Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енеді

cover

10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енеді. Бұл ретте азаматтардың екі мемлекеттің аумағында болу мерзімі 30 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.

Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім 10 қарашадан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

«17 мамырда Сиань қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы үкіметі мен Қытай Халық Республикасы үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім 10 қарашада күшіне енеді. Осы келісімнің 1-бабына сәйкес , екі елдің азаматтары жеке кәсіпкерлік, туризм, емдеу, халықаралық тасымалдау, транзит, сондай-ақ іскерлік мақсаттар үшін визалық талаптардан босатылады» делінген хабарламада.


Сонымен бірге, азаматтардың екі мемлекеттің аумағында болу мерзімі мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап күнтізбелік 30 күннен, ал 180 күнтізбелік күн ішінде барлығы 90 күнтізбелік күннен аспауы тиіс, деп қосты СІМ.

Егер азаматтарға 30 күннен астам тұру қажет болса, олар алдын ала тиісті санаттағы кіру визасын алуы керек.

«Визасыз режим жұмыс істеуге, оқуға және миссионерлік қызметке құқық бермейді», - деп атап өтті ведомство


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар