Грантқа талас: Алматы ҚР ІІМ академиясы неге қазақстандық балаларға Ресейде оқуға кеңес берді?

cover Коллаж Orda.kz

Бүгін Алматыдағы Мақан Есболатов атындағы ІІМ академиясында бір топ ата-ана шу шығарды. Олар жоғары балл жинаған балаларының грантқа іліге алмағанына наразы. Ата-аналардың айтуынша, ҰБТ бойынша шекті көрсеткіштен сәл ғана асқан 50-55 балл алған талапкерлер оқуға түсіп жатқанда, 70 балл жинағандар академиядан тыс қалған.  

Наразы топ білім ордасындағы қабылдау жүйесінің әділетсіз екенін айтып, Orda.kz тілшісіне шағымдарын жеткізді. Ата-аналар, сондай-ақ, академия қызметкерлері балалары ІІМ Алматы академиясына түсе алмағандарға Петропавлдағы академияға немесе Ресейдің Воронеж қаласындағы оқу орнына баруға кеңес бергенін де айтты. 

Жиналған ата-аналар балаларының Бауыржан Момышұлы атындағы Алматыдағы «Жас ұлан» мектебі мен «Арыстан» мамандандырылған лицейі сынды еліміздегі осы оқу орнына түсуге дайындайтын басқа да арнайы мектептерді бітіріп келгенін айтты. Айта кетейік, бұндай оқу орындарына тек грантқа ғана түсе алады, ақылы бөлім жоқ. Ата-аналардың айтуынша, кешеден бері грантқа түскендердің тізімі жария болған соң, осында 100-ге жуық ата-ана осы академияның табалдырығын тоздырып жүр екен. Балалары грантқа ілінбеген ата-аналардың кейбірінің қысымы көтеріліп, жедел-жәрдем шақырды.

Айта кетейік, академия құқық қорғау қызметі, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, ІІБ қызметін криминалистикалық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер бағыттары бойынша мамандар даярлайды. 

Алматы қаласы Жетісу ауданынан келген Жанар Мырқасымова баласының шекті балдан асып 75 балл жинаса да академияға түсе алмағанын айтты.  

«Балам медициналық комиссия мен физикалық емтиханнан да жақсы өтті әрі ҰБТ-дан жинаған 75 балы тағы бар. Сонда да оқуға түсе алмады. Себебін сұрасақ бізге айтпады. Көбі ақшамен түскендер деп ойлаймын. Бұл жерде тек грантпен ғана түсуге болады. Ақылы бөлімі жоқ. Ендеше неге ақылы бөлім ашпасқа? Оқытайық сонда. Балалы үйде ұрлық жатпас демекші,  кеше менің баламның қасындағы достары қанша балмен түскенін айтыпты. Олар небары 52-54 балл жинағандар, ал біз 75 балмен далада қалдық», – деді Мырқасымова. 

Тағы бір ата-ана Асхат Шәріповтың айтуынша, ақшасы мен «көкесі» бар балалар грантқа ілігіп басқалары далада қалып жатыр екен. 

«Балам 74 балл жинап, барлық медициналық комиссиядан өтіп физикалық емтихандарды жақсы бағаға тапсырып шықса да түспеді. Балама олар психологтан өтпегенсің деп, 18 жасқа толғандықтан өз еркіммен оқудан бас тартамын деген қағазға қол қойдырып алыпты. Ал балам неге қол қойғанын кейін бір-ақ білген. Балама олар қысым көрсетті деп санаймын. Басшысына кіріп едік, ол кісі бізге балаңыз Петропавлдағы ұлттық ұланының әскери институтына түсе алады деп айтты. Бұл жерде жалғыз менің балам емес, неше түрлі мықты балалар да оқуға түсе алмады. Нағыз полиция болатын баланы емес, кімнің ақшасы мен көкесі бар, солар грантқа ілігіп жатыр. Менің айтарым осы. Алматы академиясына қайта комиссия жіберіп тексерсін. Тексерсе, неше түрлі былық шығады деп ойлаймын», – деді Шәріпов.

Сонымен қатар, жиналған ата-аналардың айтуынша өткен жұма күні оқуға түсе алмаған қыз бала осы аумақта өз-өзіне қол жұмсамақ болып, асылуға талпыныс жасапты.

Артынша, оны аман алып қалған соң, академия оны резонанс болмасын деп қыз баланы қайта қабылдап грантқа алған. 102 мен 103-ке шақырту түскен. Ата-аналар барлығы тіркелгенін айтты.

]


Біз осы факті бойыншы істің тіркелгенін анықтау үшін Алматы полиция департаментіне хабарласқанда, бізге: «ондай факті тіркелмеген» деген жауап келді.

Сонымен қатар ІІМ Алматы академиясы басшысының орынбасары Ержан Бимолданов та мұндай ақпаратты жоққа шығарды. 

Фото: Orda.kz
Фото: Orda.kz 

 Ата-аналар айтқан мәселе бойынша түсініктеме беру үшін ІІМ Алматы академиясы басшысының орынбасары Ержан Бимолданов шықты. Ата-аналардың көбі ақпаратты тек біржақты қарап жатқанын әрі 2008 бен 2007 жылы елімізде бала туу көрсеткіші жоғары болған соң, биыл оқуға түсуге өтініш бергендер саны да тым көп екенін айтты. 

«Биыл оқуға түсуге 700 бала талап білдірді. Ал біздің оқу орын 300 балаға негізделген. Қанша қаласақ та біз 700 баланы бірден қабылдай алмаймыз. Әрі әр бала комиссиядан өтті. Мысалы, былтыр 250 бала қабылдаған едік. Енді шекті балл 50 болғанымен осыншама бала байқауға қатысқан соң, әрине, бәсекелестік те артатыны түсінікті. 70 балдан жоғары жинағандар да бар екенін ұмыпайық. Біз осыны түсінбегендерге кері байланыс ретінде барлығын кешелі бері түсіндіріп жатырмыз. Байқаудың әділ өткеніне 100 % кепіл бере аламыз. Қабылдау комиссиясында академияның қызметкерлері ғана емес, сонымен қатар басқа да құқық қорғау департаменттерімен ардагерлерден құралған тәуелсіз бақылау комиссиясы қарады. Барлық процесс бейнежазбаға жазылды, барлығы ашық өтті», – деді Бимолданов.

Сонымен қатар, 54-56 балл жинаған балалар грантқа ілігіп кеткені жайлы ақпарат қаншалықты рас екенін сұрастырдық. 

Фото: Orda.kz II ІІМ Алматы академиясы бастығының орынбасары Ержан Бимолданов
Фото: Orda.kz II ІІМ Алматы академиясы басшысының орынбасары Ержан Бимолданов
«Иә, оны мойындаймыз. 54-56 балл жинап грантқа түскендер бар. Бірақ, олар жеңілдік санатына кіретін азаматтар. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарында мерзімді әскери қызмет өткерген кандидаттар үшін белгіленген талаптар бойынша шекті бал деңгейін жинаған, ҰБТ нәтижелері бойынша 100 және одан жоғары балл жинаған кандидаттар, спорт шеберлері, қызмет атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің балаларына арналған жеңілдіктер», — деді Ержан Бимолданов.

Сондай-ақ, Бимолданов неге балаларға қабылдау комиссиясы грантқа іліге алмағандарға Ресейдің Воронежіне оқуға түсуге кеңес бергені жайлы да айтты.

«Қазақстан мен Ресейдің арасында белгілі бір келісімшарт бар. Ол Мәскеу, Воронеж, Екатеринбург қалаларындағы Ресей Федерациясының ішкі істер министірлігінің оқу орындары. Олар ол жақта ешқандай емтихан тапсырмайды. Тек бізден алған көрсеткішімен барса болды. Биыл ол жақтан 7 талапкерді дайындап беруді сұрап отыр. Біз соны ұсындық. Сонымен қатар Петропавлдағы ұлттық ұланның әскери институтына да балалар жетіспей жатқанын айтып, сол жаққа да мүмкіндік бар екенін кеңес ретінде айттық. Тіпті болмай бара жатқан жағдайда басқа оқу орнына түсіп бір семестірден соң келіп, өтініш беріп бізге грантқа түсуіне де мүмкіндік бар. Себебі біраз балалар ішкі тәртіп пен оқу үлгеріміне қарай оқудан шығып қалады, грант босайды», – деді Бимолданов.

Orda.kz оқиғаны ары қарай бақылайды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар