«Миллиондаған қыз Каринаның өмірін армандайды»: Сәкен Мамашқа қатысты сот басталды
Фото: Orda.kz
Экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі бойынша сот процесі жабық түрде өтеді. Баспасөз тек үкім шығарылған кезде ғана қатыса алады, деп хабарлайды Orda.kz.
Астанадағы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта БАӘ-дегі Қазақстан елшілігінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамашқа қатысты басты сот отырысы басталды. Еске салайық, ол бұрынғы жұбайы Карина Госманды (қазіргі – Мамаш) азаптап, соққыға жықты деген айыппен жауапқа тартылған.
Сәкен Мамаш 110-бап бойынша, яғни «Зорлық-зомбылық көрсету» айыбы бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қылмыстық іс 2024 жылдың 10 мамырында қозғалған. Алғашқы сот отырысы 29 мамырға белгіленген болатын. Алайда жәбірленуші тараптың өтініші бойынша кейінге шегерілді.
Мамаштың ісі қоғамда Бишімбаев ісі сияқты үлкен резонанс тудырмағанымен, сот ғимаратының кіреберісінде аздаған жанжал болды. Сол жерде жәбірленуші Карина Госман мен оның қорғаушылары — Бибінұр Мұратова және Данияр Әділов тексерістен өтті.

Сот залына өту кезінде келушілер кезекте тұрып, шағын бөлмеге әрең сыйысты. Олардың арасында журналистер де болды. Сот отырысы басталған сәтте Сәкен Мамаш өзінің фото және бейнежазбаларының таралуына тыйым салуды сұрады. Дегенмен ол соттың ашық түрде өткенін қалағанын мәлімдеді.
Сот отырысының жабық өтуін сұрап жәбірленуші тарап бастама көтерген.
«Іс материалдарында жеке өмірімізге қатысты интимдік жайттар бар. Менің екі балам бар. Олар өскен соң бұл жағдайды оқуы мүмкін. Бұл олардың психикасына әсер етуі ықтимал», — деді Карина Госман.
Судья Артур Абдыханов жәбірленушінің өтінішін ішінара қанағаттандырды.
«Басты сот талқылауының дайындық бөлігін ашық, ал сот тергеуін жабық түрде өткіземіз. Үкім жария түрде шығарылады», — деп мәлімдеді судья.
«Қашқан жоқ. Қысым көрсеткен жоқ. Кінәсіз. Босатыңдар»
Басты сот талқылауының дайындық бөлігінде алғаш қаралған мәселелердің бірі — айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш болды. Сәкен Мамаштың адвокаты Бейбітжан Сайлауұлының айтуынша, айыпталушы тергеу кезінде сотқа шақыртуларға уақтылы келген, ешқандай тәртіп бұзбаған, шетелге қашуға әрекет жасамаған.
«Тергеу органы Мамаштың елден кетуге тырысқаны жөнінде нақты дәлел ұсынған жоқ. Қамауда ұстау – тек ерекше жағдайларда қолданылатын шара. Сондықтан оны қоғамнан оқшаулауға негіз жоқ, бостандығын шектеу сияқты жеңіл бұлтартпау шарасына өзгертуді сұраймын. Айыпталушының тұрақты тұрғылықты жері бар, әлеуметтік байланыстары да берік», — деді адвокат.
Сәкен Мамаш та адвокатының уәжін қолдап, сотта былай деді:
«Тергеу сотында үш негіз айтылды. Біріншісі — мен тергеуге кедергі келтіруім мүмкін дейді. Бірақ ештеңеге кедергі келтірген жоқпын. Екіншісі — бұрынғы жұбайыма қысым жасауы мүмкін деген уәж. Алайда ол өзі ешқандай қысым болмағанын растайды деп ойлаймын. Наурызда біз балалармен кездескенбіз, ол кездесуді бұрынғы жұбайымның өзі жоспарлап, уақытын да, орнын да өзі таңдады. Үшіншісі — менің қашып кетуім мүмкін дейді. Егер қашқым келсе, Дубайдан мүлде оралмас едім. Ол жақта экстрадиция жоқ, мен өз еркіммен қайтып келдім».
Айыпталушы бұл істі «отбасылық сипаттағы дау» деп бағалап, Қазақстанға ерікті түрде келгенін айтты.
«Біздің отбасымызда төрт адам бар (Сәкен Мамаш өзін, бұрынғы жұбайын және екі баласын меңзеді – авт.). Сол төртеудің екеуі — Қазақстан азаматтары. Балалар ата-анасымен қарым-қатынас жасауға конституциялық әрі халықаралық құқықпен бекітілген құқығы бар. Қазір сол құқықтар тапталып отыр», — деді ол.
Судья оны тоқтатып, өтініш аясынан шықпауын ескертті.
Мемлекеттік айыптаушы бұлтартпау шарасын өзгерту үшін оның қажеттілігі жойылуы немесе негізі өзгеруі тиіс екенін айтты.
«Бұлтартпау шарасы тағайындалғанда тергеу соты барлық жайтты ескеріп шешім шығарған. Бүгін қорғаныс тарапы жаңа дерек ұсынған жоқ. Сол себепті қазіргі бұлтартпау шарасы заңды және негізді. Oны өзгертуге ешқандай себеп жоқ», — деді прокурор Жәңгір Сәдуақасов.
Жәбірленуші тараптың уәждері тіпті қызығырақ шықты. Карина Мамаштың адвокаттары бұлтартпау шарасын өзгертуге қарсы пікір білдірді. Адвокат Бибінұр Мұратова былай деді:
«Айыпталушының айтқандары шындыққа жанаспайды. Ол жәбірленушіні аңдып, хабарлама жазып, қоңырау шалып отырған. Бұл — нақты дәлелденген. Сонымен қатар, ол тергеу органдарымен келісімге келгені жөнінде негізсіз мәлімдеме жасаған. Ал олардың кездесулері — балалармен сот бекіткен кездесу тәртібіне сай өткен», — деді ол.
Сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, Сәкен Мамашқа қатысты қолданыстағы бұлтартпау шарасын — қамауда ұстауды күшінде қалдырды.
Сондай-ақ, Сәкен Мамаш сотта қазақ тілінде жауап беретінін мәлімдеді. Мемлекеттік тілді білмейтін қатысушылар үшін оның жауабы орыс тіліне аударылып отырады. Алайда процесс ресми түрде орыс тілінде жүргізілетіні хабарланды.
Адвокат Бейбітжан Сайлауұлы Сәкен Мамаштың қайырымдылықпен айналысқанын растайтын құжаттарды, хат-хабар мен бейнежазбаларды іске тіркеуді сұрады.
«Мамаш қайырымдылық көмек көрсеткен түрлі қорлардан алынған құжаттарды да тіркеуді сұраймын. Себебі сол әрекеттер бұл істегі дау-дамайдың бір себебі болған», — деді адвокат.
Сот кейбір құжаттарды іске тіркеуге рұқсат берді.
Үшінші өтініште адвокат бұл істі мүлде тоқтатуды сұрады. Оның айтуынша, тергеу кезінде қоғамдағы резонанс әсер етіп, айыптау бағыты басым болған. Сондықтан ол істі дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты жабуды ұсынды.
Алайда сот бұл өтінішті тым ерте берілген деп бағалап, қанағаттандырудан бас тартты. Істің барлық мән-жайы толық зерттелгеннен кейін ғана шешім шығарылатыны айтылды.
«Арам келін» образы: Жәбірленушіні қаралау әрекеті
Сот процесінің басында-ақ экс-дипломат Сәкен Мамаштың туыстары Карина Госманға наразылықтарын білдіре бастады.

Айыпталушының қоғамдық қорғаушысы, оның әпкесі Нұржамал Өтебалиева сотта Каринаның бұрынғы күйеуіне материалдық тұрғыда тәуелді болмағанын айтты. Оның айтуынша, бұл Каринаның қымбат зергерлік бұйымдары арқылы дәлелденеді.
«Ол ешкімге тәуелді болған жоқ. Барлығы болды — екі-үш қатар гауһар тастармен көмкерілген әшекейлер», – деді қорғаушы.
Сол себепті, оның пікірінше, Сәкен Мамаш тарапынан қандай да бір азаптау әрекеті болмаған.
«Арам келін» бейнесін айыпталушының ағасы Нұржан Мамаш толықтыра түсті. Ол сот дәлізінде журналистерге Карина туралы өз нұсқасын жеткізді.

Нұржан Мамаштың айтуынша, Карина 15 жасында интернет арқылы жігіттермен хат алмасып жүргенде, оның атынан жазысқан адам — анасы болған. Ол бұл әрекетті қасақана жасалған іс-әрекет деп атап, анасы қызына «қолайлы күйеу табу үшін» осындай қадамға барғанын айтты. Бұл деректер, оның сөзіне сүйенсек, туыстар арасындағы хат алмасу арқылы дәлелденеді. Ол скриншоттарды телефонында сақтап жүргенін және журналистерге көрсеткенін де мәлім етті.
Сондай-ақ, Нұржан Мамаш Каринаның бай әрі тоқ өмір сүргенін айтты.
«Менің ойымша, миллиондаған қыз Каринаның өмірін армандайды. Оның гауһар тастары болды, түрлі тон киді, ешқандай қаржылық қиындық көрген жоқ. Қайда барсам, не кисем, не ішсем деп уайымдамаған», – деді ол.
Айта кетейік, 2024 жылдың маусым айында Карина Мамаш экс-күйеуінің өзіне аяусыз қол көтерген сәттерінің бейнежазбаларын әлеуметтік желіге жариялаған болатын.
Жаңалықтар
- Бұрынғы шенеунік Жақсылық Омар сотта кінәсін толық мойындады
- АҚШ Ормуз бұғазын ашу үшін теңіз жаяу әскерін пайдалануы мүмкін
- Атырауда техниканы жалға алып, ломбардқа өткізген екі әйел ұсталды
- Израиль Каспий теңізіндегі әскери-теңіз күштеріне жасаған соққысының видеосын жариялады
- Наурыз мейрамы парсылардан келген бе?
- Мойнымнан қылқындырды: Екі баласынан жәбір көрген әке тың деректерді айтты
- Итті құтқарып қалған: Алматылықтардың ерлігі арт-нысанға айналды
- Шымкентте жасөспірім 5-сынып оқушысын ұрып-соққан видео тарады
- Екібастұзда әкімдік қызметкерлері букмекерлік кеңселерде құмар ойын ойнаған
- Бесқонақ: Қазақ танымындағы құпия бес күн
- Тоқаев жұмыс сапарымен Алматыға келіп, 23 млн долларлық суперкомпьютер кластерімен танысты
- Иранда үкіметке қарсы шеруге қатысқан үш адам дарға асылды
- Алматы облысының тұрғыны алимент төлеу үшін бүйрегін сатпақ болған
- Жамбыл облысында ірі көлемдегі жымқыру күдігімен аурухананың бас дәрігері ұсталды
- Қазақстандықтар наурызда қосымша тағы бір күн демалады
- Шенеунік қамауға алынғанын жасыру үшін аурухана анықтамасын пайдалануға тырысқан
- Түрікменстаннан келген студент Алматыда босанып, баласын тастап кетуге тырысқан
- Трамп Тоқаевты Майамиге шақырды
- Ғабиден Мұстафин: индустрия дәуірін жазған қаламгер
- Ұлдары әкесін ұрып-соғып келген: Жетісу облысында жанжал айлар бойы жалғасып жатыр