Мен халық санағынан өтпедім: статистикаға сенуге бола ма?

cover Коллаж: Айнура Дарибаева

2020 жылы өтуі керек халық санағы пандемияға байланысты кейінге шегеріліп, биыл 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында өтті. 1 қарашадағы ресми деректер бойынша, 19 450 179 адам, яғни 100,2% халық санақтан өтіп үлгерген.

Бірақ мен бұл 100,2%-ға кіріп үлгермеген сияқтымын. 27 қазан күні халық санағының аяқталуына 3 күн қалғанда дабыл қаға бастадым. Анам екеуміз халық санағынан өтіп үлгермедік.

Санақ «әу» деп басталғанда, онлайн өтпекші болғанмын, бірақ 3-сұрақтан ары аса алмадым. «Қызметкерлер үйге келіп, санақтан өткізер, үйдегілер жауап берер» деп ойладым. Бірақ санақтың аяқталуына 3 күн қалғанда ешкім ешқандай санақтан өтпегенін білдім. Үйге ешкім келмеген, ешқандай қағаз қалдырмаған.

Осылайша, 28 күні колл орталыққа хабарласып, мекен жайымды айтып, демалыс күні халық санағынан өтуге ниеттендім. Ешкім келмеді. Бір апта күттім.

10 адамның 4-еуі халық санағынан өткен

Жанымдағы 10 шақты адамнан сұрасам оның төртеуі ғана өткен, қалғандары өзім сияқты «үйге келер» деп отыр екен.

3 қараша Ұлттық статистика бюросы 30 қазанға дейін халық санағынан өтіп үлгермегендер 8 қарашаға дейін оны онлайн не болмаса қызметкерді үйге шақыртып өте алатындарын айтты.

«Кейбір тұрғындар колл-орталыққа қоңырау шалып, интервьюерден оларды халық санағынан өткізулерін сұрап жатыр. Қала тұрғындарының мұндай бастамасына интервьюерлер (қызметкерлер) оң қарап, бірден айтылған мекен жайға барады» деді Ұлттық статистика бюросында.

Сондықтан, әлі де келер деген үміт болды. Бірақ колл орталықтағы келіншек мекен жайымды қате жазып алды, екі рет қайталасам да қате кетті. Ол кісі жазып алған мекен жай Алматыда бар екеніне күмәнім бар...

Ең қызығы, 29 қазан өткен брифинг кезінде халық санағы бойынша Алматы қаласы көш бастағаны айтылды. Онда 2 005 496 адам халық санағынан өткен. Оның көбі оффлайн форматта өтуді қолдаған. 1 555 713 адам оффлайн санақтан өткен.

Алматы қаласы статистика департаменті

Мен, менің отбасым, жақындарым халық санағынан бұл кезде өтіп үлгермеген. Тіпті желі қолданушылардың көбі санақтан өтпегендерін жарыса айтты. Менде «Алматы тұрғындарының саны одан да көп пе, әлде бір олқылықтар бар ма?» деген сауал туындады.

Алматы тұрғындарының саны одан да көп пе, әлде бір олқылықтар бар ма?

Көп күттірмей осы сауалдың жауабын таптық. Orda.kz редакциясына халық санағына қатысуға ниет білдірген еріктілердің бірі жазды. Ол «халық санағында тәртіпсіздіктер орын алып жатыр» деп шағымданды.

Еріктінің өзі осы халық санағына қатысқандықтан, аты-жөні жасырын қалуын сұрады.

Скриншот

Оның айтуынша, қызметкерлер үй-үйді аралап, санақ парағын толтырмай, әкімдік ғимаратында берілген ақпараттар бойынша респонденттердің (тұрғындардың) орнына жауапты арнайы планшетке енгізіп отырған. «Осылайша, қыруар ақшаға жасанды статистикаға қол жеткіздік» деді ол.

Еске салсақ, Халық санағын өткізуге мемлекеттен 9, 078 172 млн теңге бөлінген.

Фото: sanaq.gov.kz

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің маманы «мұндай жағдай болуы мүмкін емес» дейді.

«Интервьюерлер арнайы электронды планшет арқылы респонденттің айтқан сөздерін санақ парағына енгізеді. Планшетте арнайы бағдарлама орнатылған. Ол қызметкерді өз бақылауында ұстайды» деді Алматы қаласының статистика департаментінде.

Ерікті халық санағы «департаментте айтқандай өтіп жатқан жоқ» дегенді алға тартты.

Скриншот

Мұндай ақпарат бұған дейін де Telegram арналардың бірінде шыққан.

Алайда осы жолы да Ұлттық статистика бюросы мұндай шағым-арыз түспегенін мәлімдеді.

– Мұндай деректер бойынша Ұлттық статистика бюросына ресми шағым келген жоқ. Алайда, талап бойынша халық санағы аясындағы сауалнамаға әр респондент өзі үшін, ал кәмелетке толмаған респонденттер үшін олардың ата-анасы немесе қамқоршысы жауап беруі керек. Осыған байланысты, мұндай фактілер анықталған жағдайда sanaq.gov.kz сайтында көрсетілген телефон нөмірлері бойынша хабарласуды сұраймыз. Азаматтардың жеке деректерінің құпиялылығына заңнамамен кепілдік беріледі, - деді «Ұлттық Халық Санағы-2021» шарасының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы.

Бірақ кім су ішіп отырған құдығына түкірсін?!

Статистиканы нақты деуге болмайды, ол сағат сайын өзгеріп отырады. 2-3 пайыз тұрғындар халық санағына қатыспай қалуы да мүмкін. Бұл қалыпты жағдай.

29 қазан, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әбілдабеков Айдар Ахметбекұлы

Сондай-ақ, Айдар Әбілдабеков брифинг кезінде «Статистика - нақты ғылым, ол дәлдікті жақсы көреді» деп «Қызметтестер хикаясы» фильмінен мысал келтіріп, кейінгі айтқан сөзіне өзі қарсы шықты.

Ендеше статистика дәлдікті сүйсе, біздің статистика дәл болмаса, бөлінген 9 млн өзін ақтап тұр ма?

Ал өзім сұраған 10 адамның 6-ы халық санағынан өтпеген болса, ерікті айтқандай оның орнына біреу санақ парағын толтырды ма, әлде ол жоғарыда айтылған 2-3 пайыздың ішінде ме? Белгісіз.

Себебі, тұрғындар өзінің халық санағынан өткен-өтпегенін өз бетінше біле алмайды. Тек санақтан өткен азаматтар sanaq.gov.kz сайты, E-Gov порталы, Aitu мобильді қосымшасы арқылы не оффлайн халық санағынан өткенін растайтын анықтама нөмірін қолданып, санақтан өткені туралы ақпаратты ала алады. Ал халық санағынан өтпеген азаматтарда ондай мүмкіндік жоқтың қасы.

Ендеше бізге 2021 жылы жүргізілген халық санағы болашақта халықтың әлеуметтік жағдайына қалай әсер ететінін білу үшін тек күтуден басқа амал жоқ. Себебі, халық санағының мақсаты – халықтың санын, әл-ауқатын санап, болашаққа бағдар құру, халыққа қажетті жағдай жасау.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар