«Ит құрлы көрмейді»: Думан Мұхамедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның жағдайы нашарлады

cover Коллаж: Orda.kz

Бүгін Алматыда журналист Думан Мұхамедкәрім мен қоғам белсендісі Әйгерім Тілеужанның ісіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, Думанның қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов, әкесі Алмас Тілепов және Айгерімнің адвокаты Айнара Айдарханова қатысты.  Олар қамауда отырған екі саяси тұтқынның денсаулығының нашарлағанын, медициналық көмектің жетіспегенін және құқықтарының тапталып жатқанын мәлімдеді.

Orda.kz тілшісі жиынға қатысушылардың уәжін тыңдап қайтты.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина журналист Думан Мұхамедкәрімнің жағдайы өте алаңдатарлық екенін мәлімдеді.

«Бізде Думан отырған камерада оған қысым жасалғаны туралы нақты ақпарат бар. Бұл оның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірген. Алайда түрме басшылығы бұл оқиғаны тексеруден бас тартып отыр. Біз жүйеге емес, Думанға сенеміз», – деді ол.

Төреғожинаның айтуынша, Мұхамедкәрім шұғыл медициналық көмекке мұқтаж. Бірақ түрме әкімшілігі оны ауруханаға жатқызуды «қауіпсіздік қызметкерлері жетіспейді» деген сылтаумен кейінге қалдырып келеді.

«Мемлекет адамды соттап, оның өміріне жауапкершілікті мойнына алған соң, оның ем алуына да жағдай жасауға міндетті. Олар: “40–50 адам күзетте тұр, бірақ төртеуін стационарға жіберуге болмайды” деп ақталады. Бұл – сылтау ғана. Егер мемлекет азаматты бостандығынан айырса, онда оның денсаулығы үшін де толық жауапты. Ем алуға мүмкіндік беру – мемлекеттің тікелей борышы», – деді құқық қорғаушы.

Бақытжан Төреғожина сонымен қатар белсенді Әйгерім Тілеужанның да жағдайы қиын екенін айтты.

«Бір жарым ай бұрын барғанымда Әйгерім суық тигенін айтты. Алдағы суықта жағдайы ушығуы мүмкін. Біз оған жылытқыш апарып бердік, қолдан келгенше көмектесіп жатырмыз. Бірақ бұл уақытша шара ғана. Мемлекет өз азаматтарының өмірі мен денсаулығына нақты кепіл болуы тиіс», – деді Төреғожина.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов өткен аптада Думан Мұхамедкәріммен кездескенін айтты. Нұрпейісовтің айтуынша, түрме әкімшілігі қоғамды шатастырып, «Думанның денсаулығы жақсы» деген жалған ақпарат таратқан.

«Ол әлі де карцерде отыр. Бөлменің көлемі 8 шаршы метрге де жетпейді. Терезеден суық кіреді, қабырғалар мұздай. Соның салдарынан бүйрегі мен бауырына суық тиген, қуық асты безі қабынған. Толық ем қабылдамаған, жалпы жағдайын анықтау үшін кешенді тексеру қажет», – дейді адвокат.

Оның сөзінше, Мұхамедкәрім жазған хаттардың төртеуі мүлде жоғалып кеткен. Олардың арасында Бас прокуратураға, Президент әкімшілігіне және адвокаттың өзіне жолданған хаттар бар.

Думан Мұхамедкәрім өз кінәсін мойындамайды және осы себепті түрме формасын кимейтінін жеткізген. Осы әрекеті үшін оған 13 тәртіптік жаза берілген, бірақ ол тек біреуін – форма кимегенін ғана мойындайды.

«Оны әдейі арандатып, кейін камераға түсіріп, “тәртіп бұзды” деп хаттама толтырады. Бұл – психологиялық қысымның бір түрі. Осы жазалардың кесірінен, Думанды Алматыға ауыстыра алмай отырмыз», – дейді қорғаушы.

Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығының нашарлығына қарамастан, құқықтарының бұзылуына наразылық ретінде әр айдың 30-ында аштық жариялауды жалғастырады. Бұл өзіне назар аудартудың және заңсыздыққа қарсы тұрудың жалғыз тәсілі. Аштық 7-10 күнге созылып, ай сайын қайталанбақ.

Сонымен қатар адвокат Ғалым Нұрпейісов өз құқықтарының да жиі бұзылатынын атап өтті.

«Мекемеге келген сайын бір жағдай қайталанады. Мен таңғы сағат 9-10-да келемін. Бірақ белгісіз себеппен тек кешкі 17:45-те ғана Думанға кіргізеді. Сол уақытқа дейін фильтр алдында ұзақ тұруға тура келеді. Отыратын орын жоқ, жел соғып тұрады, суық. Ал ішке кіргенімде, Думан мені бір сағаттай күтіп отырады. Себебін ешкім түсіндірмейді, тек күліп, “орын жоқ” дейді. Бірақ мен өз көзіммен көрдім, адвокаттармен жұмыс істеуге арналған бірнеше бөлме бар. Бұл – қорғаушылар мен қоғам өкілдерін әдейі шаршатып, бас тартуға итермелеу әрекеті секілді», – деді ол.

Тәуелсіз журналист Думан Мұхамедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов ұлының шағымдарына байланысты әділ тергеу жүргізілмей отырғанына наразы. Думан түрме қызметкерлерінің үстінен бірнеше рет арыз жазған. Алайда сол шағымдарды дәл сол қызметкерлердің өздері қарайды. Тілепов түрмеде парламенттік тексеріс жүргізуді талап етті.

«Парламенттегілер “бізді халық сайлаған” дейді ғой. Егер рас халық сайлаған парламент болса, онда түрмедегі саяси тұтқындарға байланысты парламенттік тексеріс жүргізсін. Неге саяси тұтқындарды иттің дәрежесінен төмен ұстайды?», – деді ол.

Әйгерім Тілеужанның қорғаушысы Айнара Айдарханова оның жеті айдан бері созылмалы аурудан зардап шегіп жүргенін, бірақ тиісті ем қабылдамағанын айтты. 

Журналист әрі белсенді Әйгерім Тілеужан Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы «әуежайын басып алу» ісі бойынша сотталған болатын. Абақты отырған Әйгерім денсаулығының күрт нашарлағанын айтты.
Бұған дейін Orda.kz тілшісі Әйгерім Тілеужанның адвокатымен сөйлесті.
«Бәрі кішкентай жарадан басталған. Бірақ уақтылы ем болмағандықтан, ол созылмалы ауруға айналды. Әйгерімнің денсаулығы әлсіреген, салмағы азайған, иммунитеті төмен», – деді адвокат.

Оның айтуынша, адвокаттар бірнеше рет Денсаулық сақтау министрлігіне және Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағым түсіргенімен, «қолданылып жатқан ем жеткілікті» деген біржақты жауап қана алған.

23 қазан күні Әйгерімді жеке емханаға апарып, тәуелсіз дәрігердің тексеруіне қою жоспарланған.

«Егер қылмыстық-атқару жүйесі кедергі келтірмесе, бүгін ол дәрігерге қаралуы тиіс», – деді Айдарханова.

Адвокаттың сөзінше, түрме ішінде қарапайым дәрі-дәрмек те жоқ.

«Фурацилин сияқты 30 теңгелік дәріні туыстары Алматыдан алып келуге мәжбүр болған. Бұл – масқара жағдай. Мемлекет бұл дәрілерге қаржы бөледі. Бірақ сол қаражат қайда кетеді?» – деді ол.

Айта кетейік, журналист Думан Мұхаммедкәрімнің Қызылордада отырғанына 10 ай болды. Құқық қорғаушылар Қызылордаға барып Думан Мұхаммедкәрімнің жағдайын білді. Бұған дейін оның жақтастары арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, Мұхаммедкәрімнің жазған хатын оқыған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар