Депутат баспананы табиғи апаттан сақтандыруды міндеттеуді ұсынып отыр

cover Фото: Ашық дереккөзден

Сенатор Бибігүл Жексенбай төтенше жағдайлардан келген шығынның орнын толтыру тәсілін өзгертуді ұсынып отыр. Ол қазақстандықтардан үйлерін табиғи апаттан сақтандыруды талап ету керек деп санайды, деп хабарлайды Orda.kz порталы.

Мысал ретінде депутат жылжымайтын мүліктің 50 пайызға жуығы апаттан міндетті сақтандыру бағдарламасымен қамтылған Түркияны келтірді. Дәл осындай бағдарлама Жапонияда ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, соңғы 20 жылда табиғи апаттар – жер сілкінісі, су тасқыны, құрғақшылық және дауылдар саны екі есеге артты.

«Қазақстан аумағының 75 пайызында дауыл, көшкін, су тасқыны, жер сілкінісі және орман өрттері сияқты табиғи апат қаупі жоғары. Елімізде жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы жиырма жылда кезең-кезеңімен талқыланды. Алайда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі және мақсатты түрде жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім аз, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған», - деді депутат Бибігүл Жексенбай. 

2024 жылдың алғашқы екі айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мүлікті ерікті сақтандыру шарттары 77,3%-ға өсті. Астана сақтандырылған тұрғын үйлер саны бойынша көш бастап тұр. Оның үлесіне жаңа сақтандыру шарттарының жартысы – 50,4% келеді. Алматының үлесі небәрі 14,85 пайыз.

«Алайда, су басқан аумақтардағы жеке мүлікті сақтандыру тарифтері өте төмен — 1%-дан аз. Адамдар сақтандыру туралы әдетте табиғи апат кезінде ғана ойлайды», — деп қосты депутат. 

Депутат еліміздегі сақтандыру жүйесін және тұрғын үйді міндетті сақтандыру мүмкіндігін жетілдіру үшін арнайы ведомствоаралық комиссия құруды ұсынып отыр. Ол сондай-ақ төтенше шығындарды өтеу бойынша отандық сақтандыру компанияларының мүмкіндіктеріне талдау жүргізуді ұсынды.

«Төтенше жағдай қаупі туралы халықты ескерту бойынша алдын алу шараларын қабылдау үшін барлық жағдайды қамтамасыз ету. Қалпына келтірілген тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің, халықты табиғи апаттардан сақтандырудың және қорғаудың нақты тәртібін реттеуге бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеуді көздеу ұсынылды», - деп қортындылады депутат. 




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар