Келешек үшін өмір сүретін қазақ: бала асырамақ түгілі, өз баламызды баға алмай жүрміз

cover

Қазақтың қазақылығын сақтайтын – салт-дәстүрі. Бірақ оның тозығы жеткені ме? Әлде салт-дәстүр заманға сай түрленіп жатыр ма? Алып қашу, тектілік, әмеңгерлік, құда түсу, бала беру сынды дәстүрлер сақталған ба?

Orda.kz редакциясы жоғарыдағы сұрақтардың жауабын іздеп, этнолог, әдеби сыншы Дандай Ысқақұлымен әңгімелесті.

ХХІ ғасырдың қазағына салт-дәстүрлердің оғаш көрінуіне не себеп?

салт дәстүр

– Оған себеп - батысқа қатты еліктеуіміз. Біз олардың жақсы мен жаманын ажырата алуымыз керек.

Мына шекара ашылды, тәуелсіздік алдық, бәрі жақсы. Бірақ батысқа қатты еліктеп, сатылып кеткен сияқтымыз. Барлық жақсы сонда сияқты болып тұрады.

Біз одан жақсысын алайық, бірақ жаманын сүзіп алу керек екендігін ұмытпауымыз керек.

«Алып қашуға» деген көзқарасыңыз қандай?

 қыз алып қашу
Jambyl-Taraz

– Қызды алып қашу бұрындары көп болған. Қазір ол азайды.

Біз «алып қашу» дегенде бірден зорлық-зомбылық жағына ғана мән береміз. Ондайлар да болды. Бірақ көбінесе қыз бен жігіт бір-бірін ұнатады, жүреді. Құдалық пен той жасап үйленуге жағдайлары келмеген кезде екі жақтың келісімімен «алып қашты» деп жатады. Сондай-ақ, кейде қыздың жағы көнбейді, әкесі келіспей жатады сондай жағдайда ғана алып қашу болған. Олар артынша кішігірім той жасап, жақсы отбасы болып жатады. Таяқтың екі ұшы бар.

Мәселен зорлап алып қашу мына 21 ғасырда айтуға келмейтін нәрсе. Олай болмауы керек.

Ал екі жақты қосу үшін, бірге қиындықтан шығу үшін келісіп, осындай әрекетке баратын жағдайлар көп.

Бұрындары «неге той жасап бермедің?» деген сұрақтардан құтылу үшін де осындайға барған.

ХХІ ғасыр жастары шетелдіктерге еліктейді. Осы тұста «қыздық» мәселесі әлі де өзекті ме?

қыздық

– Менің ойымша, барынша осы дәстүрді сақтағанымыз дұрыс. Еуропа халқы бүгінгі күннің ғана қызығымен өмір сүреді. Ал қазақтың басқалардан ерекшелігі — келешек үшін, келешек ұрпақ үшін өмір сүреді: ұрпағының бақытты, тұрақты, таза болуы үшін. Сосын мына қазіргі кезде енді-енді «тек» деген нәрсе көтеріліп жатыр. Тегіне қарап, текті жерден қыз алған кезде оның таза болғандығы, ата-тегінің барлық қасиетін сақтағандығы бірінші кезекте болады.

Ал қазір айтуға да ыңғайсыз. Егер ол басқалармен жүріп қойса, оның барлығы алдағы уақытта ДНҚ-да әсер етеді. Ол болашақ ұрпаққа әсер етеді де, содан кейін Еуропадағы жүрістілердің ДНҚ-сы сияқты тұрақты болмайды. Небір адамдардың қандары араласса, ол адамның руханиятына да әсер етеді. Оны кварцфизика дәлелдеп жатыр.

Тектілік пен геннің дұрыстығын сақтау үшін дәстүр сақталуы керек.

Қазір біз Еуропалықтардың жаман жағына еріп кеттік. Олар үйленбей тұрып, бірге тұрады, келісімшарт бойынша некеге отырып жатады, үйлесімділікке қатты қарайды, тұқым маңызды емес.

Еуропалықтардың ішінде тек ақсүйектері ғана тектеріне қараған.

Бізде тектіліктен бұрын жеті атаға ден қойып жатады ғой. Ол тазалықтың, отбасында да тұрақтылық пен бір-біріне деген сенімділіктің, ерлі-зайыптылардың бір-біріне құрметінің белгісі.

Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Әмеңгерлік қазіргі таңда сақталған ба, әлде түрленген бе?

Әмеңгерлік

– Қазір ол сирек кездеседі. Азайып бара жатыр. Көбіне оңтүстік жақта және қазақы дәстүр сақталған жерлерде бар. Оның еш оғаштығы жоқ.

Әйелдің күйеуі өмірден өткен кезде, оны қайын ағасына, не қайын інісіне алып беретін. Осы салт-дәстүрді – әмеңгерлік дейді.

Қазір «құда түсу» деген бар ма?

атастыру

– Бұл енді мүлде сирек кездеседі. Егер екі жастың ата-анасы жақын таныс болып жатса, жастар бір-бірін ұнатса ғана, бастысы ондай отбасы мықты болады.

Қазіргі кезде жастар өздері таңдап, қосылады. Ал ата-аналары тек оқиғаның куәсі ғана.

Кейін олардың махаббаттары сарқылған шақта ешкім оларға ештеңе дей алмайды. Осылай олар өз жөндерімен кете береді.

Ал білетін жерге қыз берсең, ертең ақылыңды айтып, отбасын сақтап қалуға көмектесе аласың.

Оған себеп – дүниетаным. Қазір қоршаған ортамыздың бәрі басқа тілде сөйлейді. Адам қай тілде сөйлесе, сол тілде ойлайды, солай өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Осыдан кейін руханият өзгереді.

Қазақтың көне салты «бала беруге» деген көзқарасыңыз қандай?

бала беру

– Қазақстанда әйел адамның бала көтеру жасы – 36 жас. Ер адамдар 25-45 жас аралығында өмірге бала әкеле алады. Олардың ұрпақ қалдыру қабілеті 10-ақ пайыз.

Қазір осы ұрпақ сүю мәселесі өте өзекті. Отабасында бала болмаса, ұрыс көбейе береді. Бұл мәселенің шешімі қаралып жатыр.

Ең басты мәселе — қазір тастанды бала да көп. Бала асырамақ түгілі, қазір өз баламызды баға алмай жүрміз.

Ал бұрындары балаң болмаса, туғандарыңның баласын алуға болатын. Қазір бұл салт мүлде кездеспейді.

Жақыныңнан бала алсаң оның тегін білесің, жақсы емес пе?! Бірақ қазір оның орнына перзентханадан әке-шешесі кім екенін де білмей, бала асырап алып жатады.

Салт-дәстүр заман талабына қарай өзгеріп, түрлене ме?

тұсау кесер

– Біздің өмірімізге көмектесетін салт-дәстүр баршылық. Соларды мүмкіндігінше сақтап қалуымыз керек. Ал қазір заманға байланысты артық кеткендері болса, олардан бас тартуға тура келеді.

Мысалы, қазақтар бұрындары бір-бірімен жарысып, той жасайтын. Қазір ол жағдайға байланысты қалып барады.

Негізінен қазақты ұлт ретінде қалыптастыратын, құндылықтарды дәріптейтін салт-дәстүрлер қоғамға керек.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар