Ешкім өлемін деп отқа бармайды

cover

26 тамыз күні Жамбыл облысындағы әскери оқ-дәрі қоймасында болған жарылыс әлеуметтік желіде таралып, жұртшылықтың қызу талқысына түскен болатын. Артынша ауруханада жатып есін жиған өрт сөндірушілер бірінен кейін бірі журналистерге сұхбат беріп, онда әскерилердің өрт сөндірушілерден бұрын өрт ошағын тастап шығып кеткені де айтылды.

Orda.kz журналисі осы және басқа да  сұрақтарды әскери басшылыққа қойып көрді.

Жергілікті тілшіміздің  сұрақтарына Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас инспекциясының басқарма бастығы, полковник Жұмабек Хасенов жауап берді.

 — Жұмабек Хасенұлы, сіз жарылыс орнына қай уақытта келдіңіз?

— Біз жарылыс болған күні, сағат сегізде дабыл түскеннен бастап Қорғаныс министрі орынбасарының  бұйрығымен әрекет еттік, сағат 21.30 әскери ұшақпен аттанып, 23:30 Тараз қаласына  келіп қондық. Сол бір 20-25 минут ішінде түнгі 12 жетпей, осы оқиға болған жерге министр бастаған комиссия құрамында келдік. Сол уақыттан бастап осы жерде жұмыс істеп келе жатырмыз.

  Болған оқиғаға ой жүгіртсек,  сағат 18.00-де  ауысым болады. Жарылыс болмай тұрып, бөлімде қанша әскери қызметкер болды?

 Бұл бөлімде 70-тен астам әскери қызметші бар. Командирден бастап қатардағы жауынгерге дейін болды. Ең бірінші 18.45 минутта 3 постың қарауылшысы түтінді көріп, әскери тәртіп бойынша қарауыл бастығына баяндама жасайды. Сол уақыттан бастап қимыл басталды. Өзіміздің өрт сөндіру тобымыз бар тәулік бойы қызмет атқаратын. Сол офицер бастаған жігіттер оқиға орнын барып көріп,  барлық өрт сөндіру жұмыстарын атқарды. Бұл кезде жедел түрде Тараз қаласы мен Байзақтағы Төтенше жағдай министрлігінің өрт сөндірушілері де келді. Бар айналдырғаны 15-20 минуттың арасында барлық күштер жиналды. Бұл жерде біздің сарбаздар мен офицерлердің бар ойы халықты ойлап, жағдайды түсініп,  өртті сөндіру болды. Оқиға орнына 18-19 өрт сөндіру көліктері  мен 40 астам төтенше жағдай қызметкерлері келіп жұмыс істеді. Өзімізде екі өрт сөндіру техникасы бар (ГПМ), бәрі толық жұмыс істеп жатты.

  Енді сол өрттен кейін сіздердің техникаларыңыздан аман қалғаны бар ма?

 Өкінішке қарай, сол жерге кірген техниканың біреуі де аман қалған жоқ. БӘРІ ҚИРАП, ЖАНЫП КЕТТІ, болған жарылыстың күшін әлеуметтік желіден көріп, естіп жатырсыздар. Бірде бір техника аман қалған жоқ.

 — Біздің  білуімізше сол кезде әскери ойын өтіп жаттты. Әскери ойын өткен кезде басшылықтың көбі келеді.  Осы әскери бөлімде қанша адам нақты жұмыста болды? Әскери бөлімге  кездейсоқ адам кіргізілмейтіні белгілі ғой?

 — Сол кезде Тараз горнизонында өздеріңіз білетін қолбасшы, генерал- майор Қарақұлов Қайдар Самитұлы болды. Өрт басталғаннан кейін 10-15 минут ішінде ол кісі де осы жерге жетіп үлгерді. Осы жерде командирдің бірінші орынбасары майор Әлімбеков Саят деген жігітіміз қайтыс болып кетті. Тағы басқа командирдің орынбасарлары ауыр жарақатпен ауруханада жатыр.

  Бәрі Қарақұловтың орынбасарлары ма?

 —Бұл әскери бөлім оңтүстік өңірлік қолбасшылығына қарайды, қолбасшы — генерал- майор Қарақұлов. Ал,  Айнабеков Мейіржан осы әскери бөлімнің орынбасары болатын.

— Қатты зардап шеккен немесе қайтыс болғандар болды ма ?

—  Көптеген азаматтар зардап шекті, бүгінгі күні 15 адам қаза тауып, жер қойнауына бердік. Дауытбаев Бауыржанның сүйегін әлі іздеп жатырмыз. Сол 16 адамның ішінде 6-уы осы әскери бөлімнен. 3-4 жігіт жұмыстары аяқталып,  үйлеріне кетіп қалған жерлерінен жағдайды естіп, қайта келіп, қаза болып отырған жағдайлары бар.

Кімдер екенін айта аласыз ба?

—  Дәл қазір аты –жөндерін айта алмаймын, іздеп жатқандың ішінде  Дауытбаев Бауыржан және Нәдірбеков Еркін бауырымыз бар. Дәл қазір білетінім осы, барлығын толық, тура, нақты айта алмаймын.

 — Неге өрт сөндірушілер «біз сұраған кезде ол жақта жарылғыш заттар жоқ деп айтты» деді. Бұндай қауіпті заттар  бола тұра, кім «жарылғыш заттар жоқ» деп айтуы мүмкін?

— Ондай жағдайды ешкім айта алмайды. Осы әскери бөлімде, осы 14 қоймада, оқ-дәрілерді сақтау орнына  жақын арада, осы әскери бөлімнің командасы мен өрт сөндірушілері және Байзақ ауданының төтенше жағдай қызметкерлері үлкен оқу-жаттығу өткізген болатын. Ол жерде дәл сондай жоспар да бар, талай жыл жұмыс істеп келе жатқан нағыз мамандар білетін, оны бәрі біліп тұрды, өртке келгенде тәуекел де бар. Ер азамат болғаннан кейін, погон таққаннан кейін әрқайсысы бұған дайын болып келеді. Әрбір қойманың алдында мынадай бір белгі болады, көріп тұрсыз ба? Тиым салынған деген, өмірге қауіпті дәл осындай «жарылғыш зат» деген үлкен-үлкен тақталар әрбір қойманың алдында ілінген. Тәуекелге барған азаматтар — еліміздің, халқымыздың, осы жауынгерлердің, қаза болған жігіттердің және аман-есен оралған жігіттердің батырлығы деп айтамын. Патриоттық деп нағыз осыны айтуға болады. Қандай қауіп бар екенін, қандай өрт болғанын біле тұра,  жандарын салып, келді, аянбады. Олардың ең бірінші ойлары, әрине, қойманы сақтап қалу, екіншіден қасымыздағы тұрған тұрғын үйлерді, ауылды, мекемелерді сақтап қалу.

 — Қазір өрт толық тоқтады ма, әлде тағы да миналар ұшуы мүмкін бе?

— Қазір толықтай тоқтады. Дегенмен  мына өзіңіз  көріп тұрғандай, өрт сөндіру көліктері әлі күнге дейін су шашып жатыр. Өйткені, мұның бәрі қауіпсіздіктің алдын алу үшін. Әлі де  өрт сөндіру,су шашу жұмыстары жүріп жатыр.

  Былай айтқанда, өрт ошағына жақындаған жоқсыздар ғой?

 — Жақындадық, көрдік. Осы жерде 93-тен астам сапёр жүр, мықты дайындалған, әрбір горнизоннан келген. Дегенмен айтып отырмыз ғой,  өрт деген тілсіз жау, инженерлік жойқын жарылғыш зат болғаннан кейін радиусы шамамен 2-3 шақырымға лақтырып тастайды. Ең бастысы адам өмірі. Сондықтан да жұмыстар үлкен қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жүріп жатыр.

Енді сіз  14-қоймадан бірінші өрттің түтіні байқалды дедіңіз. 18:45-те қарауыл сол туралы хабарлады. Сол қоймада не сақталып еді?

 — Ол қоймада тротилдер сақталды. Ол барлық ақпараттарда айтылды. Салмағы өте үлкен. Бұл әскери нысан болған соң, түсінесіз, ақпараттардың барлығын ашық айта алмаймыз. Халыққа айтатынымыз ол жерде тротил сақталды. Ол жерде не болғанын,қалай болғанын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр.

Енді қараңызшы, тротил деген олай жанбайды ғой?

— Ол жерде тротилден басқа ештеңе болмады. Бұл тротил де талай жылдардан бері қолданыссыз жатқан. Біраз жылдан бері жиналып келе жатқан тротилдер бар, қандай химиялық процестер жүргенін қазір айта алмаймыз, оның бәрі 1-3 ай ішінде тергеуден кейін айтылады. Дәл қазір ешкім бұл жерде жарылыс  неден болғанын айта алмайды. Сондықтан да  байбаламға салмайық. Ендігі бұл жезде 93 саперымыз бар, барлық саны 300-ден асатын адам жұмыс істеп жатыр. Осы бөлімді қалпына келтіру керек.

 Осы жақын жерде басқа қоймалар бар ма?

—  Жоқ. Бұл жердегі Байзақ, Қайнар ауылы маңында басқа қоймалар жоқ. Тек осы үлкен қойма. Қойма ішіндегі сақтау орнынан (хранилище) өрт басталды.Қойма деп жалпы айтамыз.

  Қоймада қанша сақтау орны (хранилище)  бар?

111 сақтау орны бар, оның 3-еуі ғана қазіргі кезде аман сақталып қалды. Басқасы өртеніп кетті.

  Нелер аман қалды?

— Оны дәл қазір айта алмаймын. Бұл жерде инженерлік оқ-дәрілер, содан кейін танкі мен жаяу әскерге қарсы миналар сақталған. Басқа нелер барын айта алмаймын, ол құпия ақпарат.

Әскерилер бүгінгі таңда осындай жойқын жарылыстар қайталанбас үшін не істейді?

— Бұл жерде мемлекет тарапынан қорғаныс министр тарапынан үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Елімізге, халқымызға түсінікпен қарап жатқандарына мың да бір алғыс айтқым келеді. Қаза болған азаматтардың отбасына, бала-шағасына, ата-анасына көңіл айтамын. Тас түскен жеріне ауыр. Сол жандардың қандай қайғыда отырғанын түсінеміз. Сондықтан да қабырғамыз қайысып жүр. 26 тамыздан осы күнге дейін күн демей, түн демей аяғымыздан тік тұрып жұмыс істеп келе жатырмыз. Бұл жерде жоғарғы бас қолбасшымыз, Президентіміз, Қорғаныс министрлігіміз, мемлекетіміз және осы Жамбыл облысы әкімшілігіне үлкен рақмет, барлық жағдайды жасап халыққа қауіп төнбесін деп, жақын елді мекендерге жағдай жасап жатыр. Қайғыға батқан отбасына барлық жағдай жасалынып жатыр. Осы қоймада біздің әскерилердің тарапынан барлық жұмыс жүріп жатыр. Бұндай жарылыс қайталнабайтындай. Бұл жерде жарылыс болмайды. Барлық жағдай жасалды. Осы аралықта соның барлығын жоюға  1-2 жылдай уақыт жұмсалады. Айналып келгенде бұл жұмыстар үлкен қаржыны талап етеді. Бұл бір күндік, бір айлық емес, бір жылдан да асуы мүмкін жұмыстар. Қазір Арысты білесіздер, Арыс қаласындағы оқиғаның болғанына 2 жылдан асса да күрделі жұмыстар жүріп жатыр. Мемлекет, Қорғаныс министрлігі 2019 - 2024-жылға дейін кешенді жоспар жасады. Сол жоспарда әрбір горнизонда үлкен қоймалар бар. Арыспен салыстырғанда бұл қойма өте кішкентай.

Осы бөлімде өрт сөндіру құрылғылары болған жоқ дейді?

— Мен ол сөзбен мүлде келіспеймін, өйткені бұл әскери қойманың көп жылдық тарихы бар және барлық жағдай жасалған. Әрбір қоймада жердің астында 50 кубтық су қоры,  жаңа, заманға сай сигнализация, видеосы бар орын бар. Заң бойынша, біздің әскери жарғы бойынша барлық жағдай жасалған. Тек бұл оқиға 10-15-20 минуттың арасында болды. Жарылыс 2-3 шқ жетіп,  жойқындығы өте күшті болды. Ендігі жерде бұндай жарылыстар мен шығындар болдырмауға күш салудамыз. Халқымыздың амандығы үшін аянбай еңбек етуге дайынбыз.

Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбатты жүргізген Исламбек Дастан.

Мәтінді өңдеп, жариялаған Ләззат Нұрсапақызы.

Суреттерді түсірген «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының баспасөз хатшысы, подполковник Дина Мухаринова.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар