Ирандағы соғыс жаңа кезеңге өтті: Қазір не белгілі?
Сурет ЖИ көмегімен жасалған
Таяу Шығыстағы қақтығыс жаңа кезеңге өтті. АҚШ, Израиль және Иран арасындағы әскери текетірес тек аймақтың өзімен шектелмей, көрші елдерге де әсер ете бастады. Қазіргі таңда Иран, АҚШ, Израиль және олардың серіктестері қатысқан бұл қақтығыс өңірдегі қауіпсіздік пен әлемдік энергетика нарығына ықпал ететін ірі геосаяси дағдарысқа айналды. Orda.kz соғыстың жетінші күнінде не белгілі екенін түсіндіреді.
Соғыс қалай өршіп жатыр?
Ақпарат көздерінің мәліметінше, қақтығыс бірнеше бағытта қатар жүріп жатыр. Reuters дерегіне сүйенсек, әскери операция екінші кезеңге өткен. Бұл кезеңде Израиль Иранның жер астында орналасқан зымыран базаларын нысанаға алуды жоспарлап отыр.
Иран да жауап ретінде кең көлемде шабуылдар жасаған. Fars агенттігінің хабарлауынша, эскалация басталғалы Иран 500-ден астам қанатты және баллистикалық зымыран, сондай-ақ 2000-нан астам дрон ұшырған. Олардың шамамен 40 пайызы Израильге, ал 60 пайызы аймақтағы америкалық әскери нысандарға бағытталған.
АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы «Зор қаһар» деп аталатын операцияның кадрларын жариялап, Иранның дрон тасымалдаушы кемесі жойылғанын көрсетті. Әскерилердің айтуынша, оның көлемі Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі әуетасымалдаушыларға шамалас болған.
Сонымен бірге CBS News мәліметіне қарағанда, операция басталғалы үш MQ-9 Reaper америкалық дроны атып түсірілген. Олардың біреуі Иран жағалауына жақын теңізге құлаған. Тағы бір дрон «достық отынан», яғни Қатар әскерилері қателігінен жойылған болуы мүмкін. Мұндай аппараттың біреуінің бағасы шамамен 34 млн доллар.
Иран жағы да қарсы әрекеттер жасағанын мәлімдеді. Ирандық ақпарат құралдарының хабарлауынша, олардың дрондары USS Abraham Lincoln тасымалдаушы кемесіне шабуыл жасап, кеме тобы Ормуз бұғазынан 1000 шақырымнан астам қашықтыққа шегінген.
Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи NBC News-ке берген сұхбатында Ресей мен Қытай Тегеранға саяси және басқа да қолдау көрсетіп отырғанын айтты. Ол сонымен қатар Иран атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді қажет деп санамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, егер АҚШ құрлықтағы операция бастаса, бұл америкалық әскер үшін «үлкен апатқа» айналуы мүмкін. Арагчи сонымен бірге АҚШ-тың соғысты тез аяқтау жоспары сәтсіз болғанын айтып, Вашингтонның «B жоспары да іске аспайды» деп мәлімдеді.
АҚШ-тың соғыстағы жоспары
АҚШ президенті Дональд Трамп Ирандағы қазіргі билікті толық өзгерту қажеттігін ашық айтты. NBC News-ке берген сұхбатында ол Вашингтон «Иран басшылығын түгел алып тастауды» қалайтынын мәлімдеді.
«Біз бәрін алып тастағымыз келеді. Бізге жақсы көшбасшы керек», — деді Трамп.
Оның айтуынша, АҚШ-та Иранды басқара алатын адамдарға қатысты бірнеше кандидат бар.
Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Иранға қарсы құрлықтағы әскери операция қарастырылып жатқан жоқ екенін атап өтті. АҚШ президенті Ирандағы келесі жоғарғы жетекшіні таңдауға да ықпал еткісі келетінін жасырмады. Axios басылымына берген сұхбатында ол Вашингтон бұл процеске қатыспаса, ешқандай саяси келісім болмайтынын айтты.
The New York Times дерегіне қарағанда, қауіпсіздік мәселелеріне байланысты Иранда жаңа жоғарғы көшбасшыны таңдау кейінге қалдырылған. Себебі АҚШ пен Израиль тарапынан жаңа лидер де нысанаға алынуы мүмкін деген қауіп бар.
Күрд факторына қатысты тартыс
Қақтығыстың тағы бір маңызды элементі — күрд күштері. Дональд Трамп күрд жасақтарын Иранға қарсы операцияға тарту идеясын қолдайтынын айтты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ол күрдтердің бұл операцияға қосылуын «керемет мүмкіндік» деп бағалаған. The Washington Post мәліметінше, АҚШ күрд топтарына әскери қолдау, оның ішінде әуеден қорғау ұсынуға дайын екенін жеткізген.
Алайда Иран президенті Масуд Пезешкиан керісінше мәлімдеме жасап, Ирандағы күрд халқы мемлекет жағында екенін айтты. Оның сөзінше, қауіпсіздік күштері кез келген сепаратистік қозғалыстарға қарсы қатаң әрекет етеді.
Аймақ елдері де тартылып жатыр
Соғыс тек Иран мен Израиль арасында ғана емес, бүкіл өңірге әсер етіп жатыр. Мәселен, Иранның дрондары Әзербайжанның Нахчыван автономиялық республикасына соққы жасаған деген ақпарат тарады. Баку Вашингтонмен тығыз байланыста екенін айтып, Ираннан ресми түсініктеме мен кешірім талап етті.
Қазақстан президенті Қасым‑Жомарт Тоқаев бұл шабуылды айыптап, жағдайды дипломатиялық жолмен реттеуге шақырды.
Ал НАТО Ираннан ұшырылған зымыран Түркия әуе кеңістігіне бағытталғаннан кейін зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін күшейткенін хабарлады. Бұл альянс күштері Иран ракетасын алғаш рет ұстап қалған жағдай ретінде сипатталды.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ел шекарасы мен әуе кеңістігінің қауіпсіздігіне ерекше бақылау күшейтілгенін айтты. Оның сөзінше, Ирандағы соғыс аймақтағы басқа мемлекеттерге де қауіп төндіруі мүмкін.
Ливан бағыты: Хезболла және ИРСК
Израиль соғыстың Ливанға таралу қаупі бар екенін мәлімдеді. Израиль әскерінің ескертуінен кейін соңғы екі тәулікте ИРСК (КСИР) бірнеше ондаған офицері Бейруттан кеткені хабарланды. Олардың бір бөлігі Иран елшілігінде жұмыс істеген, ал шағын топ Хизбалла ұйымымен байланыс үшін қалып қойған.
Сонымен қатар Израиль әскері Бейрут маңында Хизбалланың артиллерия және от басқару бөлімінің командирі Зейд Али Джамманы жойғанын хабарлады. Ол Израильге қарсы мыңдаған зымыран мен дрон шабуылдарын ұйымдастыруға жауапты болған.
Франция президенті Эммануэль Макрон Израиль премьері Биньямин Нетаньяхуға соғысты Ливанға таратпауға шақырды. Париж Ливан армиясына бронетранспортерлер мен логистикалық көмек беруге дайын екенін мәлімдеді.
Аймақ экономикасына әсері
Соғыс аймақ экономикасына да қатты әсер етіп отыр. Израиль қаржы министрлігінің бағалауынша, Иранмен соғыс салдарынан ел экономикасы аптасына шамамен 9 млрд шекель (2,93 млрд доллар) жоғалтуы мүмкін.
Түркия президенті Ердоғанның айтуынша, Ормуз бұғазы жабылуы мүмкін деген мәлімдемелерден кейін мұнай мен газ бағасы шамамен 20 пайызға өскен.
Халықтың жаппай эвакуациясы
Соғыс басталғаннан бері аймақтан шетел азаматтары жаппай кетіп жатыр. АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, 20 мыңға жуық америкалық Таяу Шығыстан елге қайтарылған.
Қазақстан да өз азаматтарын аймақтан шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстағы шиеленіс аймағынан қазақстандықтарды эвакуациялауды жалғастырып жатыр. Эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының 12 рейсі арқылы 3300-ден астам қазақстандық елге оралған.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
- Қазақстанда 10 миллионға жуық әйел бар
- Таяу Шығыстан 3300-ден астам қазақстандық эвакуацияланды
- Ирандағы соғыс жаңа кезеңге өтті: Қазір не белгілі?
- Иран «ұзаққа созылатын соғысқа» толық дайын екенін мәлімдеді
- «Мекенжайын әскерге беремін»: Зеленскийдің сөзі Еуропада жаңа дау туғызды
- Қонаевта 150 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
- Оразалы Ержанов тағы қамауға алынды
- Қазақстанда қанша әйел мұғалім бар?
- Түркістан облысында 20 жастағы алаяқ ойын арқылы кәмелетке толмағандардан ақша бопсалаған
- Трамп Иран билігін толық ауыстыруды қалайды
- Димаш Құдайберген мен Самал Еслямова ТҮРКСОЙ марапатына ие болды
- Қазақстанда 1242 елді мекенді су басу қаупі бар
- Ресейде қорғаныс министрінің бұрынғы бірінші орынбасары ұсталды
- Ормуз бұғазы маңында шамамен 1000-нан астам кеме тұралап тұр
- Иранның жоғары шенді әскери басшысы туралы резонанс ақпарат тарады
- Тоқаев Иранның дроны Әзербайжан әуежайын атқылауына байланысты ұстанымын мәлімдеді
- Абай облысында әскери қызметкер қаза тапты
- Талғарда тағы бір қанды оқиға: Әйел анасымен бірге бұрынғы күйеуін 30 жерден пышақтады деген күдікке ілікті
- Тоқаевтың тапсырмасымен Мәулен Әшімбаев Иран елшілігіне барып, көңіл айтты