Енді әлеуметтік желіде репост жасағандарға айыппұл салынады

cover Фото: Elements.envato.com

Қазақстанда әлеуметтік желілерде заңсыз және тыйым салынған контентті таратқандарға айыппұл салу жоспарланып отыр. Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Orda.kz.

Түзетулер «Құқық бұзушылықтардың алдын алу» туралы заңға енгізілмек. Онда алғаш рет нақты жазылған жазалау тек тыйым салынған материалдарды жасағандарға ғана емес, сондай-ақ оларды таратқандарға, яғни репост жасағандарға да қолданылады.

Тыйым салынған контентке мыналар жатады:

  • экстремизмге, зорлық-зомбылыққа немесе соғысқа шақыратын материалдар;
  • суицид, есірткі мен сепаратизмді насихаттау;
  • Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзатын кез келген пікірлер.

Сонымен қатар, бұл нормалар «Интернет-платформалар мен интернет-жарнама туралы» заңда да бекітілген. «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» құжат 15 қазан күні мәжілістің жалпы отырысында мақұлданды. Бірақ әзірге айыппұл мөлшері туралы нақты ақпарат жоқ.

Егер бұл өзгерістер күшіне енсе, қазақстандықтар желіде не таратып жүргеніне мұқият қарауы тиіс. Тіпті жай ғана репост үшін әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін.

Айта кетейік, заңсыз жазбалар үшін елде қазірдің өзінде қатаң шаралар қолданылады. Бұған дейін біз Қарағандыдағы жас кәсіпкер қыз туралы жаздық, ол әлеуметтік желідегі жазбалары үшін ұлтаралық араздықты қоздырды деп айыпталды. Прокурор 4,5 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар