Даудың басы — бес қоян: Парақор прокурордың артын жапқан Антикор неге жазаланбайды?
Коллаж: Orda.kz
Алматы облысында қалталы азаматқа қоян атпаса да, «атты» деп жала жауып, қылмыстық іс қозғаған, кейін оның туыстарынан пара талап еткен прокурор ұсталды. Ол ақшаны алу кезінде арнайы операция барысында қолға түскен. Алайда Антикор қызметкерлері бұл істі тіркемей, керісінше пара алған прокурорды қорғап қалған. Әділдік іздеген заңгер Әйгерім Әлтаева БАҚ арқылы осы жағдайды ашық айтып, өз қызметін адал атқармаған Антикор қызметкерлерінің лайықты жазалануын талап етеді.
Orda.kz бұл сағызша созылған істің құпиясын ашып көрді.
Қалталы азаматты құрықтағысы келген құзырлы орган
Редакцияға заңгер Әйгерім Әлтаева Антикор қызметкерлеріне қатысты істің түбіне жете алмай келе жатқанын айтты. 2024 жылы 2 ақпан күні заңгер Әлтаеваның ағасы Қосшыбек Досым үш досымен бірге Қапшағайдың арғы жағындағы Бақанас деген ауылда орналасқан шаруа қожалығының қасында қоян атуға шыққан.
«Нақты ол жерде 5 қоян атылған. Негізінде ол қоянды атқан менің ағам емес. Қасындағы үш адамның бірі ол тіпті сол жерде қояндарды атқан мен деп мойындаса да, оған назар аудармаған. Сол кезде көлікпен артынан келе жатқан полиция тоқтатқан. Тікелей сол жерден менің ағамды ұстап алып кеткен. Олар мінген көлік менің ағамдікі еді. Содан менің ағамды Бақанастың полиция бөлімінде ұстайды. Бөлімшеден алып кетіп, ол жерде 11 сағат ұстап отырған. Ал заң бойынша осыншама сағат ұстауға құқығы жоқ. Полиция түнгі 3-те қылмыстық іс қозғап тастаған екен. Маған анам хабарласып жағдайды түсіндіргенде бұл жерде бірнәрсе дұрыс емес екенін ішіп сезді. Себебі қоян ату қылмыстық іс емес, ол әкімшілік іс болып саналады», – деді Әлтаева.
Артынан істі қарап жатқан Балқаш ауданының прокуроры Қанат Сонабаев: «Әлтаеваның анасына 12 млн теңге берсеңіздер істі бірден жауып тастаймыз» деп айтқан. Оны анасы қызына жеткізеді.
Сонымен қатар, сол күні ағасының қасында тағы үш ер адам болып, тіпті оның бірі бес қоянды атқанын мойындаса да, полиция дәл Досым Қосшыбектің артына түсуінің белгілі бір себебі бар екенін айтты.
«Біздің отбасымызды Бақанаста барлығы біледі және жағдайымыз да жаман емес. Олар дәл осы ағамды ұстауды алдын ала ұйымдастырған. Әйтпесе былай қарасаң, ол жерде атылған бес қоян қылмыстық іс емес, әкімшілік іс болып саналады. Оның үстіне ағам ол жерде қояндарды атпаған. Ағамды бөлімшеде мұның таза қылмыстық іс екенін айтып, «кем дегенде 5 жылға дейін бас босандығынан айырылады» деп, әрі «дүние-мүлікті тәркілейміз» деп әбден қорқытқан. Ал ағам мінезі жұмсақтау адам болған соң, тергеушінің айтқанына сеніп, сол кезде әбден күйзеліскке түсті. Айналып келгенде бес қоян үшін осындай алдын ала ойластырып ұйымдастырылған құйтұрқы іс-әрекетке барып отыр», – деді заңгер.
Антикормен бірлескен құпия операция
Содан заңгер Әлтаева қылмыстық істің заңсыз қозғалғанын әрі мақсаттары дәл Қосшыбек Досымға іс қозғап, ақша бопсалау болған соң, бұл бассыздықты басқа құзырлы органдарға хабарлауды дұрыс шешеді.
«Мен сол кезде бірден Астана қаласында орналасқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің колл-центріне хабарласып істі ресми тіркеткіземін деп шештім. Хабарласып, жағдайды түсіндіріп осы іске арнайы қарайтын Алматы облысынан куратор беруді сұрадым. Ол кісілер істі тіркеп алдық, қарайтын адам өзі сізге хабарласады деп айтты. Арада біраз уақыт өткен соң Алматы облысының жедел бөлімінің бастығы Бақыт Бекжанов хабарласып, келуімді сұрады», – дейді заңгер.
Әлтаеваның айтуынша, ол Алматыда орналасқан Антикор ғимаратына барады. Сол күні барып, журналға аты-жөнін жазып, тіркеліп кірген. Сол сәтте заңгердің Антикорда істейтін танысы Жандос Қосшыбек (Тегтері бірдей болғанымен Жандос пен Әлтаеваның ағасы Досымның ешқандай туыстық қатынастары жоқ) Әлтаеваны прокуор Сонабаевпен кездесуге жеке өзі көлігімен апарып тастапты.
«Мен танысым Жандосты кездестірдім, оған жағдай түсіндіріп айттым. Жанымызда Антикордың жедел бөлім басшысы Бақыт Бекжанов пен кезекші тергеуші Олжас Жайлауов болады. Үшеуіміздің дәлізде сөйлесіп тұрғанымыз бейнебақылауға түсті. Содан маған: «Сенің қолыңда ештеңе жоқ. Барып жазып келіңіз, екеуара сөздеріңізді» деп маған Жандос айтты. Жасырын аудиобейнежазба құрылығысын беріп Сонабаевпен кездесуге жіберді. Тіпті Жандос мені жеке көлігімен таңғы сағат 10-нан өте прокурормен кездесуге апарып тастады», – деді Әлтаева.
«Бір-бірімізді сатпаймыз»
Заңгерді прокурормен сөйлесуге апарып тастаған соң, оны артынан не күтпей, не әңгіменің қалай өткенінін білместен сол жерден кетіп қалған.
Артынша Әлтаева істі жабу үшін ақша сұраған прокурордың болған әңгімесін жазып алып, Антикордың үстіне өздері тағып берген жасырын аудиобейнежазба құрылғысын өз қолымен Жандос Қосшыбектің үйіне апарып берген.
«Мен прокурор Қанат Сонабаевпен сөйлескен кезде мен оған беретін 12 млн ақшамның жоқ екенін айттым. Содан ол маған қанша бере алатынымды сұрады, мен 5 млн бере аламын деп айттым. Ол бірден келісті. Мен ендеше ақша тапқан кезде өзім хабарласамын деп кабинетінен шығып кеттім», – деді Әлтаева.
Содан Әлтаеваға прокурор ертесіне хабарласып, істің шешілетіні айтып: «5 млн дайында» деп тағы да сөйлескен екен. Ол диалогтың да аудиосы бар.
«Алайда осыншама жазылып алынған дәлел мен дәйекті көре тұра, Жандос мені шетке шығарып алып, өз аузымен: «Біз прокурорға қарсы шыға алмаймыз» деп айтты. Яғни, олар бір орган, болмаса «бір-бірлерін сатпаймыз» деген әңгіме айтты».
Содан Алматы облысының Антикорынан қайыр болмаған соң, Әлтаева Алматы қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік қызметінің департаментіне келеді. Оларға жағдайды түсіндірген соң жауабын бес күн бойы күткен. Сол арада бұған прокурор хабарласып, ақшаны қашан әкеле алатынын сұраған. Ал заңгер қаражатты іздестіріп жатқанын айтып, уақыт созған. Ақыры ешқандай әркет жасалмаған соң, Әлтаева Алматы қаласының ұлттық қауіпсіздік комитетіне қайтадан барып, егер шұғыл түрде шара қабылдамаса прокуратура мен президенттің атына арызданатыны айтып айқай-шу шығарады. Артынша оған облыстың Ұлттық қауіпсіздік комитетінен хабарласып прокурорды ұстау операциясына кіріседі.
Содан Әлтаева прокурормен кездесуге барды. Кездесу Қапшағай тасжолында пркурордың көлігінің ішінде болады. Сол жерде оған 3 млн теңгені беріп жатқан кезде артта жағдайды бақылап тұрған Ұлттық қауіпсіздік комитетіннің қызметкерлері келіп оқиға орнында прокурорды құрықтайды.
2024 жылдың 13 ақпанында прокурор ұсталады, ал 14 ақпан күні қоян ату ісін тергеуші «қылмыс құрамы жоқ» деп бірден жауып тастайды. Бір қызығы, бұл істе тек қана прокурор емес тергеушінің де тікелей қатысы болған. Бірақ Әлтаеваның қолында тергеушіге қатысты дәйек болмаған соң, оны дәлелдей алмаған екен. Сонымен Әлтаева екі арада ары-бері жүгіріп айландырған 12 күн ішінде ағасына қатысты істің заңсыз қозғалғанын дәлелдеп, пара сұраған прокурорды ұстап береді.
Артынша, Алматы облысы Қонаев қалалық сотында Балқаш аудандық прокуратурасының аға прокуроры Қанат Сонабаевқа қатысты іс қаралады.
Ол Әлтаевадан жабайы аң ату фактісіне қатысты қылмыстық істі қысқарту үшін 5 млн теңге сұраған, кейін 4 млн теңгеге түсірген. Ал 13 ақпанда 3 млн теңгені автокөлік ішінде алған кезде ұсталды.
Сонабаев бұл істі тоқтату өзінің құзыретіне кірмейтінін біле отырып, алдау жолымен ақша талап еткені үшін ҚК 190-бабы «алаяқтық» бойынша айыпталып, 4 жыл орташа қауіпсіздік мекемесінде бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, Сонабаеқа өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынып, шенінен айырылды.
Жазасыз кеткен Антикор қызметкерлері
Осымен бәрі әділ шешілді деп ойласаңыз қателесесіз. Себебі заңгер Әлтаева бастапқыда прокурор пара сұрағанда шағымданғанымен, Алматы облысының Антикор қызметкерлері — Жандос Қосшыбек, жедел тергеу бөлімінің басшысы Бекжанов Бақыт және кезекші тергеуші Олжас Жайлауов міндетін орындамай, қол қусырып отырған. Осыған байланысты Әлтаева президент пен Бас прокурордың атына ресми шағым түсірген.
Бұрын «біз прокурорға қарсы шығара алмаймыз» деп, барлық дәлелді көрсе де істі қайтарып жіберген Жандос Қосшыбек Әлтаевамен бір ауылдан шыққан. Сол себепті ол Әйгерімнің ата-анасы мен ағасына хабарласып, үйіне келген. Оның айтқаны:
«Әйгерімге айтыңдар, ары қарай үдетпесін. Мені бастығым жіберді. Қанша керек болса, ақшасын береміз, тек бағасын айтыңдар», – деп ұсыныс жасаған.
Содан Астанадағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қауіпсіздік қызметі тергеп, «қылмыстық құрам жоқ» деп жауып тастапты.
Әлтаева алған бетінен қайтпай, бұл туралы БАҚ-қа ашық айтқаннан кейін, заңгердің сөзінше, бас прокурор Берік Асыловтың жеке тапсырмасымен Антикор қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Іс алғашында Алматы облыстық полиция департаментінде ашылды. Тергеуге сенбеген Әлтаева шағым түсіргеннен кейін, іс Астанаға – Ішкі істер министрлігіне жіберілді. Сол жерден арнайы полковник-тергеуші Марат Омаров Алматыға келіп, істі өз қолына алды. ІІМ тергеушісі Антикордың үш қызметкерін күдікті деп таныды. Ол Қонаев қаласындағы полиция департаментінде отырып, барлық күдіктілер мен жәбірленушілерден қайтадан жауап алып, тергеуді қайта бастаған.
Әйгерім Әлтаеваның айтуынша, Антикордың үш қызмекері күдікті деп танылып іс қозғалқан соң олар уақытша жұмыстан шеттетілген екен.
«Іс Қылмыстық кодекстің 433-бабы – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерінің заңсыз әрекеттері» бойынша қозғалды. Бір күні тергеу аяқталуға таяғанда Омаров жоғалып кетті. Кейін хабарласып сұрағанымда, ол маған істің Астананың Антикорына берілгенін айтты. Артынша Астанадан жаңа тергеуші Серікжан Нұрмағамбетов келіп, істі қайта ашып, тергеуді бастады. Ол да істі созбалаңға салып, қайта-қайта сұрау сала бастады. Жалпы айтқанда, бізді – мені, ағамды, ата-анамды қайта-қайта жауапқа шақырып, психологиялық тұрғыдан қатты шаршатты. Осы жылдың қыркүйегінде Нұрмағамбетовке хабарласып: «Іс не болып жатыр?» деп сұрадым. Ол маған ештеңе болмағандай: «Істі жауып тастадық, мұрағатта» деп қысқа қайырды, содан кейін мүлдем жауап бермей қойды. Кезінде ол үшеуі уақытша қызметтен шеттетілген еді, ал қазір екеуінің жағдайын білмеймін, бірақ Жандос Қосшыбек жұмысын түк болмағандай қайта жалғастырып жүр», – деді Әлтаева.
Orda.kz бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және Антикорға (қазір ҰҚК құрамында) ресми сауал жолдады. Сауал осы Антикордың үш қызметкері күдікті деп танылған істің барысына қатысты қойылды.
Бізге тек Бас прокуратурадан ғана нақты жауап келді. Ол жерде қысқаша істің жабылу себебі «қылмыстық құрамның болмауы» деп көрсетілген. Ал «нақты қандай себеппен?» деген сауалымыз жауапсыз қалған қалды.

Содан заңгер Әлтаева іс нақты қандай кезде қылмыс құрамы болмады деген сауалға заң тұрғысында жауап берді.
Қылмыстық іс ҚПК-нің 35-бабына сәйкес мына жағдайларда тоқтатылуы мүмкін:
- 1. Қылмыс құрамының болмауы: Яғни, адамның әрекеті бар, бірақ ол қылмыс белгілеріне жатпайды. Мысалы: пайдакүнемдік ниет жоқ, шығын келмеген, қасақана жасалмаған немесе әрекет мүлде қылмыс болып саналмайды,
- 2. Адамның қатысы дәлелденбеуі (ҚПК 35-бап, 1-бөлім, 2-тармақ): Яғни, дәлелдер жеткіліксіз немесе бір-біріне қайшы,
- 3. Қылмыс оқиғасының болмауы: мысалы, іс жүзінде оқиға мүлде болмаған.
Осындай жағдайларда тергеуші, прокурор немесе Антикор қылмыстық істі тоқтата алады (тіпті адамға «күдікті» мәртебесі берілгеннің өзінде).
Ал Әлтаеваның қолында Антикордың заңсыз әрекеттерін дәлелдейтін аудио-видео жазбалар мен ресми құжаттар бар. Бастапқыда прокурорға шағымданып келген сәтінде Антикордың жедел бөлім басшысы Бақыт Бекжанов пен кезекші тергеуші Олжас Жайлауов әрі Жандос Қосшыбекпен дәлізде сөйлесіп тұрғаны бейнебақылауға түскен, бұл іске тіркелген. Сонымен қатар, істі Бас прокуратураға жеткізбеуі үшін оның туыстарына пара ұсынылғаны туралы да дәлел тұр.
Жаңалықтар
- «Депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ»: Тоқаев жаңа парламент туралы сөз қозғады
- СҚО тұрғындары қаздардың құс тұмауынан қырылғанын дәлелдей алмай жүр
- Даудың басы — бес қоян: Парақор прокурордың артын жапқан Антикор неге жазаланбайды?
- «Қызметтік куәлік жойылды»: Әскери қызметкер алаяқтығы үшін сотталды
- Қазақстанда енді жаназада қара су мен палау ғана беріледі – мүфтият
- Гонконгтағы жантүршігерлік өрт: Құрбандар саны 128-ге жетті
- Жезқазған маңында «Роскосмос» ұшырған зымыранның бөлігі құлады
- Тараздағы процедуралық кабинетте ине салдырған науқас қайтыс болды: Сот үкім шығарды
- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды
- Қазақстанды қандай идеология дамытады? Ерлан Қарин мақаласында нені меңзеді?
- Бакиев жақсы тұрып жатыр, біз оны сіздерге бермейміз – Лукашенко
- Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермакқа тінту жүргізілді
- Қазақстанда зергерлік бұйымдарды ұрлап, ізін суытқан әйел Стамбұлда ұсталды
- «Алмас менің жүрегімде»: марқұм Алмас Шахимовтың ісіндегі айыпталушы соңғы сөзін айтты
- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында 122 млрд-тан астам бұзушылықтар анықталды
- №2 перзентхананың дәрігері өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды
- Елімізге танымал спорт журналисі өмірден озды
- Прокурор «Қазақтың Робин Гуды» Ілияс Сәриев пен оның серіктесін 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
- Темірлан Еңсебекке тағы бір айып тағыла ма? Qaznews24 әкімшісін прокуратура қайта шақырды
- «Талғар — ең қауіпті аудан емес»: Сұлтанғазиев өңірдегі қылмыс туралы айтып берді