Еліміздің сыртқы істер министрлігі бірқатар қажет емес міндеттен құтылды

cover Фото: gov.kz

Қазақстанда Сыртқы істер министрлігінің бірқатар құзыреті қысқартылды, деп хабарлайды Orda.kz.       

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы» ереже  Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы №1118 қаулысымен бекітілген болатын. Енді осы қаулыға төмендегідей өзгеріс енгізілмекші:

Атап айтатын болсақ, министрліктің функциялары көрсетілген 15-тармақтан 100), 101), 208) және 209) тармақшалар алынып тасталды.

Бұл туралы Үкімет қаулысында:

«Осы қаулы 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі» деп көрсетілген. 


Алып тасталған функциялар мыналар:

100) Инвестициялық келісімшарт аясында қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылатын импорттық шикізат пен (немесе) материалдардың тізбесін бекіту (мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдармен келісу арқылы).

101) Инвестициялық салықтық кредит алу үшін инвестициялық салықтық кредит беру туралы келісім жасасу тәртібін бекіту (салықтар мен бюджетке төлемдердің түсуін қамтамасыз ететін уәкілетті органмен және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу арқылы).

208) Кәсіпкерлік саласындағы заңнамаға сәйкес жасалған және басым инвестициялық жобаларды іске асыруды көздейтін инвестициялық келісімшарттар туралы, сондай-ақ олардың тоқтатылуы жөніндегі мәліметтерді салықтар мен бюджетке төлемдердің түсуін қамтамасыз ететін уәкілетті органға белгіленген тәртіппен, мерзімде және нысанда ұсыну.

209) Жасалған инвестициялық келісімдер мен олардың бұзылуы туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көзделген өзге де ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органға ұсыну.

Осы қасаң заң тілінде жазылған пәрменді жалпы халыққа түсінікті тілмен жеткізіп берейік.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап инвестициялық салықтық жеңілдіктерге қатысты  мынадай нақты өкілеттіктерінен айырылады:

  • инвестициялық келісімшарт аясында ҚҚС-тан босатылатын импорттық шикізат пен материалдардың тізбесін бекітпейді;
  • инвестициялық салықтық кредит беру тәртібін бекітуге қатыспайды.

Бұл функциялар негізінен қаржы, салық және экономикалық жоспарлау саласына жатады, сондықтан олар басқа уәкілетті органдардың құзыретінде қалады.

Инвестициялық келісімдер бойынша салық органдарына ақпарат беру міндетіне келсек, министрлік енді:

  • басым инвестициялық жобалар бойынша жасалған инвестициялық келісімшарттар туралы мәліметтерді;
  • олардың тоқтатылуы туралы ақпаратты;
  • инвестициялық келісімдер мен олардың бұзылуы жөніндегі деректерді;
  • салықтар мен бюджетке төлемдердің түсуін қамтамасыз ететін уәкілетті органға (яғни, салық органдарына) ұсынбайды.

Жалпы қорыта айтсақ, сыртқы істер министрлігі инвестициялық және салықтық реттеу саласындағы функцияларынан босатылды. Яғни, өзіне тән емес, экономикалық-қаржылық сипаттағы міндеттерден арылып, негізгі бағыты бойынша — сыртқы саясат, халықаралық қатынастар және дипломатиялық қызметпен көбірек айналысатын болды.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар