Қазақстанда TikTok-қа шектеу енгізілуі мүмкін

cover Фото: Parlam.kz

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Қазақстанда 18 жасқа толмағандарға TikTok қолдануға тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды Orda.kz.

Депутаттың пікірінше, бұл платформада пайдалы контент өте аз, ал балаларға теріс әсер ететін деструктивті ақпарат көп таралып жатыр.

«TikTok арқылы құмар ойындардың жарнамасы, тәрбиеге қайшы стримдер көрсетілуі, ар-намысқа жат сөздер айтылуы, порнографияның таралуы, суицидтік ойлар мен экстремистік діни көзқарастардың насихатталуы, буллинг және тыйым салынған заттардың жарнамасы жүргізіледі. Бүгінгі таңда балалардың "әліппесі" – әлеуметтік желілер, "бөтелкесі" — TikTok, ал Instagram "бесік жырына" айналды. Бұл платформалардың жас ұрпаққа әсерін атомдық бомбамен салыстыруға болады», — дейді депутат Әшімжанов.

Парламент депутатының пікірінше, жасөспірімдер TikTok-та көргендерін қайталап, «зиянды әдеттерге» бейімделеді.

«Мысалы, "Мысықтың жүрісі" (Catwalk Challenge) челленджі жастар арасында вирустық трендке айналды. Онда қатысушылар көше бойымен, айналадағыларды елемей, модельдер сияқты жүреді. Бұл беймәлім тренд болып көрінуі мүмкін, бірақ оның көрілім саны 500 миллионнан асып кетті. Сонымен қатар, TikTok-та 18 жасқа толмаған қыздарға "бөксе билерін" үйрететін қадамдық видеолар таралуда», — деді ол.

Жанарбек Әшімжан қазіргі балаларды тәрбиелейтін ата-аналар емес, әлеуметтік желілер екенін алға тартады.

«Бұл балалардың дәстүрлі құндылықтардан айырылып, ұлттық мәдениет туралы білмей өсуіне себеп болып отыр», — деді ол.

TikTok-тың қауіптілігі туралы айта келе, Әшімжан басқа елдердегі тәжірибелерді мысалға келтірді:

«Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан TikTok-қа жартылай немесе толық шектеу енгізді. Франция жасөспірімдердің интернетке кіруін заң жүзінде реттейді. Австралия 16 жасқа толмаған балаларға TikTok қолдануға тыйым салды. Ал Еуроодақ, Канада, Ұлыбритания және Жаңа Зеландия 2023 жылы балаларды оның зиянды әсерінен қорғау шараларын қабылдады. TikTok-тың өзінде, оның туған жері Қытайда да платформаға шектеу енгізілген», — деді ол.

Мәжіліс депутаты Қазақстанға да осы тәжірибелерді енгізу қажет деп санайды. Оның айтуынша, соңғы бес жылда балалардың көру қабілетінің нашарлауы байқалған, бұл гаджеттерді ұзақ уақыт қолданудан туындаған.

«Үкіметке платформаларда этикаға, ұлттық құндылықтарға, дәстүрлер мен мәдениетке қайшы келетін және балалардың психикасына теріс әсер ететін контенттің таралуына шектеу енгізуді ұсынуға болады. Сондай-ақ, 18 жасқа толмағандарға TikTok-ты қолдануға толық тыйым салудың немесе қатаң шектеулер енгізуд тетіктерін қарастыруды сұраймыз», — деп түйіндеді Жанарбек Әшімжан.

Қазақстанда соңғы бірнеше аптадан бері TikTok жиі істен шығып жатыр.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар