Қыз-келіншектер Отанымыздың дамуына елеулі үлес қосуда – Қасым-Жомарт Тоқаев

cover Фото: Ашық дереккөзден

Президент әйелдерді мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі, деп хабарлайды Orda.kz порталы.

«8 наурыз – көктем мерекесі. Бұл – сұлулықтың, мейірім мен жылулықтың символына айналған мереке. Ер-азаматтар сіздерді жоғары бағалаймыз, құрметтейміз және жақсы көреміз. Нәзік жандарға деген біздің ықыласымыз, ілтипатымыз әрдайым ерекше. Жалпы, әйелді құрметтей білген қоғамды мәдениетті, өркениетті қоғам деуге болады. Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Қыздарын қадірлеп, төріне шығарған. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев әйел адамдарға елдіктің жүгін ерлермен бірдей арқалап, адал еңбек етіп жүрген әйелдер қауымына алғыс айтты. Оларға мемлекеттен ылғи да көмек көрсетілетінін жеткізді.

«Менің бастамаммен сіздерге арнайы квота бөлінді. Қазіргі таңда парламент пен мәслихаттардағы әйелдердің үлесі артты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Қыз-келіншектер Отанымызды дамытуға елеулі үлес қосып жатыр. Өз кәсібін дөңгелетіп жүрген белсенді әйелдеріміз аз емес. Сондай-ақ өндірісте, ғылымда және спортта табысқа жеткен аруларымыз көп. Қазақстандағы ұстаздардың басым көпшілігі – әйелдер. Сіздер жас ұрпақты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулып жүрсіздер. Ұлт саулығын жақсартуға зор еңбек сіңіріп келесіздер. Қазақстанның көркеюіне елеулі үлес қосып жүрген осындай жандар зор құрметке лайық. Бұл – керемет үрдіс», – деді Президент.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар