Дәурен Абаев кешірім сұрауы тиіс – Қуат Ахметов

cover

Ресей Ішкі істер министрлігі «ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін» Алматы қаласының тұрғыны, Қуат Ахметов есімді белсендіге 50 жылға Ресей Федерациясына кіруге тыйым салды.

– Бүгінде интернетте ашық мәлімдеме жасаған Қазақстан азаматы Қуат Ахметов пен Әзірбайжан азаматы Исфандияр Вагабзаде Ресейге кіруіне 50 жыл мерзімге рұқсат бермеу туралы шешім қабылданды. Олар ұлтаралық араздықты қоздырады, - деп хабарлады РФ ІІМ.

Айта кетейік, «Тіл майданы» арнасының негізін қалаушы Қуат Ахметов дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындары қызметкерлерінің мемлекеттік тілде қызмет көрсете алмауына байланысты туындаған жанжалдарды түсірген бірнеше бейнежазба жариялаған. Сондай-ақ, бейнежазбада автор қызметкерлерге «фашистер», «гастарбайтерлер» деген сөздер қолданған.

Осы жағдайға байланысты Orda.kz тілшісі «Тіл майданы» белсендісі Қуат Ахметовпен тілдесті.

«Тіл майданы» белсендісі Қуат Ахметов

Бұндай позиция ұстануыңызға не себеп?

– Қазақ елінде қазақ тілді адамдар барлық салада дискриминация, яғни, қысым көріп жатыр. Соны тоқтату үшін бастадым. Бастағаныма біраз уақыт болды, 10 жылдан асты.

Ресей аймағына кіре алмау құқығыңызды шектей ме?

– Жоқ. Ресейде бір-екі рет болдым. Бірақ соңғы 30 жылда болған емеспін. Ол жаққа барғым да келмейді. Құқығымды шектемейді. Халықаралық конвенцияға қарсы өз мемлекетімде өз тілімді қорғау кезінде Ресей думасы ішкі саясатымызға араласып жатыр. Бұл өте қауіпті нәрсе. Біз егеменді елміз, олардың ішкі саясатына араласпаймыз. Татар мен башқұрт мектептерін жауып жатыр. Біз оларға неге қысым жасайсыңдар деп айтпаймыз ғой. Ресейде 3 миллион қазақ бар. Неге олар қазақ мектебін салмайды. Біздің елде екі жарым мыңнан астам орыс мектебі бар. Неге олар қазаққа мектеп салмайды?

Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев арна авторларының қызметін айыптаған еді. Құқық қорғау органдары әділ баға беретініне де сенім білдірген.

Дәурен Абаев

Дәурен Абаев қазақша сөйлеуді талап етіп жүрген белсенділер әрекетін «жабайы ұлтшылдық» деп атады. Бұл туралы не айтасыз?

– Дәурен Абаев Ресей федерациясының «аузымен» сөйлеп тұр ғой. Ресей Сыртқы істер министрі Лавровтың бұйрығын орындап жатыр. Бұл жағдайды біздің ішкі саясатымызға араласу деп есептеймін. Қазақтардың қазақша сөйлегенінде орыстардың не жұмысы бар? Сондықтан, Дәурен Абаев өз еркімен кешірім сұрап, отставкаға кетсе дұрыс болады, - деді Қуат Ахметов.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар