«Мекенжайын әскерге беремін»: Зеленскийдің сөзі Еуропада жаңа дау туғызды

cover Владимир Зеленский мен Виктор Орбан. Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Украина мен Венгрия арасындағы саяси шиеленіс күшейе түсті. Бұл жолы дау Еуропалық одақтың Украинаға бөлінетін 90 млрд еуро несиесі мен «Дружба» мұнай құбыры төңірегінде өршіді. Украина президенті Владимир Зеленский Венгрия премьері Виктор Орбанға қатысты әзілге ұқсас, бірақ өткір мәлімдеме жасап, Еуропада қызу пікірталас туғызды. Orda.kz тілшісі даудың жай-жапсарын баяндайды.

Украина президенті Владимир Зеленский Еуроодақтың Украинаға бөлінетін қаржылай көмегін бір елдің тоқтатпағанын қалайтынын айтты. Оның сөзінше, егер ЕО-дағы бір саясаткер 90 млрд еуро көлеміндегі қаржылай қолдауды немесе оның алғашқы траншын бұғаттайтын болса, украин сарбаздары қару-жарақсыз қалуы мүмкін.

«Еуроодақта бір адам 90 млрд еуроны немесе оның алғашқы траншын бөгемейді деп үміттенеміз. Әйтпесе сол адамның мекенжайын біздің Қарулы күштерге береміз — олар оған телефон соғып, өз тілінде сөйлесер»,  деді Зеленский.

Украинадағы БАҚ бұл сөздерді Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанға бағытталған ишара ретінде бағалады. Себебі Орбан бұған дейін Венгрия Украинаға Еуропалық одақ бөлетін несиені қолдамайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Оның айтуынша, Киев Ресей мұнайының «Дружба» құбыры арқылы Венгрияға жеткізілуін қайта жандандырмайынша, Будапешт бұл шешімге келісім бермейді.

Венгрия премьері Виктор Орбан Сауда-өнеркәсіп палатасында сөйлеген сөзінде Украинамен бұл мәселеде ешқандай ымыраға бармайтынын айтты.

«Біз жеңеміз және күш арқылы жеңеміз. Біз мұны келісімдермен немесе ымырамен емес, күшпен жүзеге асырамыз» деді ол.

Орбан бұл жерде әскери күшті емес, саяси және қаржылық құралдарды меңзегенін түсіндірді. Оның пікірінше, Украина «Дружба» мұнай құбырының жұмысын қайта қалпына келтіріп, Еуроодақпен жасалған қауымдастық келісімі бойынша міндеттемелерін орындауы тиіс. Сонымен бірге ол Украина ЕО-дағы кез келген елдің энергиямен қамтылуына кедергі келтірмеуі керек екенін айтты.

«Біз өз мақсатымызға жетеміз. Бұл — қорқатын шайқас емес»,  деді Венгрия премьері.

Киев пен Будапешт арасындағы шиеленіс «Дружба» мұнай құбыры арқылы Венгрияға жеткізілетін мұнай транзиті тоқтағаннан кейін күшейе түсті. БАҚ-тың хабарлауынша, Украина бұл бағыттағы тасымалды қайта бастамай отыр. Киев мұны инфрақұрылымның «ресейлік шабуылдардан» зақымдануымен түсіндіреді. Ал Венгрия билігі құбырдың жұмысқа жарамды екенін айтып, тасымалдың тоқтауы саяси шешім деп есептейді.

Жауап ретінде Будапешт Еуропалық одақтың Ресейге қарсы кезекті санкциялар пакетін қолдамай қойды. Сондай-ақ Украинаға 90 млрд еуро көлемінде бөлінетін несиені де бұғаттап, дизель отынын экспорттауды тоқтататынын мәлімдеді.

Бұл дауға Словакия да араласты. Словакия премьер-министрі Роберт Фицо Зеленскийдің Орбанға қатысты сөзін «қызыл сызықтан өту» деп бағалады. Ол Еуроодақтың жоғары лауазымды тұлғаларын — Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйенді, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштаны және ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі бас дипломаты Кая Калласты — Зеленскийдің мәлімдемесінен ресми түрде қашықтауға шақырды.

Фицоның айтуынша, Еуроодақ мұндай «шантажға ұқсас мәлімдемелерге» үнсіз қалмауы керек.

Словакия да мұнай жеткізілімі тоқтаған елдердің бірі болғандықтан, Братислава Украинаға апат режимде беріліп келген электр энергиясы жеткізілімін тоқтатты. Словакия билігі мұнай құбыры техникалық тұрғыда жарамды деп есептейді және тасымалдың тоқтатылуын Украина тарабынан ЕО-ға кіру процесін жылдамдату үшін қолданылып отырған саяси қысым деп санайды.

Венгрияның сыртқы істер және сыртқы экономикалық байланыстар министрі Петер Сийярто да Зеленскийдің сөзін қатты сынға алды. Ол мұндай мәлімдемелерді «украин мәдениетінің көрінісі» деп атап, дәл осындай елді Еуроодаққа қабылдауға ұмтылып отырған Брюссельге наразылық білдірді.

Министрдің айтуынша, ешкім Венгрияға немесе оның премьер-министріне қоқан-лоқы жасай алмайды. Сондай-ақ Будапешт Украинадағы соғысты қаржыландыруға және Киевтің шешімдері салдарынан энергия ресурстары үшін қымбат баға төлеуге дайын емес.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар