Иранға шабуыл: Әлем басшылары дүниежүзілік соғысқа ұласып кетпесе деп алаңдаулы

cover Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Дональд Трамп пен оның серіктестері АҚШ-тың Иранмен не үшін соғыс бастағанын түсіндіруге тырысып бағуда. Алайда олардың нұсқалары әрдайым өзгеріп әрі бір-біріне қайшы келіп жатады, деп хабарлайды Orda.kz.      

28 ақпанда Дональд Трамп Иранға қарсы соғыс бастады, оны америкалықтардың басым бөлігі қолдаған жоқ. Бұл соғысты ақпараттық тұрғыдан ақтап алу үшін Ақ үй АҚШ көшбасшыларына тән емес, бірақ ресейлік насихатқа ұқсас айла таңдады.

Трамп пен оның командасының мүшелері АҚШ-қа бұл қақтығыс не үшін қажет екені және оның қандай нәтижесі табысты болатыны туралы сан алуан, әрі өзара қарама-қайшы пікір айта бастады.

Сарапшылардың пікірінше, осылайша Трамп «жеңіс» ұғымын өзіне  икемдеп алып, ықтимал сәтсіздік үшін жауапкершіліктен жалтарғысы келеді. Ал сыншылар, тіпті АҚШ президентінің кейбір жақтастары да Ақ үйдің жалтарма жауаптарына наразы болып, мұны нақты стратегия жоқтығының белгісі деп санайды.

Ондай стратегиясыз Америка Таяу Шығыстағы жаңа соғысқа ұзақ уақыт шиеленісіп қалуы мүмкін. Ал енді Трамп пен оның әкімшілігі мүшелерінің Иранмен соғыстың себептері, мақсаттары және сипаты туралы қалай түсіндірме бергенін саралап көрейік.

Трамп АҚШ операция барысында Иранның зымырандарын жойып, елдің зымыран өндірісін толықтай талқандайтынын мәлімдеді. Оның 28-ақпандағы 8 минуттық үндеуінде соққы мақсаты — иран режимінен америкалықтарға төнетін қауіпті жою екені айтылған. Трамптың сөзінше, 47 жыл бойы бұл режим «Америкаға өлім» деп ұрандап, қатардағы америкалықтарға, әскери қызметкерлерге және АҚШ одақтастарына қауіп төндіріп келген.

Иранның ядролық бағдарламасы туралы АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет 2025 жылғы 22 маусымда 12 күндік соғыс барысы туралы:

«Біз Иранның ядролық бағдарламасын жойдық. Президент Трамптың батыл әрі көреген басшылығының арқасында Иранның ядролық амбициялары толықтай күйреді», – деді.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уитков, 2026 жылғы 22 ақпанда, дәл соғыс басталардың алдында:

«Ирандағы уранды байыту деңгейі 60%-ға жетті. Бәлкім, бір аптадан кейін оларда бомба жасауға арналған өнеркәсіптік деңгейдегі материалдар пайда болуы мүмкін» деп жазды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 2026 жылғы 25 ақпанда:

«Олардың ядролық бағдарламасы жермен-жексен етілген кезде, оны қайта жандандыруға тыйым салынған еді. Бірақ олар үнемі оның жекелеген элементтерін қалпына келтіруге тырысып келеді. Қазір олар уранды байытып жатқан жоқ, алайда соны қайта бастай алатын деңгейге жетуге ұмтылып отыр», — деді. 

Еске салсақ 28- ақпанда Таяу Шығыстағы ахуал күрт ушықты. АҚШ пен Израиль Иран аумағына және оған жақын күштерге соққы жасап, бір-ақ күнде дүниені астаң-кестең етті. Иран да өзін қорғауға құқығы бар екенін мәлімдеп, жауап қайтарып, аймақ елдерінде зымырандар мен дрон шабуылдарын жасай бастады. Ормуз бұғазы, Парсы шығанағы және бірнеше елдегі америкалық нысандар шиеленіс аймағында қалды. Парсы шығанағының ашық айдынында, Ормуз бұғазында кемінде 150 кеме қаңтарылып тұр. Олардың арасында шикі мұнай мен сұйытылған табиғи газ тасымалдайтын танкерлер де бар.

АҚШ Мемлекеттік департаменті өз азаматтарын дереу Таяу Шығыстағы бірқатар елдерден шұғыл түрде әкетуге тырысып жатыр. Тізімде Бахрейн, Мысыр, Иран, Ирак, Израиль, Иордания, Кувейт, Ливан, Оман, Катар, Сауд Арабиясы, Сирия, БАӘ және Йемен бар.

Дегенмен бұл соғысты әлем елдері мен мемлекет көшбасшылары да қолдап отырған жоқ. Үндістан айыптамаса да, шиеленістің өршуіне алаңдаушылық білдірді. 

Қытай сыртқы істер министрлігі Иранның егемендігі мен аумақтық тұтастығы құрметтелуі тиіс екенін атап өтіп, әскери әрекеттердің одан әрі ушығуы аймақтық тұрақтылыққа қауіп төндіретінін мәлімдеді.

Ресей де Ирандағы қақтығысты айыптады. Ресей бәрін мүмкіндік болса, дипломатиялық жолмен шешуге қол ұшын созатынын мәлімдеді.

Солтүстік Корея да Иранды жақтап, Израильді бейбітшілікке қауіпті мемлекет және АҚШ-тың оны қолдауы «заңсыз агрессия» екенін мәлімдеді.

Парсы шығанағындағы алты араб монархиясы Иранға ұжымдық қауіпсіздік аясында жауап беретінін мәлімдеді. Ал Германия, Франция және Ұлыбритания Тегеран соққыларын тоқтатпаса, әскери шаралар қабылдауы мүмкін екенін ескертті.

Сонымен қатар, Германия, Франция және Ұлыбритания басшылары Иран Таяу Шығыстағы олардың одақтастарына соққы жасауды жалғастырса, әскери шаралар қолдануы мүмкін екенін мәлімдеді.

Ал Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Парсы шығанағында ирандық дрондарға қарсы күреске Украина сарапшыларын тартатындарын мәлімдеді. Лондон Киевтің тәжірибесін пайдаланып, өңір елдеріне әуе шабуылдарынан қорғануды күшейтпек. 

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеме жасап, соңғы қайғылы оқиғалар салдарынан бейбіт тұрғындардың, сондай-ақ Ислам Республикасының жоғары басшылығы өкілдерінің қаза табуына байланысты Иран халқына көңіл айтты. 

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция шамамен төрт аптаға жоспарланғанын айтқан болатын. 

Дегенмен дүниені дүрліктірген соғыс оты әлем халықтары мен мемлекет басшыларының берекесін кетіріп, сарапшылардың дүниежүзілік соғысқа ұласып кетпесе деген қауіп білдіріп отырғаны рас.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі консулдықтармен бірлесіп, қазақстандықтарды эвакуациялау үшін арнайы рейстер мен жерүсті тасымалын ұйымдастыруда. Алғашқы 278 адам Оманнан Алматыға жөнелді, жалпы 467 азаматты елге қайтару жоспарланған.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар