Халықты ала тайдай лаңдатқан ағайынды Боранбаевтар кімді тонады?

cover Фото: offside.kz

Бас прокуратура Қазақстандағы ең бай әрі ықпалды бизнесмендердің бірі болған Қайрат Боранбаевтың бауыры Мұрат Боранбаевтың ұсталғанына қатысты тың мәлімет берді,  деп хабарлайды Orda.kz.

Ведомствоның мәліметінше, оған қатысты қылмыстық іс 2022 жылғы қазанда Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде тіркелген. Боранбаев ақылы автотұрақ жүйесін іске қосу кезінде қаражат жымқыру бойынша күдікке ілініп, іздеуде болған.

2022 жылы сәуірде  екі бірдей автотұраққа жауапты - Алматыдағы ақылы автотұрақтарды қадағалайтын Aparking және Алматы Спецтехпаркинг Сервис басшылары қамауға алынды. 

Олар Қайрат Боранбаевты Қаржы мониторингі агенттігі ұстағаннан кейін бір ай өткен соң құрықталды.

Бас прокуратура өкілдері Мұрат Боранбаевтың өз еркімен келіп, берілгенін мәлімдеді. Онымен кінәсін мойындау және заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы процессуалдық келісім жасалған. Ресми мәлімет бойынша, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен Мұрат Боранбаев қылмыстық жауапкершіліктен босатылды.

Жұртты шулатқан іс қалай басталды

2023 жылғы компанияның хабарламасына сәйкес, A-Parking 2023 жылдың 15 шілдесінен бастап ақылы тұрақтарға қызмет көрсетуді тоқтатты. Бұл туралы халыққа тек 20 шілдеде ғана белгілі болды.

«Төлемді қабылдау тоқтатылды» деп жазды A-Parking Facebook хабарламасында қысқа ғана. 


Сол кезде компания көлік тұрағына қызмет көрсету бойынша барлық өкілеттіктер Алматы әкімдігіне бергенін атап өтті.

2022 жылғы 14 сәуірде «Алматы тұрағы» (A-Parking) жобасының аса ірі көлемдегі бюджет қаражатын ұрлаған күдікті басшыларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғаны белгілі болды.

2023 жылдың 6 наурызында Алматының Алмалы аудандық соты «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС бұрынғы директоры Марат Пірінбеков пен «Alan Parking» ЖШС бас директоры Мұхтар Базарбаевтың ісін қарады.

Сот арқылы айыпталушы Марат Пірінбеков «А» ЖШС-нің директоры бола тұрып, айыпталушы Мұхтар Базарбаевпен алдын ала сөз байласып, 225 630 072 теңге ұрлағаны анықталды («П» ЖШС-нің шотына автотұрақ үшін алымнан түскен).

«Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС бұрынғы директоры Марат Пірінбеков


Бұдан басқа, айыпталушы Мұхтар Базарбаев «А» ЖШС бас директоры бола тұра, іздеуде жүрген адаммен алдын ала сөз байласып, алаңдық автоорынтұрақтарды жинаудан түскен 190 078 778 теңге сомасындағы аса ірі көлемдегі ақшалай қаражатты ұрлағаны мәлім болды.

«Alan Parking» ЖШС бұрынғы бас директоры Мұхтар Базарбаев


Сотталушылардың қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде мемлекет «А» ЖШС және «П» ЖШС қызметінің нәтижелері бойынша алынған пайданың 30% мөлшерінде жалпы сомасы 436 040 706 теңгеге дивидендтерді толық алмаған.

«Айыпталушы Базарбаев ұрлық жасағаннан кейін бір топ адамдармен бірге 391 651 076 теңге көлеміндегі ұрланған ақшалай қаражаттың бір бөлігін жалған мәмілелер жасау арқылы заңды айналымға тартты, сол арқылы оларды заңдастырды» деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі. 

Қылмыстық істі қарау барысында мемлекетке келтірілген залал толық көлемде өтелді.

Сотталушылардың кінәсі экономикалық сараптамамен, аудиторлық қорытындылармен, куәгерлердің айғақтарымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Айта кету керек, сотта айыпталушылар мемлекет үшін ақылы автоматтандырылған тұрақтарды енгізу жобасының тиімді болғанын көрсете отырып, кінәсін мойындаған жоқ. Олардың келтірілген уәжі бойынша мемлекет өз тарапынан осы жобаға ақша қаражатын салмай, айыппұлдар, салықтар және дивидендтер түрінде пайда тапқан.

Прокурор өз айыптауын қолдап, соттан сотталушыларға 8 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұрады.

«Сот жаза тағайындау кезінде кінәні жеңілдететін мән-жайларды, яғни бұрын соттылығының жоқтығы және мемлекетке келтірілген зиянды толық көлемде өтеу түріндегі мән-жайларды ескерді, сотқа дейінгі тергеу органдарымен ауырлататын мән-жайлар тағылмады». 

Қылмысқа қатысушы әрбір қылмыскердің қылмыстық рөлін, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сот сотталушы Пірінбековты 5 жылға, сотталушы Базарбаевты 6 жыл 6 айға қауіпсіздік жағдайы орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бас бостандығынан айыруды тағайындады.


 Сонымен 2022 жылдың 14 сәуірінде Алматыда «Alan Parking» ЖШС бас директоры Мұхтар Базарбаев тұтқындалғаны белгілі болды. 18 сәуірде «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС директоры Марат Пірінбековтың тұтқындалғаны туралы ақпарат тарады.

Сол жылғы 19 қыркүйекте олардың қамауға алу мерзімі ұзартылғаны хабарланды.

2022 жылы Қаржылық мониторинг агенттігі кәсіпкер Мұрат Боранбаевқа іздеу жариялаған болатын. Ол Алматы қаласындағы ақылы автотұрақтарға қатысты қылмыстық істің басты фигуранты және қылмысты ұйымдастырушы деп аталды. Мемлекеттік сатып алу порталында 2017 жылы Мұрат Боранбаевтың «Alan Parking»  ЖШС басшысы болғаны туралы ақпарат жарияланды.

Өткен жылдың желтоқсанында Қайрат Боранбаев иелік ететін RR2 компаниясы «Alan Parking» фирмасындағы 30 пайыздық үлесті сатып алғаны белгілі болды. Бұған дейін ақылы автотұрақ операторы мемлекетке тиесілі болған.

Кейін Алматы әкімдігі «Алматы спецтехпаркинг сервис»   компаниясындағы 70 пайыз үлес пен «Alan Parking» компаниясындағы 100 пайыз үлес қаланың меншігіне қайтарылғанын хабарлады.

Өткен жылдың күзіне дейін Мұрат Боранбаев халықаралық іздеуде болған. Сол кезде Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік қаражатты аса ірі мөлшерде ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеген болатын.

Мұрат Боранбаев ұсталды ма?

Құқықтық статистика органдары порталында Мұрат Боранбаевқа іздеу жарияланғаны туралы 2022 жылғы ақпарат жоғалып кетті. Жақында Мұрат Боранбаевтың ұсталғаны туралы Бас прокуратураның Мемлекеттік активтерді қайтару комитеті мәлімдеді

« ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі М.С.Боранбаевқа іздеу 2024 жылғы 24 желтоқсанда оның ұсталуына байланысты тоқтатылғанын хабарлайды».


Ақылы тұрақ операторының директоры Мұхтар Базарбаев 2022 жылдың сәуірінде тұтқындалғанымен, ал бюджет ақшасын жымқыру ісіне басты қатысты Мұрат Боранбаев бостандықта қалған болатын.

Енді үш жыл өткен соң оны да  ұстады. Мұрат Боранбаевтың ұсталғаны туралы Бас прокуратураның Мемлекеттік активтерді қайтару комитеті мәлімдеді.  Тергеу жалғасып жатыр.

Оның бауыры Қайрат Боранбаев қалай істі болды

Еске салайық, бұған дейін Қайрат Боранбаевтың «ҚазТрансГаз»  АҚ-ның ақшасын жымқырғаны үшін 6 жылға сотталғаны туралы жазған едік. Кейін мемлекет меншігіне сауда ойын-сауық кешенін, жылжымайтын мүлікті басқару компаниясын және фитнес клубтар желісін қайтарды. Залалды өтеуіне байланысты сот оның өтінішін қанағаттандырып, Боранбаев түрмеден босатылып, пробациялық бақылауға алынды.

Астана қалалық мамандандырылған ауданаралық сотының ұжымы кәсіпкерді ақша жымқырды және заңсыз алынған мүлікті заңдастыру бойынша кінәлі деп таныды. 

Сонымен қатар Боранбаевтың мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте және Ұлттық банкте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Бұған дейін Қайрат Боранбаев 8 жылға сотталған еді. Алайда сот үкімнің күшін жойып, тергеу жалғасқан болатын.

Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу аясында жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді, оның ішінде мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақүй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне  ерікті түрде қайтару жөнінде шаралар қабылданды.

Сондай-ақ Қайрат Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды.

Мәлімет бойынша аталған нысанның барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына берілді,  ал ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін жұмсалады.

2024 жылы тамыз айында Қайрат Боранбаевқа тиесілі  «Азия Газ Чунджа» ЖШС мемлекеттік активтерге ресми түрде ауысатыны белгілі болды. 

Үкімет активтерді қайтарып жатырмыз деп есеп беріп жатқанда, қашқын олигархтар өз ақшаларын заңды жолмен қайтарудың айласын тапты.

2025 жылғы сәуірде Түркия азаматы  Қайрат Боранбаевпен бірге Comfort Hotel Astana қонақ үй кешенін бақылайтын «Роял Комфорт Астана» компаниясына иелік еткен, яғни Қайрат Боранбаевтың серіктесі Тарык Волкан Оскайға іздеу жарияланды.  

Біздің редакция осы істің барысын бақылап, оқырмандарын хабардар етіп отырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар