Гаджи Гаджиев Қорғас бекетіне қалай келді, ол несімен танымал?

cover Гаджи Гаджиев пен Марат Жыланбаев, 2015 жыл. Фото: Facebook/ Гаджи Гаджиевтің фейсбук желісіндегі жеке парақшасынан алынған.

4 қыркүйек күні сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен бірге кәсіпкер Гаджи Гаджиев ұсталды. Оның есімі спорт саласында жиі аталатын, әрі көбіне мақтауға ие болған – ол спорт функционері, меценат, турнирлер ұйымдастырушы ретінде танымал. Алайда осы ортадан тыс жерде ол жиі журналистік зерттеулер мен инсайдерлік материалдардың кейіпкеріне айналатын. Orda.kz оның өміріне қатысты белгілі деректерді бір мәтінге жинақтады.

Сирек сұхбаттарының бірінде Гаджи Гаджиев өзінің 1974 жылы 29 қыркүйекте Дағыстанның Буйнакск қаласында дүниеге келгенін айтқан. Ол – Солтүстік Кавказдың байырғы халықтарының бірі саналатын, республиканың орталық таулы бөлігінде ежелден өмір сүріп келе жатқан лак ұлтының өкілі. Лактар — Дағыстан, Солтүстік Кавказдың байырғы халқы. Лактар тарихи түрде таулы Дағыстанның орталық бөлігінде тұрады. 2010 жылғы халық санағы бойынша Ресей Федерациясында 178 630 лак болса, оның 161 300-і Дағыстанда.  1970 жылдан 1975 жылға дейінгі аралықта бұл аймақта үш жойқын жер сілкінісі болған, әрқайсысы эпицентрінде жетіден тоғыз балл аралығындағы қуаттылыққа жеткен. Олардың ізін ала көптеген афтершоктар болған. Шамамен 45 мың адам баспанасыз қалып, олардың көпшілігі тыныш аймақтарға қоныс аударған.

Сол кезеңде Гаджиевтің отбасы Қазақстанға көшіп келуге шешім қабылдаған болуы мүмкін. Гаджи мектеп жылдарын Жаркент қаласында өткізген. Қытай шекарасынан 30 шақырым жерде орналасқан бұл қала ежелден шекаралық сауда мен мәдени тоғыс нүктесі болған, мұнда қазақ, ұйғыр және қытай қауымдастықтары бірге өмір сүрген. 1990-жылдары Жаркент трансшекаралық алмасу үшін маңызды орынға айналды, сондықтан Гаджиевтің өмірбаянының маңызды беттерінің Қытаймен байланысты болуы кездейсоқ емес.

Буйнакск пен Жаркент арасындағы қашықтық. Google Earth-тен скриншот


1980-жылдары кеңестік жол шамамен 3200–3400 шақырымға дейін созылатын: шекара болмағандықтан тікелей жүретін, бірақ асфальт барлық жерде бола бермейтін. Соның салдарынан ең жақсы жүргеннің өзінде жол бір апта уақыт алатын. Неліктен дәл Жаркент таңдалғаны белгісіз, алайда дәл осы қала Гаджиевті Қазақстанға байлады.

Көңілді және тапқырлар клубы


Гаджиев саудадағы алғашқы қадамдарын 1994 жылы жасаған. Гаджиев бұл кезең туралы өзінің  мақтау сипатындағы сұхбаттарының бірінде былай деп әңгімелеген:

«90-жылдардың басында мен бизнеске бет бұрғанда Қытайға баруға тура келді. Бөгде елде оңай болған жоқ. Ол кезде көптеген кәсіпкерлер үшін өте қатал, тіпті қатыгез кезең болды. Қазіргі Қазақстанда бизнес жүргізуге жасалған қолайлы жағдайлармен мүлде салыстыруға келмейді. Қазір бір ғана нәрсе керек – төзім мен еңбек. Қаласаң – оқы, қаласаң – жұмыс істе, кез келген бағытта алға жылжуға болады». 


2003 жылы, 29 жасында Гаджи Гаджиев «қаржы және несие» мамандығы бойынша Басқару және бизнес институтына оқуға түскен. Осы сәттен бастап оның оқуы үздіксіз жалғасып, 2013–2015 жылдары ол Қазақ көлік және коммуникация университетінде «көлік құрылысы» мамандығын меңгерді, кейін тағы бір жыл магистратурада оқыды. 2019 жылы ол Ресей Федерациясы Президенті жанындағы РАНХиГС академиясынан MBA дәрежесі бар диплом алды.

Осы уақытқа қарай Гаджиевтің мансабы орта деңгейлі бизнес аясынан асып кеткен еді. Ол «Найза-Кұрылыс» құрылыс концернінің бақылау кеңесін басқарды. 2017 жылдан бастап Гаджиев ірі инфрақұрылымдық құрылыс жобаларында кем дегенде екі компания арқылы көріне бастады: олардың бірі — сол кезде қазақстандық олигарх Патох Шадиевтің жиені Орифджан Шадиевке тиесілі болған «Жол Жөндеуші» компаниясы, екіншісі — Атырауда тіркелген өзіне тиесілі SA Construction Group жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Екі жағдайда да жобалар тізімінде стратегиялық нысан — Алматы-1 мен Шу арасындағы екінші теміржол желісі көрсетілген.

Кейінірек SA Construction Group компаниясы Оңтүстік Теңіздегі вахталық кенттің құрылысында, «Қорғас — Шығыс қақпалары» арнайы экономикалық аймағындағы нысандардың салынуында, Алматы – Қапшағай автожолының қайта жаңғыртылуында және «Орталық — Оңтүстік» көлік дәлізінің құрылысында қатысқан. 2015 жылдан бастап осы компаниялардан мемлекетке төленген салықтардың жалпы сомасы — 1 миллиард 86 миллион теңге болған.

 


Гаджиев пен спорт


Гаджи Гаджиев ресми түрде мемлекеттік марапаттарға ие. Оған «Парасат» және «Құрмет» ордендері, сондай-ақ бірнеше медальдар мен құрметті атақтар берілген. Алайда оның көпшілік алдында танылуына себеп болған басты сала — бұл спорт. Әлеуметтік желідегі парақшаларына қарағанда, Гаджиев спортпен расында белсенді айналысады. Дәлірек айтқанда, спорт федерацияларындағы қызметпен айналысады. 2022 жылдың жазынан 2024 жылдың басына дейінгі екі жылдық үзілісті есептемегенде, оның аккаунттары турнирлер, марапаттау рәсімдері мен спорттық кездесулерден түсірілген суреттерге толы.

 20 мың зілтемірші


2015 жылдан бері NOMAD MMA ұйымын басқарады. 2016 жылдан 2018 жылға дейін кунг-фу бірлестігін басқарған, ал 2018 жылдан бастап пенчак-силат — индонезиялық және малайлық жауынгерлік өнерлер федерациясына жетекшілік етіп келеді.

2024 жылдың желтоқсан айында Гаджиев республикалық ауыр атлетика федерациясының президенті болып сайланды, ал 2025 жылдың көктемінде ол Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті басшылығының құрамына вице-президент лауазымымен енді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Мохаммед Жалуд Аль-Шаммари, Мохамед Юсеф Аль-Ман және Гаджи Гаджиев. Сурет: wfrk.kz

Дегенмен, федерация тек оның жеке парақшаларынан ғана көрініп қоймайды — ол кең ауқымда да жарқырай көрінеді. Мысалы, жыл басында президент Тоқаев Халықаралық және Азия ауыр атлетика федерацияларының басшыларын қабылдаған болатын. Президент бұл спорт түрімен жүйелі түрде айналысатын 20 мың қазақстандық туралы айтса, қонақтар елдің 2028 жылғы жазғы Олимпиадаға іріктеу турнирін өткізу мүмкіндігі жайында сөз қозғады. Бұл – әдеттегі рәсім аясындағы кәдуілгі шара, алайда ол ауыр атлетиканың әлі де күн тәртібінде екенін көрсетеді — әрі мемлекет деңгейінде, әрі Гаджиев секілді адамдар деңгейінде.

Фото: Гаджиевтің әлеуметтік парақшаларынан

Ол басқаратын барлық спорт ұйымдары коммерциялық емес болып тіркелген.

Бұл олардың табыс табуды көздемейтін қоғамдық қызмет атқаратынын білдіреді. Алайда дәл осы мәртебе оларды ерікті жарналар мен қайырымдылық көмектерден түсетін кірістер бойынша корпоративтік табыс салығынан босатады — бұл айтарлықтай ірі қаражат болуы мүмкін және сонымен қатар толық есептілікті талап етпейді.


Отбасы және байланыстар

Гаджиев жеке өмірінің жай-жапсарын көпшілікке жария етуді ұнатпайды. Бес баласының суретін ол инстаграм парақшасында шамамен он жыл бұрын жариялаған, бірақ соңғы жылдары отбасын іс жүзінде еш жерге салмайды, жұбайының суреттері аккаунтында жоқ. Есесіне студенттік шақтағы жарқын сәттері өте көп. Мәселен, сол жылдары танымал болған РУДН КВН ойыншысы — Сангаджи Тарбаев. Оның жанында — Камиль Гаджиев, жекпе-жек спорты саласындағы ескі серіктесі.

Мүмкін, бұл суретті Гаджиев 2013 жылғы оқу кезінде түсірген. Сурет Гаджиевтің инстаграм парақшасынан алынды.

Камиль де — лак ұлтының өкілі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Абдурашид Гаджиев пен терапевт-дәрігер Элеонора Гаджиеваның ұлы. Бұл шежірелік байланыс ашық дереккөздер мен Камильдің өзі жайлы өмірбаяндарда расталған, сондықтан бұл жерде күмән жоқ. 2021 жылы Сангаджи Тарбаев өзінің парақшасында Камильдің анасымен түскен суретті жариялап, былай деп жазған:

Элеонора мен Камиль Гаджиевтер. 2021 жылғы 25 маусымдағы Тарбаевтың инстаграмынан алынған сурет.
«Бүгін Камиль Гаджиевті танитындардың бәрі оны туған күнімен құттықтап жатыр. Мен, әрине, бәріне қосыламын, бірақ ерекше түрде Камильдің анасы — Элеонора Шапиқызын құттықтағым келеді»

Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде туыстық байланыс па — нақты айту қиын. Бірақ Камильдің анасы — «Шапиқызы», дәл сондай — Гаджи Шапиұлыныкіндей. Осыдан келіп, Камиль — жай ғана фамилиялас емес, бәлкім, жиені деген болжам туындайды. Оның үстіне, Гаджиевтің өзі 2013 жылы бет-бейнесі ұқсас әйелдің суретін жариялаған болатын. Дегенмен, «Гаджиев» тегі Дағыстанда кең таралған, сондықтан түбегейлі қорытынды жасауға болмайды.

«Әпкеммен рикшада!!!» — деп жазған еді ол.

Жоғарыда айтылғанның барлығы келесі суретке шағын ескерту ретінде келтіріліп отыр. 2010 жылы Камиль Гаджиев пен Сангаджи Тарбаев Мәскеуде Fight Nights деген атаумен аралас жекпе-жекке арналған промоутерлік ұйым құрды. Кейін бұл жобаға кикбоксинг шебері Бату Хасиков, продюсер Сергей Шанович және бұрынғы Goldman Sachs банкі қызметкері Сергей Арсеньев қосылды. Алғашқы турнирлер Мәскеуде өткен, кейін бұл серия Ресейдің ондаған қаласы мен шет елдерге таралды. 

Болжам бойынша Гаджи Гаджиев пен Раушан Қажыбаева. Сурет Тарбаевтың instagram парақшасынан алынды.

Осындай, отбасылық дерлік ортада, ықпалды тұлға — Гаджиевтің зайыбы Раушан Қажыбаева да «көрініп» қалуы мүмкін. Ол — Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» ұлттық акционерлік қоғамының бас директоры. 4 қыркүйекке дейін бұл жұп өздерінің қарым-қатынасын ресми түрде мойындамаған болатын. Негізінде, кіммен кездесіп, нені жария ету  олардың жеке шаруасы. Алайда Гаджиевтің ұсталғаны туралы жаңалық шыққан сәтте, бұған қатысты медиа кеңістіктегі реакция кез келген ресми растаудан да әсерлі болды.

«Керек адам түсінеді?»


Оппозициялық басылымдарда бұнымен қатар — анонимді әңгімелер мен қауесеттерге негізделген мүлде басқа бір бейне пайда бола бастайды. Гаджиевтің өзі бұл туралы ешқандай пікір білдірмейді. Алайда дәл осы сюжеттер ақпарат кеңістігіне қайта-қайта оралып отырады — олар оның имиджін бұзудан гөрі, керісінше, толықтырып, ресми турнирлердегі суреттерінен көрінетін бейнесін әлдеқайда күрделірек әрі екіұшты етіп көрсетеді.

Гаджи Гаджиевтің есімі медиа кеңістікте алғаш рет кеңінен талқылана бастаған сәт — 2022 жылдың соңында журналист Михаил Козачковтың Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері тарапынан ұсталған тұсы.

 Уақытша ұстау изоляторынан жазған хатында Козачков онда бір тәуліктен аса уақыт отырғанын айтып, тағылған айыптардың нақты еместігін жеткізген: рейдерлік, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу және мемлекеттік құпияларды жариялау. Ол бұл айыптарды тек өзінің кәсіби қызметімен байланыстырған: атап айтқанда, мейрамхана иесі Алмас Абдығаппаровтың ісіне қатысты жарияланымдарымен. Абдығаппаров ұрлық жасағаны үшін сотталған, бұл іс сот пен прокуратура тарапынан дәлелденген қылмыс ретінде бағаланған. Алайда Козачковтың айтуынша, дәл сол жағдай өзіне келгенде бірден «рейдерлік» ретінде сипатталуға тырысқан. 

Козачковтың хатының көшірмесінің скриншоты Вадим Борейконың Facebook парақшасынан алынды.

Журналист ашық түрде  ұсталуының шынайы себебі — Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) басшысы Жанат Елімановтың жеке кегі деп мәлімдеген. Оның айтуынша, жазда агенттік қызметкерлерінің бірі оған тікелей: «Сені жабуды көздеп отыр» деп ескерткен. Ал қараша айында журналистің танысы, кәсіпкер Гаджи Гаджиев — Жанат Елімановпен жұбайы Раушан арқылы байланысы бар  сөздерді тағы қайталап: Еліманов әйелі туралы жарияланған материал үшін ренжіді, деген.  Өйткені ол қаржылық пирамидаға алданғандар қатарында болған.

«Пацаны не поймут» деген тақырыппен жарияланған жазба Facebook парақшасында жарық көрді,  осыдан кейін, Козачковтың айтуынша, жеккөрініш ашық қысымға ұласты. Гаджиев жағдайды жұмсартуға тырысқан, тіпті журналистен түсініктеме жазуды да сұраған. Алайда Козачков одан бас тартқан, себебі: «Менің еш ақталатын жағдайым жоқ» деген. Бұл жанжал шешілді ме, жоқ па — көпшілікке белгісіз, бірақ әлгі жазба әлеуметтік желілерде әлі де жария  түрде тұр. Дегенмен, Козачков кейіннен Гаджиев туралы ештеңе жазбаған.

Бірнеше айдан соң қазақстандық журналистер мен блогерлерге  қоғам назары қайта ауды. Бұл тұста Аркадий Клебанов-Маневичтің тұтқындалуын ерекше атап өткен жөн. Ол — мультимиллионер Александр Клебановтың туған жиені, және ол бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы шабуылдарды ұйымдастырды деп танылған. Бұл шабуылдарға БАҚ редакцияларына от қою, DDoS-шабуылдар жасау, тіпті журналистердің, соның ішінде олардың балаларының өміріне тікелей қауіп төндіру де кірген. Жарияланған материалдарда бұл әрекеттердің артында Назарбаевтар отбасы тұрғаны, ал олардың мақсаты — тәуелсіз баспасөзге бұрыннан таныс қысым әдістері арқылы әсер ету болғаны айтылған.

Осы уақытта Гаджиевтің есімі бұрынғы грек-рим күресінің жаттықтырушысы әрі кәсіпкер Әділет Мусиннің мәлімдемесінде қайтадан аталды. Бұл мәлімдемені «Басе» YouTube арнасы жариялаған. Мусиннің айтуынша, 2023 жылдың 18 қаңтарында Алматыдағы Rixos қонақ үйінде (айта кетсек, бұл қонақ үй үлкен Клебановқа тиесілі), Гаджиев онымен жеке кездесуде Қазақстан кеден қызметіне тиесілі ішкі құжаттарды, сондай-ақ ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Әли Алтынбаевпен жазысқан жеке хат алмасуларын көрсеткен. Әңгіме соңында Гаджиев: «Егер Мусин кеден ісіне қайта араласатын болса, оған еліміздің құқық қорғау органдары кіріседі және  үлкен мәселе тудырады» деп ашық айтқан. Бұл видео 2023 жылғы 1 ақпанда жарияланған болатын.

Ауызбастырық үшін бес мың доллар

Дау тудырған тақырыптың жалғасында журналист әрі «Басе» жобасының негізін қалаушы Айдос Садықовқа бір аноним адамның «келісімге келу» әрекеті туралы хабары жетеді.  Ол кезде Садықовтың жұбайы Наталья және балаларымен бірге Киевте жүрген болатын.

Хабарламада айтылғандай, Гаджиев делдалдар арқылы Садықовты сатып алуға тырысқан. Ол өзінің бизнесін «әшкерелейтін» бейнематериалды өшіру үшін бес мың АҚШ долларын ұсынған. Садықов бұл ұсыныстан бас тартып, пара беру әрекетін жария еткен. Оппозициялық басылымның пікірінше, осы қадам арқылы Гаджиев қалаған нәтижеге қол жеткізбестен, өзіне де, қазақстандық биліктің де беделіне нұқсан келтірді.

Садықов Гаджиев бұл әрекетті өз бастамасымен, жұбайы Раушан Қажыбаевамен бірлесе жүзеге асырғанын және оппозициялық портал редакциясына шығу жолдарын іздегенін атап өткен. Бұл оның қылмыстық ортада кең ауқымды байланыстары бар екенін және сын-ескертпелерді тұншықтыруға ұмтылғанын білдіреді.

Бірнеше айдан кейін Гаджиевтің тұтқындалғаны туралы қарама-қайшы мәлімет жарияланды. Материал авторлары бұл жаңалыққа аса таң қалмағанын айтып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті оны бұрыннан бақылауда ұстағанын, ал жоғары лауазымды қамқоршылары шамамен бір ай бұрын қолдаудан бас тартқанын жазды.

Яғни, 2023 жылғы сәуірде Гаджиев билік өкілдері арасындағы «қамқорлығынан» айырылып, контрабандалық схемалардан шеттетілген. Жарияланған материалда қамқорлықсыз қалғаннан кейін оның ықпалының күйреуі заңды нәтиже екені айтылған. Алайда мақала шыққан сәтте оның тұтқындалғаны ресми түрде расталмаған. Кейінірек Гаджиевтің билік «шенділерімен» сенімді қарым-қатынасын қалпына келтіргені туралы ақпарат тараған.

Садықовтың қазасы

Гаджиевтің есімі Айдос Садықовтың Киевтегі қазасына байланысты тағы да аталды. Украина тергеу органдарының нұсқасы бойынша, 2024 жылдың 18 маусымында Қазақстан азаматтары — Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаев оппозициялық журналисті үйінің жанында күтіп тұрып, Қаратаев Садықов аулаға кіріп жатқан сәтте оның басына оқ атқан. 13 күннен кейін Садықов ауруханада көз жұмды. Кейінірек күдіктілердің бірі Қазақстанның күш құрылымдарына қатысы бар екені,  Қаратаевтың Қостанай облысы полициясында қызмет еткені және тапаншамен атудан жарыстарда бірінші орын алатыны белгілі болды. Оны оқ атқан адам ретінде Айдостың жесірі таныды.


Журналисттің жесірі Наталья Садықова Гаджиевтің бұл қылмысқа қатысы бар екенін көпшілік алдында мәлімдеді. Оның айтуынша, Гаджиев бұл қылмысты ұйымдастырып, қаржыландырған. Бұл іске қатысты Қазақстанға халықаралық тергеу сұрауы жолданған, бірақ ресми түрде оған ешқандай айып тағылған жоқ.


Осы оқиға аясында Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ішінде түсініксіз қозғалыстар басталды: Садықов ісі жөніндегі жарияланымдардан кейін көп ұзамай жоғары лауазымды чекистің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл жағдай Садықовтың өліміне қатысы бар болуы мүмкін деген тұлғаларды жасыруға және ізді жоюға талпыныс ретінде бағаланды.

Кейінірек Наталья Садықова Украина Бас прокуратурасының ресми жауабында Қазақстан тарапы тергеу амалдарын, соның ішінде жауап алуды жүргізуден бас тартқанын хабарлады. Қазақстан бұл әрекетін «дәлелдердің жеткіліксіздігімен» түсіндірген. Ресми құжаттарда «айыптаулар жорамалдарға негізделе алмайтыны» ерекше атап көрсетілген. Ал журналисттің жесірі керісінше, бұл істе дәлелдер «өте көп» екенін айтты — соның ішінде Садықовтың автокөлігіндегі бейнетіркегішке жазылған қастандық сәті де бар.

Осы айғақтарға қарамастан, Наталья Садықованың айтуынша, Қазақстан соты күдікті Алтай Жақанбаевты ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан, ал Мейрам Қаратаев «тіпті іздеуде де жоқ». Ол Астананың ресми әрекетін халықаралық іздеуде жүрген күдіктілерді жасыруға бағытталған және Украинамен жасалған өзара құқықтық көмек туралы келісімді ашық бұзу деп бағалады.

 Қорғас

Сонымен қатар, Respublika басылымы Гаджиевтің контрабандалық бизнесіне қатысты бірнеше инсайдерлік материал жариялады. Онда Гаджиев пен оның «командасы» Қытайдан Қазақстанға, одан әрі Ресейге заңсыз тауар жеткізуге бақылау жүргізетіні айтылды. Негізгі тасымалдау арналары ретінде шекарадағы «Қорғас» өткізу пункті көрсетілген. Басқа Қытай шекарасындағы өтпелер оның ықпалынан тыс, оларды басқа топтар басқарып отыр деп хабарланды. Сондай-ақ, соңғы уақытта Гаджиев шекарадағы кеден рәсімдерімен және тасымалмен айналысатын фирмалар санын екі еседен астам арттырғаны айтылады. Оның контрабандалық желісіне 60-тан астам компания тікелей қызмет етеді. Осы арқылы көлеңкедегі ағын көлемі күрт өсті, әсіресе электроника мен Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне арналған тауарлар ресми статистикада Қытайда да, Қазақстанда да, Ресейде де көрінбейді.

Мақалаларда риторикалық сұрақтар қойылады: Қазақстанның құқық қорғау органдары мен шенеуніктері осы алып заңсыз табыстарды байқамай ма, әлде олардың сыбайлас жемқорлығы бар ма дегендей. Соңында Гаджиев президент Тоқаевтың әрекеттерін тежеп тұрған себептердің бірі ретінде көрсетіледі, өйткені контрабандалық бизнес — «қара аққу», яғни дағдарыс тудыруы мүмкін күтпеген оқиға. Сондықтан билік оны өз беделіне зиян келтіре тұра төзуге және қорғауға мәжбүр екені айтылады.

Тағы да Қауіпсіздік қызметінің ізі

2024 жылдың қараша айында Садыковтың қазасы мен Гаджиевтің байланыстары туралы болжамды тапсырыс берушілер қатарында сыртқы барлау қызметінің басшысы Асқар Әмірхановтың қызметтен алынғаны туралы ақпарат пайда болды. Айта кетерлігі, жылдың басында Әмірхановты қайта қызметке қайтару жоспары болған, бұл шешімді кәсіпкер Гаджиев лоббилеген деген ақпарат болған. Бірақ бұл болжам орындалмады.

Дегенмен, жазбаларға қарағанда, мамырға қарай Гаджиев саяси ықпалын айтарлықтай күшейтіп, Ақордадағы кадрлық шешімдерге араласуға тырысқан көрінеді. Ол ҰҚК төрағасының орынбасары Ерлан Алдажұмановты өз адамына — Шекара қызметінің басшылығына ауыстыру идеясын итермелеген. Тіпті, Гаджиев бұл туралы Алдажұмановпен жеке сөйлескен, бірақ соңғысы «жомарт ынтымақтастық ұсыныстарын»  қабылдамаған. Яғни, Гаджиев Алдажұмановты орнынан ауыстыруды немесе оны өз жағына тартуды көздеген, алайда бұл қиял сәтсіздікке ұшыраған.

БАҚ пікірінше, Гаджиев кәсіпкерлік қызметін айтарлықтай жандандырып, оның контрабандалық бизнестен алған жоғары табыстары әскери компонент қосылғандықтан — Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешеніне арналған қосарланған мақсаттағы тауарларды жеткізу есебінен одан әрі артқан. Сонымен қатар, ол Ресейдегі бизнес жобаларына «өте үлкен» табыстарын инвестициялауы мүмкін деген деректер де бар.

Көлеңкемен күрес

Келесі материалдарда Қытайдан Қазақстан арқылы Ресей мен Иранға жеткізілетін жаңа схема ұсынылады — іс жүзінде санкцияланған және арнайы тауарлардың импорты. Бұл «сыртқы сауда серпілісінде» маңызды рөл атқарғаны атап өтілген — Гаджи Гаджиевтің есімі жиі айтылады. Мақалада Гаджиев сияқты адамдардың арқасында Қазақстан Ресей мен Иранға қажетті тауарларды шектеулерге қарамастан жеткізуге мүмкіндік беретін негізгі транзиттік мемлекетке айналғаны айтылған. Яғни, Гаджиевтің контрабандалық схемалары үлкен геосаяси ойынның бір бөлігіне айналған. Осы арқылы авторлар Қазақстан билігінің жауапкершілігін баса көрсетеді: Гаджиевтің бизнесіне көз жұму арқылы олар халықаралық салдарға ұшырауы мүмкін.

30 шілдедегі соңғы жарияланымға сәйкес, Гаджиев енді бүкіл ел көлеміндегі «контрабанданың атасы» емес, оның қорғаушылары оған тек әскери және қосарланған мақсаттағы өнімдерді жеткізуге ғана назар аударуды тапсырған. Осылайша, Гаджиев «арнайы тауарлар» арнасын басқарады — қару-жарақ, техника, батыс бағытындағы қосалқы бөлшектер. Ал қарапайым «азаматтық» контрабанда, аңыз бойынша, басқа сенімді тұлғаға тапсырылған, оның аты әзірге белгісіз.

Әсер ету саласының қайта бөлінуінің себептері нақты белгісіз, бірақ инсайдерлер бірнеше болжамдар ұсынады: жоғары жақтар Гаджиевтің жеткілікті пайда тапқанына көз жеткізіп, аса табысты бизнесті басқа біреуге берген болуы мүмкін, мүмкін Гаджиев кірістерді дұрыс бөлмеген; немесе Гаджиев тым танымал болып, билікке қауіп төндіргендіктен оның ықпал аймағы арнайы жүктемелерге шектелген, бұл бәсекелестерге аз көзге түседі әрі оларды мазаламайды; немесе АҚШ-пен даудан туындаған Иранның қару-жараққа сұранысының өсуі себеп болып, дәл осы тар, бірақ пайдалы сектор Гаджиевке тапсырылған.

Мақалада бұл өзгерістерден пайда көрген адам  -  Қазақстанның батысындағы Гаджиевтің сенімді адамы — «Алиба» деген лақап аты бар Әлібек Нарбеков  туралы да айтылады. Айтуларынша, Гаджиевпен жұмыс бастағаннан кейін Нарбековтың ықпалы артқан — енді жергілікті әкімдер, құқық қорғау органдары мен кеденшілер оның әрекетіне де мән беруге мәжбүр.

Енді Гаджиев туралы спорттық атақтардан бастап контрабандалық схемаларға және құқық қорғау органдарымен байланыстарға қатысты айыптауларға дейінгі ақпарат ауқымы соншалықты кеңейген, журналистік болжаулар ғана деп айту қиын. Оның тарихы инсайдерлік нұсқалар шегінен асып кетті. Гаджиевтің іс-әрекеттері мен байланыстарына қатысты келесі сұрақтар құқық қорғау органдарына қойылуы тиіс.

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымының өсуіне қарамастан, бұрыннан келе жатқан мәселе бар: тараптар жариялайтын статистикалық деректер сәйкес келмейді. Ресми мәліметтерге қарағанда, 2024 жылғы қорытынды бойынша Қытай мен Қазақстан статистикасы арасында шамамен 14 миллиард доллар айырмашылық бар. Бұл айырмашылық бірнеше жылдан бері байқалып келеді, бірақ негізгі сұраққа — оны кім және қалай бақылауы тиіс — әлі де жауап жоқ.

Тағы оқыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар