ЕЭК Кеңесінің алғашқы отырысында Қазақстан өз басымдықтарын айқындады

cover Фото: primeminister.kz

Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің алғашқы отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысушы елдер мен бақылаушы мемлекеттерге Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақтағы төрағалығының негізгі басымдықтарын таныстырды, деп хабарлайды Orda.kz премьер-министрдің баспасөз қызметіне сілтеп.

«Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етуде. Мәскеуде өткен ЕЭК Кеңесінің алғашқы отырысында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысушы елдер мен байқаушыларға қазақстандық төрағалықтың негізгі басымдықтарын ұсынды» деп жазылған хабарламада. 


Жиында ортақ үдерістерді толыққанды енгізу қажеттілігіне ерекше назар аударылды: бекітілген 77 тетіктің іс жүзінде тек 42-сі ғана жұмыс істеп тұр. Уәкілетті органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара интеграцияланбауы Одақ ішіндегі тауарлардың еркін қозғалысын қиындатып отыр.

«Қазақстан Президенті мемлекет басшыларына жолдауында ЕАЭО аясындағы жұмысымыздың басымдықтарын айқындады. 2026 жылы экономиканың түрлі салаларында жасанды интеллект құралдарын енгізуге, Одақтың логистикалық әлеуетін пайдалануға, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыруға, өзара саудадағы кедергілерді жоюға, сондай-ақ үшінші елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға басымдық беру ұсынылады», – деп атап өтті Жұманғарин. 


Негізгі міндеттердің бірі ретінде «тігіссіз» транзитті дамыту көрсетілді. Бұл навигациялық пломбаларды кеңінен қолдануды, бірыңғай транзиттік декларацияны және кедендік баждарды төлеуді қамтамасыз етудің біріздендірілген құралдарын енгізуді көздейді. Мұның бәрі тасымал жылдамдығы мен құнына тікелей әсер етеді.

«Кооперациялық жобаларды дамытуға да ерекше назар аударылады. Қазіргі таңда Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей компанияларының қатысуымен бес жоба мақұлданған. Міндет – кооперация портфелін кеңейту, бірлескен өндірісті ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және жергіліктендіру деңгейін арттыру» деп жазылған хабарламада. 

Өткізу нарықтарын кеңейту мақсатында үшінші елдермен сауда келісімдерін белсенді түрде ілгерілету ұсынылды. Бұл келісімдер ЕАЭО-ға мүше елдер бизнесі үшін орнықты өсудің маңызды көзі ретінде қарастырылып отыр.


Тақырыпқа сай ұсынамыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар