Достық – Мойынты теміржолы: Президент Тоқаевты кім алдады?

Мемлекет басшысы жақында іске қосқан Достық – Мойынты теміржол желісі іс жүзінде дайын болмай шықты. Құрылыс аяқталды деген даңғаза мәлімдемелерге қарамастан, жұмыс әлі жалғасып жатыр. Рельстер уақытша төселген, ал миллиардтаған теңге мердігерлерге әлдеқашан төленіп қойған.
Orda.kz тілшісі шын мәнінде теміржолдың қандай жағдайда тұрғанын анықтап қайтты.
30 қыркүйекте бүкіл ел Қасым-Жомарт Тоқаевтың телемост арқылы Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін салтанатты түрде іске қосқанын көрді. Бұл — ұлттық деңгейдегі жоба, президент өз Жолдауында оны ерекше мақтанышпен атап өткен еді:
«Бұл жоба – айрықша маңызы бар бастама. Ол Шығыс–Батыс бағытының өткізу қабілетін айтарлықтай арттырады. Экспорттық тауарларды жеткізу мерзімі қысқарып, транзиттік әлеуетіміз нығая түседі. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты жалғайтын негізгі діңгек. Ел аумағы арқылы әлемнің ең ірі нарықтарына жол ашатын бес теміржол дәлізі өтеді. Біз көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән береміз», — деді мемлекет басшысы.
Алайда салтанатты рәсім аяқтала салысымен, бізге: «Бәрі көзбояушылық!» деген хабар жетті. Шын мәнінде нысан дайын емес. Екі көпірде құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр. Бізді өз көзімізбен көруге шақырды. Теміржолшылар уақытша төселген рельстерді қайта алып, жолды қайта төсеп жатқан бейнежазбаны жіберді. Егер сол бейнежазбаны көрмесек, мұндай ұлттық маңызы бар жобада құйдай өтірік айтылады дегенге сенбес едік.
Көпірге апарар жол
Сапарымызды жаңа теміржол өтетін Ақтоғай станциясынан бастадық. Жетісу облысының Алакөл ауданының орталығы – Үшаралдан Ақтоғайға дейін шамамен 140 шақырым. Алғашқы 52 шақырым — тегіс асфальт, ал одан кейінгі жол — нағыз сынақ. Жолдың жағдайына қарасаңыз, соңғы рет мұнда жөндеу жұмыстары 80-жылдары жүргізілгендей әсер қалдырады. Ойылып кеткен асфальт, сансыз шұңқырлар, жарықтар мен бітпейтін ойдым-ойдым жерлер.
Жергілікті тұрғындар бұған «Қазақмыс» компаниясын кінәлайды. Зауыт құрылысы басталғаннан бері ауыр техника жылдар бойы жолды талқандап, тіпті жол талғамайтын көліктерге де жүрудің өзі машақатқа айналған.
Осы 140 шақырымды біз үш сағатта әрең жүріп өттік. Ақыры әл-дәрменіміз құрып, шаршап, жағамызды ұстаған күйі Ақтоғай станциясына жеттік.
Қағаз жүзінде ғана дайын ба?
Ақтоғай Шығыс станциясында бізді қызғылт жилет киген жұмысшылар қарсы алды. Көпірге апарар жолды көрсетуді өтіндік, бірақ олар қолымен ишара жасап, жаңа Достық – Мойынты тармағында бағыт ауыстырғыш орнатып жатқанын айтты.
Бірнеше шақырым жүрген соң, біз жыр болған сол көпірге жеттік. Бір қарағанда жаңа секілді. Жаңа бояу, қалай болса солай жасаған дәнекердің ізі, темірдің астынан аққан іздер. Бірақ көпірдің кей бөліктері әлі боялмаған, ал қоршаулар толық бекітілмеген екен. Ал бұл — мәселенің бір парасы ғана.
Рельстердің үсті шашылып жатқан тастар мен бос сымдарға толы. Кей жерлерде темірлер дәнекерленбей қалған. Кейін мамандар оның рельстік тізбектің электрлік қосындысы, яғни пойыз қозғалысын реттейтін сигнал беру және автоблоктау жүйесінің бөлігі екенін түсіндірді. Онсыз пойызды соқыр деуге болады.
Бұдан да сорақысы — көпірде контррельс мүлде жоқ болып шықты. Бұл — кез келген көпірде міндетті түрде болуы қажет элемент. Ол пойыздың жолдан шығып кетуін болдырмайды. Оның жоқтығы — қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуы деп кесіп айтуға болады.
«Жалпы, Достық – Мойынты теміржолының осы бөлігінде қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген. Көпір де, бағыт ауыстырғыштар да, рельстер де пайдалануға әзір емес. Ал желі ресми түрде іске қосылған!» — дейді жұмысшылар.
Келесі нысан — Бескөл станциясы, сегізінші разъезд
Әлдекімдер біздің бұл жаққа келуімізді құптамай, жолды ойлы-қырлы қылып, саз бен балшыққа толтырып қойғандай. Жолдың ауырлығы бөлек әңгіме. Көлікті тастап, үш шақырымдай жаяу жүруге тура келді. Келіп жеткенде көз алдымызда нағыз «ғасыр құрылысы» болатын, фильм түсіруге татитын көрініс шықты. Жұмысшылар, биік крандар, дәнекерлеу кезінде шыққан түтін мен темірдің жаңғырыққан дыбысы. Бұл қызу жүріп жатқан құрылыс «әлдеқашан салтанатты түрде іске қосылған» нысанда жүріп жатты.
Көпір үстінде қарбалас жұмыс жүріп жатыр. Бірі – Арыс өңірінен, бірі – Көкшетаудан, енді бірі Жетісудың маңындағы ауылдардан келген жұмысшылар. Олар турасын айтты. Рельстерді телемостқа дейін уақытша төсеген. Президент қатысатын көрсетілімге үлгеру үшін ғана. Көрсетілім біткен соң бәрін қайта шешіп, жаңадан төсеп жатыр екен.
«Ескі уақытша төселген жолды алып, орнына жаңа рельстер мен контррельстер саламыз», — деді бригадирдің бірі.
Сөйтіп, 30 қыркүйекте мемлекет басшысы «жолға шығарып салған» пойыз әдемі кадр үшін төселген уақытша жолмен жүрген болып шықты.
«Енді бәрін талапқа сай істеп жатырмыз»
Айтқандай-ақ, 5 қазанда сол көпірде жұмыс қайта қызды. Жұмысшылар рельстерді көтеріп, шпалдарды ауыстырып, жол полотносын қайта төсеп жатты. Көпір үстімен ауыр жол агрегаты баяу жылжып, ескі шпалдарды көтеріп, жаңасын орнатып келеді.
«Сол күні бәрін тез төсеуге тура келді, пойыз өтуі керек еді. Енді бәрін талапқа сай істеп жатырмыз», — деді машинисттердің бәрін бүкпесін айтып.
Бұл – есептерде жазылатын «техникалық түзету» емес, толық демонтаж және қайта төсеу жұмысы. Ал көпірдің астындағы Тентек өзенінің үстінен өтетін жаңа өткел әлі дайын емес. Айналада темірлер шашылып жатыр, крандар жұмыс істеп тұр. Теледидардан көрсетілген әсем кадрлардың артында шын мәнінде — инфрақұрылым емес, түсірілім үшін жасалған декорация ғана болғаны анықталды.
Достық – Мойынты теміржолының екінші желісіне, яғни елдің жаңа күретамыры деп аталған жобаға, 542,8 млрд теңге бөлінген. Бірақ мұнда да заңбұзушылық жетерлік.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін іс жүзінде 419,9 млрд теңге ғана игерілген. Соған қарамастан, мердігерге 436,3 млрд теңге төленіп қойған, яғни, орындалған жұмыс актілерімен расталмаған 16,4 млрд теңге артық. Бюджет қаржысы кетті, ал бақылау құжаттары әлі рәсімделмеген.
Одан бөлек, мердігер компания 161 млрд теңге көлемінде аванс алған, ол «материал сатып алу мен жұмыстарды ұйымдастыруға» арналған деп көрсетілген. Бұл — жалпы сметаның шамамен 30 пайызы.
Сонда заңды сұрақ туады. Ол бұл қаражатты қайтаруға тұратындай кепілдік бере алды ма?
Ал ҚТЖ болса «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші жолдары іске қосылғаны жайлы мәлімдеме жасады.
«2025 жылғы 30 қыркүйекте Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші теміржол жолдарымен пойыз қозғалысы іске қосылды. Бүгінгі таңда пойыздар қалыпты режимде жүріп жатыр, 6 қазан күнгі жағдай бойынша 206 жүк пойызы өткізілді, оның ішінде жаңа екінші жолдармен 101 жүк пойызы өтті (әр жолмен тәулігіне орта есеппен 20 пойыздан).Сонымен қатар, теміржол жолдарын кезең-кезеңімен сынақтан өткізу – бұл технологиялық үдерістің міндетті бөлігі және тасымалданған жүк көлеміне байланысты жүзеге асырылады», — деп мәлімдеді ҚТЖ баспасөз қызметі.
ҚТЖ жариялаған дерекке қарасақ, пойыз қозғалысы биыл мынадай учаскелер бойынша кезең-кезеңімен іске қосылды:
- Мойынты – Балқаш-1 — 29 қаңтардан бастап,
- Бескөл – 19-разъезд — 13 наурыздан бастап,
- Ақтоғай – Шығыс – Бескөл — 19 маусымнан бастап,
- Балқаш-2 – Саяқ — 4 шілдеден бастап,
- Саяқ – Ақтоғай — 30 қыркүйектен бастап.
ҚТЖ деректеріне қарасақ, нысанда жобалық құжаттама талаптары мен бекітілген кестеге сәйкес әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Ел президенті ауыз толтырып айтқан пойыз жолдың құрылысы қашан бітетіні енді уақыт еншісінде.
Автор: Сандуғаш Дүйсенова
Жаңалықтар
- Арман Шораев Жанна Кан мен Ситникованы «Миротворец» базасына енгізуді талап етті
- «Салтанат заңы іске аспайды»: Алматылық әйелді полицейлер құқай көрсеткен күйеуімен татуластырмақ болған
- Семейдегі тым-тырыс сайлау: Алаштың астанасындағы «демократия»
- Әскери басшының қызметкерге балағат сөздер айтқан бейнежазбасы тарады
- Ақтөбеде 14 жастағы Нұржан Сыдықтың өліміне күдікті болған үш оқушы ақталды
- Достық – Мойынты теміржолы: Президент Тоқаевты кім алдады?
- Ақорда берген пәтер: Тоқаевтың жеке журналисінің басы дауға қалды
- Фабио Каннаваро Өзбекстан құрамасының бас бапкері атанды
- Шерхан Қалмырзаға ғылым министрі грант табыстады
- Басы дауға қалған көлік министрлігінң шенеунігі «әкімдікке» жіберілді
- Қазақстанда Джеки Чан ойнайтын жаңа «Құдіретті сауыт» фильмі түсіріледі
- Тамара Асардың өгей ұлы өмірден озды
- Президент резиденциялары дирекциясының бұрынғы басшысы заңсыз алтын өндірген
- Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі банкрот деп танылды
- Қоянқұста ата-аналар балаларын мектепке жібере алмай отыр
- Қызылордада мүмкіндігі шектеулі баланы қорлап, аяғын күйдіргендер ұсталды
- Екібастұзда КСРО басшысы Георгий Маленков тұрған пәтер сатылымға шықты
- Таразда әкімдік қызметкерлері мемлекеттік мүлікті заңсыз сатқан
- Дана Әбдірова Перудегі әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды
- Республика сарайында Путинді жер-көкке сыйдырмай мақтаған Ситников кім?