Михаил Кавелашвили ресми түрде Грузия президенті қызметіне кірісті

cover Видеодан скриншот: @nlevshitstelegram

29 желтоқсанда Тбилисидегі парламент ғимаратында жаңа мемлекет басшысы Михаил Кавелашвилиді ұлықтау рәсімі өтті, деп хабарлайды Orda.kz News Georgia басылымына сілтеме жасап.

Грузияның алтыншы президенті сайлау нәтижесінен кейін елдегі жаппай наразылықтар кезінде ресми түрде қызметіне кірісті.

Кавелашвили 14 желтоқсанда сайлаушылар алқасымен сайланды, ол биліктегі «Грузин арманы» партиясынан президенттік сайлауда жалғыз үміткер болды.

Бұрынғы мемлекет басшысы Саломе Зурабишвили резиденциядан кетпейтінін мәлімдегенімен, президент сарайынан кетіп қалды.

«Мен бұл жерден кетіп бара жатырмын және барлық заңдылықты өзіммен бірге алып кетіп барамын... Мен осы жерден сіздерге шығамын, сіздермен бірге боламын», - деді Зурабишвили қолдау митингіне жиналғандарға.

Экс-президенттің сөзінен кейін наразылар Руставели даңғылына шықты. Зурабишвили мен Грузиядағы барлық ірі оппозициялық партиялар Михаил Кавелашвилидің сайлануын заңсыз деп санайды.


Грузияда қараша айының соңында басталған наразылықтар әлі де жалғасуда. Бірінші ұшқын республиканың премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің елдің 2028 жылға дейін Еуропалық Одаққа мүше болуы туралы келіссөздерді тоқтату туралы мәлімдемесінен тұтанды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар