Иманбек өзіне ескерткіш орнатуға қатысты пікір білдірді

cover

Grammy сыйлығының иегері Иманбекке Ақсу қаласында ескерткіш орнату туралы ұсынысқа  диджейдің өзі пікір білдірді.

Бұл туралы музыкант Instagram-да тікелей эфирде айтты, деп жазды Orda.kz.

Диджейдің сөзінше, бір ай бұрын оған жергілікті әкімдіктен қоңырау шалып, беделді музыкалық байқауда жеңіске жеткенінің құрметіне Ақсу қаласында ескерткіш орнату туралы пікірін сұраған. Әкімдіктегілер граммофонның үлкен мүсінін орнатуды ұсынған.

—  Ақсу қаласында маған арналған мүсін қойғысы келетінін көпшілік естіген шығар. Бұл дұрыс емес. Егер сіздерге қиын болмаса,  қойыңыздар дедім,  идея керемет. Негізінде маған бәрібір. Ал журналистерді жек көремін, мәселені өзгертіп жіберді, енді адамдардың маған деген ойы бұзылды. Қазақстанда тірі кезінде ескерткіш қойылған тек бір адамды ғана білемін – бұл Нұрсұлтан Әбішұлы, - деді диджей.

Сонымен қатар Иманбек өзіне айтылып жатқан теріс пікірлерді тоқтату үшін эфирге шыққанын мәлімдеді.

—  Мені жақсы танитындар, қандай адам екенімді біледі. Маған ескерткіш орнатуды сұрау – бұл менмендіктің шыңы және өзін-өзі асыра бағалау дер едім. Пікірлерді ашып қарасақ, хейтерлер көп. Мен ешкімге тиіспеймін, ал мына жерде: «Сен кімсің?», дейді. Егер маған ескерткіш орнатса, шынымен өте ұят болады. Жоқ, айтпақшы, ешкімнің маған ескерткіш орнататын ойы болған жоқ. Олар граммофон мүсінін қойғысы келді, - деп Иманбек сөзінің соңын түзеді.

Әңгіме негізінен креативті индустрия қызметкерлерімен кездесуде басталған. Осы кездесуде Ақсу қаласының тұрғындары Павлодар облысының әкіміне  жерлестері Иманбек Зейкеновтың Grammy-дегі жеңісінің құрметіне ескерткіш орнатуды ұсынған.

Әкім бұл мүмкіндікті қарастыратынын айтып, өз тарапынан Иманбектің табысқа жету жолы туралы фильм түсіруді ұсынған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар