Маңғыстау: Ерте түскен аязды қыс мал қырылуына әкелді

cover

Маңғыстауда жаппай жылқы қырылып жатыр. Ауыл тұрғындарының бірі Жәнібек Қожық «аймақта 300-ге жуық жылқы қырылды» деп мәлімдеді. Бұл туралы ORDA. Азаттыққа сілтеме жасап хабарлайды.

Тұрғынның сөзіне сенсек, қарашада басталған қалың қар мен мал азығына деген тапшылық салдарынан жылқылар қырылған.

«Жылда қыс жылы болатын. Биыл қараша айында қар қалың жауып, арты жаңбырға айналып, жер мұз болып қалды. Жем-шөп бар болғанымен бағасы удай қымбат. Құнары жоқ 20 кг кебек жем 1500 теңгеден сатылады. 1 кг кебек жемнің бағасы 75 теңге, шөптің бір дестесі күзде 750-1000 теңге арасында сатылды. Оны жұрттың бәрі бірдей ала алмай отыр», – дейді Жәнібек.

Жағдайды аудан растады. Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Асқар Аққұлов:

«Биыл пандемияға байланысты мал азығын толық әзірлей алмадық. Жылда 27 бригада шөп шапса, биыл тек 13 бригада жұмыс істеді. Қазір 20 кг жемді 1400 теңгеден бергізіп жатырмыз. 34 орам шөп ауылдарға жібердік, тағы 78 орамы жолда келеді. Көп адам вахтамен жұмыс істейді де, малдарын бос қоя береді. Ішіндегі арықтарын жемдеп, жылы су беріп, малға қарау керек қой», – дейді әкімнің орынбасары.

Маңғыстауда 36 шаруа қожалығы мал баптайды. Жалпы аймақта 24 мың жылқы, 10 мыңға жуық сиыр, 27 мың түйе, 126 мың қой, 49 мың ешкі бар.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар