«Дәстүрге жат»: Мүфтият никаб киюге қарсы болды

cover Фото: Global look press

Қырғызстан мұсылмандарының діни басқармасы никаб кию исламда міндетті емес екенін және елдің ұлттық дәстүрлеріне қайшы келетінін жариялады, деп хабарлайды Orda.kz.

«Никаб біздің қоғамға жат», деп мәлімдеді мүфтият.

Мұсылмандар діни басқармасы шариғат бойынша әйелдің беті мен қолы әурет жер болып саналмайтынын түсіндірді.

«Біздің мемлекетіміз азаматтардың қауіпсіздігін бақылауда ұстайды. Никаб киюдің қажеті жоқ. Сонымен қатар қазір никаб жамылған арандатушылар қоғамға қауіп төндіруі мүмкін» деп жазылған үндеуде.

Еске салайық, қаңтар айында Қырғызстанда қоғамдық орындарда никаб киюге тыйым салынды. 

Енді Қырғызстанда мемлекеттік органдарда және қоғамдық орындарда азаматты тануға кедергі келтіретін киім кигені үшін жауапкершілік енгізіледі. Әйелдер мұндай киімді жұмысына немесе медициналық себептерге байланысты кисе рұқсат етіледі. Сонымен қатар көрші елде енгізілген жаңа заң бойынша, діни мағлұматтар мен кітаптарды үй-үйді аралап тарататындар жазаланады. Қырғызстан аумағында діни нысандарды қоспағанда, қоғамдық орындарда, мемлекеттік ұйымдарда, балабақшаларда, мектептер мен университеттерде кез келген БАҚ арқылы діни әдебиеттерді таратқаны үшін жауапкершілікке тарту жазасы тағайындалды. 

Еске сала кетсек, Orda.kz ҚР-да заңсыз миссионерлік қызметі үшін, сот алдында жауапқа тартылған атышулы Дарын Мүбаров та қазіргі кезде жұрт алдына шығып, пікірін айтып жүргені жайлы жазған болатын. Біздің мүфтият уақытты созып жүріп, екі ұшты жауап қайтарған еді. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар