Юлия Навальная күйеуінің өліміне Ресей президенті Владимир Путинді айыптады

cover Фото: Ашық дереккөзден

Юлия Навальная You Tube желісіндегі «Алексей Навальный» арнасында үндеу жасап, күйеуінің өліміне Ресей президенті Владимир Путинді айыптады, деп хабарлайды Orda.kz порталы.

«Үш күн бұрын Владимир Путин менің күйеуім Алексей Навальныйды өлтірді. Путин менің балаларымның әкесін өлтірді. Путин мені ең сүйікті, ең қымбат адамымнан айырды. Бұған қоса, Путин сіздерді де Навальныйдан айырды... Путин Алексей Навальный деген адамды ғана өлтірген жоқ, ол сонымен бірге біздің үмітімізді өлтіргісі келді», – деді Юлия Навальная.

Бұдан кейін Навальная бұрынғыдан да екпінді жұмыс жасайтынын, алдағы уақытта Навальныйдың ісін жалғастыратынын мәлімдеді.

«Біз Путин Алексейді не себепті өлтіргенін білеміз. Жақында ол туралы айтамыз. Ол қылмысты кім және қалай жасағанын міндетті түрде анықтаймыз. Олардың тегін тектеп, түрін көрсетеміз. Біз Алексей үшін және өзіміз үшін бұрынғыдан да екпінді күресетін боламыз», – деді ол.


Еске сала кетейік 19 жылға сотталған ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың абақтыда жұмбақ жағдайда қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған болатын. АҚШ, Германия, Ұлыбритания және т. б батыс елдерінің басшылары оның өліміне Ресей президенті Владимир Путинді айыптаған еді.

Алексей Навальныйдың мәйіті әлі күнге дейін анасы мен адвокатына берілген жоқ. Юлия Навальная үндеуінде күйеуінің мәйітін бермеу арқылы Путин режимі оның неден қайтыс болғанын жасырып отыр деп мәлімдеді. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар