«Қаскелең нәжіске батып жатыр»: Қарасай ауданындағы кәріз дауы ушықты
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғындары мен кәріз суын тасымалдаушы жүргізушілер ереуілге шығып, әкімдік ғимаратына жиналды. Orda.kz оқиға орнына барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтты.
Кәріз суын тасымалдайтын жүргізушілер Қарасай ауданы аумағынан қалдық төгетін арнайы жер сұраса, тұрғындар лас суды сорғызу құнының тым қымбаттап кеткеніне наразы. Қазіргі таңда кәріз суы Боралдай кентіне тасымалданып жатыр. Жүргізушілердің айтуынша, бұл бағытқа қатынау әдеттегіден әлдеқайда қымбатқа түседі.
«Қалдық төгетін орын Қаскелеңнің өзінен 33 шақырым жерде орналасқан, ал біз Ұзынағаш пен Шамалғаннан тасимыз, оның үстіне жол ақылы. Халық қазіргі тарифті көтере алмай отыр. Арасында асыраушысы жоқ немесе көпбалалы, жағдайы төмен отбасылар бар. Оларға кейде тегін қызмет көрсетеміз, ондай адамдардан қалай ақша аласың?», – деді жүргізуші.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бұрын қалдықтар Әйтей ауылына төгілетін. Алайда әкімдік ол жерлерді жеке тұлғаларға сатып жіберген.
Естеріңізге сала кетейік, Orda.kz бұған дейін Әйтей ауылы тұрғындарының мұң-зарын жазған болатын. Ол кезде ауыл халқы кәріз тасымалдайтын көліктерді ішке кіргізбей, жолды жауып тастаған еді. Себебі тұрғындар қолқаны қабатын жағымсыз иістен тыныс алу мүмкін емес екенін айтқан. Жүргізушілердің айтуынша, бірнеше рет әкімдікке шағымданғанымен, билік өкілдері «ақшаларыңды алып, жұмыстарыңды істей беріңдер» деп қысқа қайырған.
«Қарасай ауданында 65-тен астам мектеп пен балабақша бар, соның тек бес-алтауы ғана орталық кәріз жүйесіне қосылған. Қалғаны лас суға батып жатыр. Жалпы, Қаскелең нәжіске батып барады десе де болады. Біздің жұмысымыз лас болғанымен, оны адал атқарып, мемлекетке салық төлеп отырмыз, бәрімізде жеке кәсіпкерлік (ЖК) тіркелген. Ешқандай заң бұзушылық жоқ. Мына Боралдайға күніне ары кетсе үш-ақ рет бара аламыз. Қазір жұмыс аз, ал бір айдан кейін мына көліктер үлгермейді. Себебі бұрын бір күнде 8 рейс жасайтынбыз», – деді жүргізуші.
Қарасай ауданында кәріз мәселесінің ушығып, тұрғындардың шулап жүргеніне бір жарым ай болды. Бірақ түйткілді мәселе әлі шешілген жоқ. Бүгін аудан тұрғындары мен ассенизатор көлігінің жүргізушілері аудандық әкімдікке жиналды.
«Мен көпбалалы анамын. Айына 40 мың теңгеге кәріз суын тазалау жұмыстарын жүргізуге шамам жоқ. Үйім сазды жерде орналасқандықтан, айына екі рет қалдықты шығаруға тура келеді. Қалдық төгетін жер алыстап, баға қымбаттаған соң, қазір лас суды шелекпен әжетханадан сыртқа тасуға мәжбүрмін. Үйдегі дәретханадан лас су сыртқа атып жатыр. Өзім балалардың жәрдемақысымен күн көріп отырмын», – деді Қаскелең тұрғыны Әсем Өтемұратова.
Әкімдік алдына жиналған халықты ғимарат ішіне кіргізіп, бір жарым сағат күттіріп қойғаны жиналғандардың ашуын туғызды. Тұрғындар күткен аудан әкімі келмей, оның орнына орынбасары шықты.
Әкімнің орынбасары Ақылбек Бексұлтанның айтуынша, Қарасай ауданының жері басқа аймақтармен салыстырғанда тар. Сондай-ақ ол қалдық төгуге ашылған жерлер халықтың наразылығынан кейін жабылып қалғанын жеткізді.
«Қарасай ауданы – халық тығыз қоныстанған аймақ. Қазіргі уақытта аудан аумағында нақты рұқсат берілген орын жоқ. Қай елді мекенге апарсаңыздар да, ешкім келіспейді. Сондықтан жаңа орын ресми түрде ашылады деп айта алмаймын. Уақытша Боралдай жаққа тасуға тура келеді. Бірақ бағаны екі-үш есе көтеру дұрыс емес», – деді Қарасай ауданы әкімінің орынбасары.
Әкімдік өкілдері егер ассенизаторлар бағаны көтеретін болса, қосымша жеке фирмалардың қызметіне жүгінетіндерін мәлімдеді. Алайда орынбасардың бұл уәжі тұрғындардың наразылығын одан сайын өршітті.
«Бұл мәселе 2020 жылдан бері шешілмей келе жатыр, енді 2-3 айда қалай реттелмек? Тым болмаса үш айға жақын маңнан орын ашып берсін. Алысқа апарсақ, бағаның көтерілетіні анық. Шындықты айтқанымыз үшін неге біз жаман атты болуымыз керек?» – деді ассенизатор жүргізушілері.
Әкімдік кәріз суын алысқа төгуді талап еткенімен, бағаны өсірмеуді міндеттеп отыр. Ал жүргізушілер шығын көбейгендіктен, бағаның міндетті түрде көтерілетінін айтты. Екі тарап ортақ мәмілеге келе алмады.
«Қосымша орынға келіспесеңіздер, ассенизаторлармен нақты келісімшарт бекітеміз. Сол құжаттағы бағамен келіспесеңіздер, кәріз суын шығаратын өзге фирмаларды шақырамыз. Мен сіздермен күндіз-түні жігітше сөйлесіп отырмын, бірақ өздеріңіз келіспей жатырсыздар», – деді әкім орынбасары.
Қорыта айтқанда, Қарасай ауданындағы кәріз суы мәселесі тығырыққа тірелді. Әкімдік шығынды жүргізушілердің иығына артқысы келсе, жүргізушілер алыс қашықтық үшін тарифті төмендету мүмкін емес деп отыр. Ал ортада қарапайым халық антисанитарлық жағдайда, лас суға батып күн кешуде. Мәселе әлі де шешімін таппаған күйі қалды.
Жаңалықтар
- Жауапкершілікке тек бір азамат тартылды: Бас прокуратура мен ІІМ Референдум қорытындысын айтты
- Қазақстанда референдумдағы дауыс беру аяқталды
- Референдум-2026: Дезинформацияға қарсы күрес орталығы желідегі жалған ақпараттарды тіркеп жатыр
- Заңсыз активтерді қайтару аясында мемлекетке 1 трлн теңгеден астам қаржы құйылды – Бас прокуратура
- Қазақстанда сағат 16:00-дегі жағдай бойынша референдумдағы алдын ала қатысу көрсеткіші 64,43% болды
- Иран Таяу Шығыстағы қақтығысты тоқтатудың екі шартын атады
- Референдум: Қаныш Сәтбаев атындағы университетте қалай өтіп жатыр?
- Назарбаев: Бір кезде мен Тоқаевты таңдадым, қазір де қолдаймын
- Мемлекет басшысы референдумда дауыс бергеннен кейін журналистермен брифинг өткізді
- Қуандық Рахым референдумда дауыс берді, Димаш денсаулығына байланысты қатыса алмады
- Референдум: Мүмкіндігі шектеулі жандар қалай дауыс береді?
- Қазақстан полициясы күшейтілген тәртіппен жұмыс істеп жатыр
- Референдумдағы сайлаушылардың қатысуы туралы ақпарат жаңарды
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық референдумда дауыс берді
- Назарбаев референдумда дауыс беруге келді
- Алматы әкімі Дархан Сатыбалды республикалық референдумда дауыс берді
- ОСК референдумдағы сайлаушылардың қатысуы туралы дәл қазіргі мәліметті берді
- Азат Перуашев Референдумда дауыс берді
- Алматы облысы Іле ауданына тілшінің бақылап, ақпарат таратуына қарсы болған жағдай тіркелді
- Референдум: Бостандық ауданы тұрғындарының дауыс беруге белсенділігі байқалмады