Дәрігер ауруханада 13 жастағы қызға азғындық жасаған: Істің жай-жапсары

cover

Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауруханалардың бірінде балалар бөлімінің меңгерушісі 13 жастағы қызға азғындық әрекет жасаған. Оқиға 2024 жылғы 30 маусымда болған. Былтыр дәрігер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Бүгін апелляциялық сот шешімі шықты. Orda.kz тілшісі қыздың қорғаушысынан сұхбат алып, оқиғаның мән-жайын біліп қайтты.

Кәмелетке толмаған жәбірленуші Қарасай ауданындағы ауруханалардың біріне шұғыл түрде жеткізілген. Ауруханаға түскеннен кейін шамамен үшінші күні, яғни 2024 жылғы 2 шілдеде, сол кезде кезекшілік атқарып жүрген дәрігер (қазіргі таңда сотталған) кәмелетке толмаған қызды жеке емшара бөлмесіне шақырып, денесін аймалап, анайы қылық көрсетіп, өзінің жеке өмірі туралы айтып, телефон нөмірін берген.

 

«Дәрігер қыздың футболкасын көтеріп, қолымен кеудесін ұстап, сүйген. Қыз қарсылық көрсете бастаған соң тоқтаған. Бұдан кейін ол қызбен әңгімелескен. Дәрігер жуырда үйленгенін, қазір тоғыз айлық баласы бар екенін айтқан. Сонымен қатар ол қызға телефон нөмірін беріп «ауруханадан шыққан соң кез келген уақытта хабарласа аласың, ары қарай сөйлесеміз, сен маған ұнадың» деп кездесу ұсынған», — дейді қыздың қорғаушысы Гүлмира Бабажанова. 

Адвокаттың айтуынша, оқиғадан кейін қыз бала өз бөлмесіне кеткен. Алайда кешкі тексеріс кезінде дәрігер қайтадан оның палатасына кіріп, осыған ұқсас әңгімені жалғастырған.

«Алғашында 13 жастағы жасөспірім қатты қорқып, ешкімге айтуға батпаған. Кейін телефонын алып, әпкесіне хабарласып, болған жағдайды анасына айту-айтпау жөнінде кеңес сұрады. Әпкесі бірден анасына қоңырау шалып, болған оқиғаны жеткізді. Осыдан кейін анасы мен әпкесі ауруханаға келген, алайда дәрігерді таппаған, себебі ол кезекшілігін аяқтап, кетіп қалған екен», — деді адвокат.

 

Осыдан кейін отбасы полицияға жүгінді. Тергеу амалдары жүргізіліп, дәрігер үйінен ұсталып, қамауға алынды. Алайда екінші күні сот оған бұлтартпау шарасы ретінде үйқамаққа қамау шешімін шығарды. Қылмыстық іс ұзаққа созылып, шамамен бір жылдан кейін ғана сотқа жетті. Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған жоқ. Соған қарамастан, сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

«Оқиғадан кейін жәбірленуші қыздың психологиялық жағдайы айтарлықтай нашарлады. Оның оқу үлгерімі төмендеп, көшеге шығудан қорқатын болды. Қазіргі уақытқа дейін онымен психологтар жұмыс істеп жатыр, себебі ол оғаш мінез көрсете бастады. Мамандар оған бұл жағдайды еңсеруіне, психологиялық жарақаттан арылуына көмектесуге тырысады», — деді Бабажанова.

Сот барысында моральдық зиянды өтеу мәселесі де қаралды. Жәбірленуші тарап 5 миллион теңге көлемінде өтемақы талап етті, алайда сот бұл талапты ішінара қанағаттандырып, 1 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп беруді шешті. Материалдық залал бойынша талап қойылмаған, тек моральдық зиян өтемі сұралған.

2026 жылғы 28 қаңтарда апелляциялық сатыда іс қайта қаралды, себебі айыпталушы тарап үкіммен келіспей отыр. Апелляциялық сот шешімі өзгеріссіз қалдырды.

 
 Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар