Қойнауы қазынаға толы кенді қала Жезқазғанның шұрық-тесік жолдары
Фото: Orda.kz
Жезқазған - кейін құрылған Ұлытау облысының орталығы. Топырағынан сары мыс сусыған, талай жылға жетер табиғи ресурстарын қойнына жасырған еліміздің құт дарыған өлкесі. 2025 жылдың соңында «Қазақмыс» компаниясындағы бақылаушы акционердің ауысқаны туралы ақпарат қазақстандықтардың назарын осы өңірге тағы да аудартты.
Orda.kz қаланың бүгінгі ахуалы мен аймақтағы қарапайым халықтың қалай өмір сүріп жатқаны туралы фоторепортаж дайындады.
Біз елестеткен Жезқазған
Ұлытау облысының орталығына барар кезде біздің тілшілер сұп-cұр, кішкентай қала мен құты қашқан, жүдеп-жадаған жұртты көз алдына елестеткені рас. Қала орталығында алдында қоқыс шашылып, ащы суға сылқия тойып алған қаңғыбас адамдар толып жүр деп ойладық. Дереккөздерде Жезқазған қаласы облыс орталығы болатын кезде солай сипатталған. Ол жақта біраз тұрған, өмір сүрген адамдардың өзі солай айтады. Онда болып қайтқан әріптес-журналистердің айтуынша, бұл — «шағын Семей» (яғни, Семейдегідей инфрақұрылымдық және коммуналдық проблемалар жиынтығы бар қала). Жалпы алғанда, Қазақстандағы ең нашар облыс орталықтарының бірі саналады.
Алайда шынайы жағдай бұдан да күрделірек болып шықты. Жезқазған Қазақстандағы басқа бірде-бір өңір орталығына ұқсамайды.

Жезқазған — кішкентай, бірақ бай қала ма?
Жай ғана бай емес, статистикаға сүйенсек, Қазақстанның ең бай қалаларының біріне жатады.
Жезқазғанда шамамен 89 000 адам бар (кей деректерде 86 000). Облыс орталықтары ішінен тек Қонаев қаласынан (65 000 адам) ғана озып тұр. Ал жалпы алғанда Ұлытау облысы Қазақстандағы ең халық саны аз (шамамен 220 000 адам) облыс. Иә, Ұлытаудың халық саны, кей облыс орталықтарында тұратын адам санына әзер жетеді.
Өңірге тән ерекшелік — қала тұрғындары мен ауыл халқының табысы арасындағы айқын айырмашылық (қалалардағы жалақы ауылдармен салыстырғанда 44,3%-ға жоғары). Соған қарамастан, жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Ұлытау облысы Қазақстан бойынша үшінші орында тұр. Одан бай өңірлер тек Атырау облысы мен Алматы қаласы. 2025 жылы Ұлытау өңіріндегі орташа жалақы 550 000 теңгеден асып, республика бойынша орташа көрсеткіштен 24%-ға жоғары болды.
Қалалық бюджет көлеміне де назар аударайық. 2025 жылы халқы 89 мың адамды құрайтын Жезқазған қаласының жалпы бюджеті 56 миллиард теңге болды. Салыстыру үшін: халқы 310 мың адам болатын Семей қаласының (Абай облысы құрылғаннан бері) жылдық бюджеті кемінде 85 миллиард теңге болды. Формалды түрде Семейдің бюджеті үлкен. Алайда халық саны ескерілсе, бір жезқазғандыққа шаққандағы бюджет қаражаты, бір семейлікке қарағанда 2,2 есе көп. Ал Павлодар қаласының бюджеті жылына шамамен 250 миллиард теңге болды, бұл бір тұрғынға шаққанда орта есеппен 680 мың теңгеден келеді (Жезқазғанда — шамамен 620 мың теңге, Семейде — шамамен 280 мың теңге).
Яғни, Жезқазғанның адам басына шаққандағы бюджеті Семейге қарағанда Павлодарға жақын.
Жезқазған қаржылық тұрғыдан да, қала аумағының шағындығы жағынан да ұтады. Қолда бар деректерге сәйкес, оның аумағы шамамен 47 шақырым² болады (салыстыру үшін: Павлодарда — 350 шақырым², Семейде — 210 шақырым²). Яғни, шағын Жезқазғанның әрбір тұрғынына Семейге қарағанда екі есе көп қаржы жұмсалады. Ал Павлодармен салыстырғанда бір жарым есе көп.
Аумақтың кіші болуы — шығын да аз болады деген сөз. Асфальтталған жолдарды күтіп ұстауға кететін қаражат азаяды. Жарықтандыру желілері, жерасты коммуникациялары, саябақтар, жол белгілері де аз. Яғни, үнемдеу сапа есебінен емес. Жезқазған — ықшам қала, оны абаттандыруға соңғы үш жылда Қазақстандағы ең бай облыс орталықтарын күтіп ұстауға жұмсалатын қаржыға шамалас қаражат бөлініп келеді. Сонымен қатар адамдарының жалақысы жоғары, демек тұрғындарының сатып алу мүмкіндігі де жоғары қала.
Теория жүзінде осылай болуы тиіс. Ал шын мәнінде жағдай қалай?
Ұзақ жол
Қарағандыдан шыға сала біз, Жезқазғанға шамамен 4 cағатта жетеміз деп ойладық. Екі қаланың арасы 528 шақырым. Алайда олай емес, жоспарымыз жүзеге аспады.
Өйткені Жезқазғанға бірден келе салу оңай емес.
Жолдағы шұңқырларға көліктің асты ұрылып, сағаттап тайғақ жолмен 50 шақырым жылдамдықпен лаждап келеміз. Қатты желден тіпті көлікті басқару қиын, өйткені жел көліктің бағытын өзгертіп жібере береді. Қалың тұманның арасынан кенет көне құрылыстардың бейнесі көрінді.

Редакция түсініктемесі: Ұлытау облысы өзінің қотыр жолдарымен танымал. Бұл — елдегі ең ұзақ автомобиль жолы, ұзындығы 1500 шақырымнан асады. Трассаның бір бөлігі ондаған жыл бойы асфальт төселмеген. Қарағандыдан Жезқазғанға дейінгі учаске салыстырмалы түрде қалыпты деп саналады (алайда бізге ұнамады). Ал Жезқазғаннан Қызылордаға дейінгі жол әлдеқайда нашар. 2023 жылдан бері бұл бағытта қымбат жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, алайда жобаның құны 90 миллиардтан 145 миллиард теңгеге дейін қымбаттауына байланысты жұмыстардың тоқтатылғаны туралы БАҚ хабарлаған еді.

Қарағанды мен Жезқазған арасындағы жолды Бетпақ дала алып жатыр. Сондықтан екі қаланың арасында үйлерді немесе ауылдарды кездестіріп қалуыңыз екі талай. Ұлытау бос облыс ретінде адамның есінде қалады. Әрине, Ұлытау адам аз тұратын облыс екенін естен де шығармағанымыз жөн. Аумағы 188 мың шаршы шақырымды құрайтын бұл өңірде небәрі 219 мың адам ғана тұрады (2025 жылдың соңындағы деректер бойынша). Салыстырмалы түрде алсақ, аумағы шамалас Абай облысында 596 мың тұрғын бар. Ал аумағы екі есе дерлік кіші Шығыс Қазақстан облысында халық саны 720 мың адам.
Жолда келе жатып, біз білмей басқа жаққа бұрылып кеттік. Солай тағы 3 сағат мұз қатқан тас жолда уақыт өткіздік. Жолда ешқандай үй, ешқандай көлік, тіпті желі де ұстамайды. Асфальттың нашарлығы соншалық, біз көліктің жолда тұрып қалуын күтіп, қақаған аязда мүлдем адамсыз тас жолда қаламыз деп ойладық.

3 сағат уақытымызды жолдың ұзақтығынан емес, жолдың нашарлығынан құрттық. Жолда шамамен тіпті 25-30 шақырыммен жүруге тура келді.
Қызық, бұл туралы Ұлытау облысының шенеуніктері не ойлайды екен?
Қарағандыға қайтар жолда біз әлдеқайда тәуір деген жолмен келдік, алайда ол да өте нашар жолдардың бірі. Біздің команда ел ішінде үнемі көлікпен жүреді, бірақ мұндай нашар жолды бірінші рет кездестіріп тұр.
Қаланың тыныс-тіршілігімен танысу
Қаланың бай екені көрінбейді. Жезқазғанның кіре берісінде сізді «жетім» тақтайша қарсы алады. Оның артында өнеркәсіптердің мұржаларын және олардан будақтап шығып жатқан түтінді көруге болады.

Кейін салыстыру үшін қалаға бірден кірмей, оны айналып өтеміз. Адамның назарын әуежайға баратын жол аудартады. Ол жерде жазу әлдеқайда әсерлі көрінеді.

Алайда бұл жерде де адамға біртүрлі сезім береді. Әуежайдан қалаға дейінгі жолдың барлығы темір қоршаулармен қоршалып, бетіне Ulytau oblysy деген сөзбен жазылған.

Ерекше безендіру делік, алайда қоршаудан әрі асып қарасақ, ескі үйлерді көрдік, демек қоршауды сән үшін қоймаған.



Бұл КСРО кезінде саяжай негізінде салынған аудан. Мұнда әлеуметтік және экономикалық мәселелері бар тұрғындар тұрады. Су, жарық, жұмыспен қамту проблемалары және т.б.
Бұл сонда қалай болғаны? Шенеуніктер мәселені шешудің орнына, оларды жай ғана қоршаумен жауып тастап, қала тұрғындарын қонақтардан жасырғысы келгені ме?
Солай болуы мүмкін. Қайта құруға қаражат жоқ. Ал әуежайдан қалаға өтетін қонақтардың алдында ұятқа қалғысы келмейтін шенеуніктер үшін бұл логика түсінікті шығар. Бұндай аудандардан қала орташа жалақыдан жоғары алатынға ұқсамайды.
Жезқазған көшесінде
Қала бізді түрлі түсті бояуымен қарсы алды. Барлық жаңа облыс орталықтарының басты көріністерінің бірі. Олар ескі үйлерге түрлі түсті бояумен сурет салып шығады. Қаржылық жағынан өте тиімді нұсқа. Семей де дәл солай облыс орталығы атанған кезде барлығын түрлі түске бояп шыққан. Арзан бояуларды қолданып, кейін ол қайтып түсіп, өңін жоғалтты.

Түрлі түсті бояулармен тіпті индустриалды секторларды да бояп шыққан.

Сондай-ақ, кей муралдардың жанында апаттық жағдайда тұрған үйлерді де көруге болады.

Иә, өткен жылдарда қала туралы жазылған мақалаларға сәйкес, қалада әлі де ескірген және басталып аяқталмай қалып кеткен ғимараттар бар.

Қаланы басқа амалмен бояуға да тырысқаны байқалады. Кейбір өнер нысандары жақсы ойластырылған және қала табиғатына үйлеседі.

Көзге бірден көрінетін тағы бір нәрсе — қаланың көшелерінің салыстырмалы түрде таза болуы (сонымен қатар жолдардың жалпы жағдайы жақсы). Басқа жаңа облыс орталықтарында қардың күрелмей, қала ішінде жүру қиынға соғатынын жиі көреміз.

Жалпы қаланың ішіндегі жолға жақсы қарайтыны көрініп тұр. Түнде біз жарықпен түсірілетін жаяу жүргіншілер өтетін жол белгісі байқап қалдық. Мұнда ол қажет пе, қажет емес пе, оны айту қиын. Қаланы жарықтандыру жобасы жақсы жасалған.

Жалпы Жезқазған Семеймен салыстырғанда, жарықтан таршылық көріп жатқан жоқ.
Қала тұрғындарының негізгі демалып, қыдыратын жері ретінде «Алғашқы құрылысшылар алаңы» мен оған жалғасып жатқан «Ғарышкерлер бақшасын» атады.

Осында қаланың мәдени нысандарының басым бөлігі шоғырланған. Жастар орталығы, субұрқақ, Свято-Андреевский православ шіркеуі, алғашқы құрылысшылар мен ғарышты бағындырғандарға арналған стеллалар бар.


Қалада негізі басқа да ескерткіштер бар, алайда олардың жағдайлары мәз емес. Әуежайдан келе жатқанда көтерілісші сарбаздарға арналған ескерткішті көруге болады, алайда ескерткішке қайта өңдеу жұмыстары керек.

Қаланың аспанын мұржадан шығып жатқан түтіндер «сәндейді» және жел көзінен энергия алатын елбезектер де бар. Айта кетейік, Жезқазғанда ресми 16 елбезек бар. Жобаның инвесторы — Гонконг компаниясы.

Бір күндік сапардың қорытындысына келсек, қала біраз жыл қиын жағдайда болды. Инфрақұрылым тозып, халықтың көші-қоны жүрді (1991 жылы 110 000 адам болса, бүгін 89 000). Қазіргі кезде қаланың жағдайы біршама тұрақты.
Соңғы үш жылда қалада кеткен қателіктерді түзету бойынша жұмыс жүргізілді. Сол уақытта Жезқазғанда белгілі бір аномалия байқалады. Қаланың ірі бюджеті бар екені байқалмайды. Мұнда мыс кен орындарының бірі орналасқан.
Orda.kz осы қарама-қайшылыққа қызығушылық танытып, Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысының экономикалық жағдайын алдағы уақытта тереңірек талдауды шешті.
Барлық сурет: Orda.kz.
Автор: Илья Бароховский
Жаңалықтар
- 89 жастағы зейнеткер туыстарын ұрғаны үшін істі болды
- Алматыда мопед жүргізушісін қағып қашып кеткен адам екі тәуліктен бері табылмады
- Қойнауы қазынаға толы кенді қала Жезқазғанның шұрық-тесік жолдары
- Қырғызстанда 16 жастағы қыздың шашын тақырлап алып, соққыға жыққан
- «Богатырь Көмір» компаниясының қызметкері көз жұмды
- «Қайрат» Чемпиондар лигасында соңғы орын алса да 11,6 млрд теңге тапты
- Трамп қатты аяз кезінде шабуылды тоқтату жөнінде Путинмен келісім болғанын мәлімдеді
- Маңғыстау облысында 7 баланың әкесі әйелін пышақтап өлтірді
- Шығыс Қазақстанда бірден екі шенеунік пара алды деп айыпталды
- Қосшыда спорттық жаттығу кезінде 10 жастағы қыз көз жұмды
- Түркістан облысында 3 полицей 18 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінді
- Алматыда жеңіл көлік пен жолаушылар автобусы соқтығысып, бір адам көз жұмды
- Боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы әйелі 60 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілді
- Алматы қаласында жүздеген миллиард теңге тиімсіз жұмсалған — Жоғары аудиторлық палата
- Президент қабылдауында болған Алматы әкімі не айтты?
- Тоқaев көлеңкелі экономикамен күресетін үш агенттіктің өкілеттігін кеңейтті
- «Жемқорлық пен саяси адалдық»: Си Цзиньпин жоғары лауазымды генералдарды қызметінен босатты
- Депутат Айдос Сарым «Бітімгерлер» тізіміне енгізілді
- Семейде сталкинг жасаған қыз тек бұзақылық үшін ғана айыппұл арқалаған
- Нұрай ісі: марқұмның ағасы желідегі бейнежазбаларға пікір білдірді