«Менің тағдырым қоғамды тыныштандыру үшін құрбандық болмауы керек»: Хасан Қасымбаевтың соңғы сөзі
Фото: Orda.kz
Алматы облысындағы атышулы «Хутор бандасы» ісі бойынша сот аяқталуға жақындады. 29 қазан күні өткен отырыста тараптар жарыссөзге шықты. 28 қазан күні прокурор үкімге ұсыныс жасады, ал айыпталушылар тағылған айыптармен келіспей, сот залында наразылық білдірді, деп хабарлайды Orda.kz.
Жарыссөзді прокурор Ерлан Құланбаев бастады. Ол Хасан Қасымбаевты екі бап бойынша кінәлі деп танып, он бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қалған айыпталушыларға тоғыз жыл түрме жазасын және жәбірленушіге 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеу жазасын ұсынды.
Бұл шешім айыпталушылардың ашу-ызасын туғызды. Олар өздеріне жала жабылып жатқанын айтып, «бұл іс — қолдан жасалған» деп мәлімдеді. Сот залында айыпталушылар мен прокурор арасында айқай-шу болып, судья бірнеше рет тыныштық сақтауға ескерту жасауға мәжбүр болды.
Жәбірленушінің анасы мен айыпталушылар арасындағы тартыс
Жарыссөз кезінде жәбірленуші Арман Әлмовтің анасы сөз алып, баласы алған соққыдан кейін туберкулезге шалдыққанын айтты. Алайда айыпталушылар бұл пікірмен келіспей, «соққыдан туберкулез болмайды» деп қарсы шықты.
«Арман Әлімов нашақор болған, есірткі сатқанын өзі де жасырмаған. Біз оның денсаулығына жауапты емеспіз. Өз денсаулығын өзі бұзған», — деді айыпталушылардың бірі.
Хасан Қасымбаев өз сөзінде қылмысқа қатысы жоғын тағы да мәлімдеді. Бұған дейін ол соттағы соңғы сөзінде өзін «қоғамдық пікір үшін құрбандыққа шалынған адам» деп атаған болатын.
«Мен ешқашан сот алдында айыпталушы ретінде тұрамын деп ойлаған емеспін. Менің тағдырым қоғамды тыныштандыру үшін құрбандық болмауы керек».
Қасымбаев сөзін өмірінде алғаш рет сот алдында айыпталушы ретінде тұрғанын айтып бастады.
«Мен ешқашан заң бұзған адам емеспін. Маған тағылған айыптар — жалған. Мен бұл қылмысқа еш қатысқан жоқпын. Мені бұл іске қоғамдағы резонанс пен біреудің жалған сөзі арқылы тартты», — деді ол
Оның айтуынша, іс материалдарында кінәсін дәлелдейтін нақты айғақ жоқ.
«Не биллинг, не хат-хабар, не куәгер, не заттай айғақ жоқ. Бар болғаны — жәбірленушінің жалған сөзі ғана. Мен ол адамды өмірімде көрген де, сөйлескен де емеспін. Сондықтан оған зиян келтіруге себеп те, ниет те болған жоқ», — деді Қасымбаев.
Айыпталушының сөзінше, бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызған соң біреуді жауапқа тарту қажеттілігі туған.
«Мен ешқандай бандаға қатысқан емеспін. Бұл істі көпшілік талқылай бастаған соң біреуді кінәлі ету керек болды. Сол үшін мені таңдаған сияқты. Бірақ менің тағдырым — жай ғана статистика немесе қоғамды тыныштандыру үшін құрбандық болмауы керек. Жәбірленуші мені “Хутор бандасының басшысы” деп сипаттайды. Бірақ Талғар мен Алматы облысында мұндай банда ешқашан болған емес. Мұны ішкі істер органдарының өздері де растаған жоқ. Мен ешқашан қылмыстық топқа мүше болған емеспін», — деді ол.
Қасымбаев өзіне тағылған «қылмыстық ұйым басшысы» деген айыпты да теріске шығарды. Үзіліс кезінде ол Orda.kz тілшісіне сұхбат беріп, тағылған айыппен келіспейтінін айтты.
«Кінәсіз адамға он бес жыл деген ауыр. Маған тағылған айыппен келіспеймін, ешқандай дәлел жоқ. Сот тек бір тараптың сөзін тыңдап өтті. Тергеушінің өтірік жазған айыптау актісімен шектелді. Жоғарғы сот пен Бас прокуратурадан әділ шешім күтемін. Аяғына дейін күресемін», —деді Хасан сөзін қысқа қайырып.
Сөзінің соңында Қасымбаев өз отбасылық жағдайын айтып, соттан әділдік сұрады. Іс бойынша жәбірленуші Арман Әлімов соттан айыпталушыларды қатаң жазаға тартуды сұрап, сөзін қысқа қайырды. Ал екінші жәбірленуші Аюпжан Тәжиев айыпталушы Х. Қасымбаевқа ешқандай талабы жоқ екенін айтты.
Хасан Қасымбаевтың қорғаушысы, адвокат Ерлан Мендешев сот жарыссөзінде айыптаулардың заңсыз екенін және тергеу барысында өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгенін айтты.
Адвокаттың айтуынша, Қасымбаевқа қатысты қылмыстық іс заңға сай емес, тапсырыспен қозғалған.
«Қылмыстық қудалауға себеп болған — марқұм Шерзат Нұрымовтың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың эмоциялық мәлімдемесі. Ол баласының өлімінен үш күн өткен соң «Хуторлық ҰҚК» бар деп, оның басшысы ретінде Қасымбаевты атады. Ал көп ұзамай жәбірленуші тараптың өкілі де дәл сол үйде сұхбат беріп, Қасымбаевты кінәлады. Кейін әлеуметтік желілердегі «диван сарапшылары» бұл тақырыпты ушықтырып, қоғамда қысым туғызды. Салдарынан тергеу органдары заңды емес, қоғам талабына сай әрекет етті», — деді Ерлан Мендешев.
«Істе 14 бет жоғалған, сот тексермеді»
Қорғаушының сөзінше, қылмыстық істе фальсификация белгілері анықталған, бірақ сот бұл деректерге назар аудармаған.
«15 қазанда, яғни Қасымбаевқа қатысты іс тіркелмей тұрып, полиция Тәжиевтің 9 жыл бұрын жабылған ісін қайта сұратқан. Бұл ненің белгісі? Оның үстіне істен 14 бет жоқ болып шықты — олардың ішінде Тәжиевтің қарсы арызы мен прокурор қол қойған қаулының бірінші беті бар. Мұны сол істі кезінде тергеген бұрынғы тергеуші Исабаев сотта растады. Бірақ сот бұл фактілерді анықтауға тырысқан да жоқ», — деді адвокат.
Мендешевтің айтуынша, ресми органдардың жауабы бұл істің бұрын нақты қаулылары болғанын дәлелдейді.
«Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2016 жылғы 30 қыркүйекте қозғалған іс және 18 қазанда тергеу мерзімін ұзарту туралы қаулы болғаны көрсетілген. Бірақ бұл құжаттар кейін ізім-ғайым жоғалып кеткен. Бұл — айғақтарды әдейі жою. Сот қорғау тарабының дәлелдеу құқығын шектеп, басты айғақтарды тексерусіз қалдырды. Бұл — әділетсіз шешімге апаратын жол», — деді ол.
Адвокаттың айтуынша, қорғау тарабы соттан құжаттардың түпнұсқалығын анықтау үшін сот-техникалық және қолжазба сараптамасын сұраған, бірақ судья бұл өтінішті қанағаттандырмаған.
Еске сала кетсек, кеше Алматы облысы Талғар қаласында Хасан Қасымбаевқа прокурордың сұраған жазасына наразылық білдіріп тұрғындар сот алдына жиналды.
Жаңалықтар
- Бас прокуратура Қайрат Қожамжаровтың қайда екенін білмейді
- Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды
- Оралда әкімдік алдында аштық жариялаған белсендіні полиция ұстады
- Париждегі Лувр мұражайын тонаған үшінші күдікті қолға түсті
- «Менің тағдырым қоғамды тыныштандыру үшін құрбандық болмауы керек»: Хасан Қасымбаевтың соңғы сөзі
- Пусанда Трамп пен Си Цзинпиннің кездесуі өтті
- Алматы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
- Қырғызстанда өзге тілде жазылған маңдайшыларды жойып жатыр
- Астанада Тоқаевтың бұрынғы кеңесшісін өлтірді
- Көк майсадағы элита: Назарбаев кеткеннен кейін гольф-клубта кім қалды?
- «Еуразиялық банк» Қазақстанға 30 млрд теңге қайтарады
- Құмай тазы халықаралық деңгейде мойындалды
- Парламенттегі «астыртын реформа»: Ерлан Қарин баспасөзден неге қашқалақтайды?
- Яна Легкодимованы өлтірді деген айыпталушыларға жаңа ауыр айып тағылды
- «Бала қайтыс болған күні анасы араққа сылқия тойып келді»: 12 жастағы бала неліктен суицид жасады ?
- «Капитан орыс тілді»: Қазақ тілін елемеген FlyArystan сынға қалды
- LRT Қосшыға дейін салынады
- ҰҚК Арқалық полициясының қызметкерлерін ұстады
- Шалқарда 9-сынып оқушысын пышақтап тастады
- «Мен баламды мақтан тұтамын»: Хасанның анасы прокурордың жауап беруін сұрады