Мьянмадағы төңкерісте 40-тан астам бала мерт болды

cover reuters

Мьянмада 2021 жылдың ақпанынан бастап қауіпсіздік күштері 43 баланы өлтірді. Бұл туралы «Балаларды құтқару» құқық қорғау ұйымы мәлімдеді, деп Orda.kz хабарлады.

– 1 ақпаннан бері әскери төңкерістің екі айында Мьянмада қарулы күштер кем дегенде 43 баланы өлтірді. Соңғы 12 күнде балалар өлімі екі есеге өсті, бұл әскерилердің балалар өміріне деген құрметсіздігін көрсетті, - делінген ұйымның хабарламасында.

Балаларды құтқару ұйымының мәліметінше, құрбандардың ең кішісі алты жаста. Сондай-ақ, 13 жасар бала қауіпсіздік күштерінен тығылуға тырысқанда басынан мылтық оқы тиіп, көз жұмған. Тағы бір жасөспірім өз үйінің сыртында атып өлтірілді.

Ұйым зардап шеккен балалардың нақты саны белгісіз екенін атап өтті. Жарақат алғандардың арасында көзінен резеңке оқпен жараланған бір жасар бала бар екені белгілі.

– Ұдайы болып жатқан зорлық-зомбылықтан туындаған қорқыныш, стресс және қайғы Мьянмадағы миллиондаған балалардың психикалық денсаулығына әсер етеді, - дейді ұйым.

Саяси тұтқындарға көмек көрсету қауымдастығының мәліметтері бойынша Мьянмада қаза тапқандардың жалпы саны 521 адамды құрайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар