамызды қайтарып берсе, кешірім береміз» деп айтты.
Келесі сот отырысы 25 қыркүйекте жалғасады. Orda.kz бұл істі өз бақылауына алады.
Еске сала кетсек, Ақтоты Дүйсеева журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, Ілиястың құмар ойындарына миллиондап ақша тіккенін жайып салды.
Orda.kz тілшісі бұған дейін Ілияс ашқан қорға сеніп қор болған жандардан сұхбат алған болатын.
Жаңалықтар
- Иранның жоғары шенді әскери басшысы туралы резонанс ақпарат тарады
- Тоқаев Иранның дроны Әзербайжан әуежайын атқылауына байланысты ұстанымын мәлімдеді
- Абай облысында әскери қызметкер қаза тапты
- Талғарда тағы бір қанды оқиға: Әйел анасымен бірге бұрынғы күйеуін 30 жерден пышақтады деген күдікке ілікті
- Тоқаевтың тапсырмасымен Мәулен Әшімбаев Иран елшілігіне барып, көңіл айтты
- Әлиев Нахчыван әуежайына жасалған шабуыл туралы мәлімдеме жасады
- Қазақстанда доллардың құны бірден төмендеді
- Иран Нахчыванға дрон ұшырды деген айыптауды жоққа шығарды
- Астана мен Алматы Халықаралық әйелдер күнін қалай қарсы алады
- Әзербайжан Ираннан Нахчыванға дрон шабуылына қатысты шұғыл түсініктеме талап етті
- Ирандық дрондар Әзербайжанның Нахчыван әуежайына шабуыл жасады
- Атырау облысындағы қанды қылмыс: Күдіктілер Индонезиядан қашан экстрадицияланады
- Тоқаев Сауд Арабиясының тақ Мұрагеріне алғыс айтты
- Иран билігі Түркияға соққы жасады деген ақпаратты жоққа шығарды
- Жібек жолы ауылында өз отбасын қырып тастаған күдікті бұрын сотталған
- Терезеден сығалаған: Атырау облысында сталкинг дерегі бойынша алғашқы үкім шықты
- Кәмелетке толмаған жасөспірім ұлтаралық араздық қоздырғаны үшін сотталды
- Бүгінгі Таяу Шығыс: Тегеранға соққылар жасалып жатыр, Иран жауап ретінде зымыран ұшырды
- МӘМС арқылы миллиондаған теңге залал: Алматыда жеке стоматологиялық клиникалардың директоры үйқамаққа алынды
- Украинадан оралған Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоров Астана әуежайында ұсталып, тексерістен кейін босатылды