Бұрынғы қазақтар «Наурыз» мейрамын қалай тойлаған?
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесі жақындап келеді. Қазақ ұғымында бұл мерекеде күн мен түн теңеліп, қыс ызғары қайтады. Адам ауызы аққа, мал ауызы көкке тиеді. Алайда біз тойлап жүрген «Наурыз» мейрамының тарихы қайда жатыр?
Orda.kz тілшісі осы тақырып аясында зерттеп көрді.
Танымал жазушы-этнограф Болат Бопайұлы 2005 жылы шығарған «Наурызмнама» кітабында «Наурыз» сөзі парсыша – Ну – «жаңа», рыз – «күн» деген мағынаны білдіреді деп жазылған. Қазақша «жаңа күн», «жаңа жыл», «ұлыс күн» немесе «ұлы күн» тіпті «төл ырысы» деп те атайды.
Ал осындай қасиетті күнді қазақтар «Ұлыс күні» деп атаған. Бұл мерекені тойлау бағзы заманнан бері жалғасып келеді. Гректер «Патрих», бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», хорезмдіктер «Наусатж», татарлар «Нардуган», буряттар «Цаган сар», ұйғырлар «Гүл наурыз» деп атаған.
«Қорыта келгенде, Наурыз мейрамы атап өткен ұлттардың бәріне бірдей ортақ мереке. Соның ішінде қазақ халқының аса жоғары бағалайтын мерекесі болып есептеледі» деп жазды Болат Бопайұлы өзінің кітабында.
Бұрынғы қазақтар «Наурыз» мейрамын қалай тойлаған?
Қазақ халқы Ұлыстың ұлы күнін ескіше 9 наурызда тойлаған. Бұрынғы қазақтар Юлиан күнтізбесімен өмір сүрген, ол күнтізбеде мереке 9 наурызда тойланған, кейін ХХ ғасырда Кеңес үкіметі Григориан күнтізбесіне өтіп, 22 наурызға келіп тірелген.
Этнограф, тарихшы Молдабек Жанболатұлының 2008 жылы жарық көрген «Наурызнама» кітабында халықтың мифологиялық түсінігі бойынша, олар 21-нен 22-не қараған түні «Қызыр түнін» өткізген. Аталмыш ғұрып болар алдында, үйді тазалаған. Өйткені сол кездегі халықтың түсінігінде жаңа жыл таза үйге кірсе, сол үйде жыл бойы ауру-сырқау, бәле-жала болмайды.
Этнограф кітапта қазақтың «Жалғыз шала сәуле болмас, жалғыз шырақ тәубе болмас» деген мақалын да осы Наурыз мерекесімен ұштастырған. Қызыр түнінде шырақ, шам, шамдалды қос-қостан жағып қою ғұрпы болған.

Мерекеге әр отбасы шамасына қарай алдын ала әзірленген. Үй ішін реттеп, асыл бұйымдарын жинап, дастарқанды мол етіп жаюға тырысқан. Халық ұғымында Наурыздағы ас-дәмнің молдығы мен ниет-пейілдің кеңдігі – жыл бойғы берекенің нышаны. Сондықтан бұл күні әркім барын ортаға салып, кең дастарқан жайған. Наурыз түні мен мереке күндері жастар мен үлкендер әртүрлі ойын-сауық, өнер сайыстарын өткізген. Жұмбақ шешу, жаңылтпаш айту, айтысу, өлеңмен қағысу, күй тарту, ән айту, би билеу кең тараған. Сонымен бірге «Орамал тастау», «Ұшты-ұшты», «Балтам тап», «Алтыбақан» сияқты халық ойындары ойналған.
Бұл сауықтардың барлығы жұрттың көңілін көтеріп қана қоймай, келер жыл жақсылыққа, жылылыққа, молшылыққа толы болсын деген сенімді білдірген. Наурызда сыйлық беру дәстүрі де орын алған. Жігіттер бойжеткендер мен жас келіншектерге айна, тарақ, иіссу, жүзік, сырға, сақина, шолпы секілді әсем бұйымдар сыйлаған. Мұндай кәделер кейде «селт еткізер», «дір еткізер» деп аталған. Сонымен бірге қыз-келіншектер де жігіттерге арнайы дәм ұсынып, ілтипат білдірген.
Осылайша, қазақтар Наурызды табиғат пен адамның жаңаруын, теңдік пен татулықты, береке мен мейірімділікті дәріптейтін ұлы мереке ретінде тойлаған. Бұл мейрамда ырым, тағам, сыйлық, ойын, өнер – бәрі де бір мақсатқа, яғни жаңа жылды жақсылықпен қарсы алуға қызмет еткен.
Деректерде Наурыз мейрамы ел ішінде тек ойын-сауықпен шектелмеген. Ол ең алдымен еңбек пен өзара көмектің мерекесі болған. Ауыл ақсақалдары жұртты бастап, ауыл-ауылды аралап, наурыз көже ішіп, думандата жүріп, көпшілікке ортақ шаруаларды тындырған. Құдық аршу, бұлақ көзін ашу, арық қазу, қора-жайды жөндеу, үй көтеру, қой қырқу, киіз басу, алаша тоқу, арқан есу сияқты ауыр жұмыстарды ел болып жұмыла атқарған. Осы арқылы Наурыз халықты ұйымшылдыққа, еңбекқорлыққа, бірлікке тәрбиелеген.
Наурыз көже – киелі ас
Этнографтың дерегінше, қазақтар Наурыз көже кемінде жеті түрлі дәмнен жасалуы тиіс деп есептеген. Бұл астың мәні тек тамақ болуында емес, ол молшылықтың, теңдіктің, кеңдіктің белгісі ретінде танылған. Ел ішінде «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деген ұғым сақталған. Сондықтан Наурыз көже мүмкіндігінше мол дайындалған. Оны кейде «көп көже», «төк көже», «қара көже», «жақсы көже» деп те атаған. Наурызнамаға келген жұрттың бәріне бұл ас бірдей ұсынылған. Әр адам оны тойғанынша ішсін деген ниет болған. Осыдан Наурыздың теңдік пен еркіндікті дәріптейтін мейрам екені көрінеді.

Молдабек Жанболатұлы Наурыз көженің тағы бір мәні «Құтпен» байланыстырып түсіндірген. Қызыр түні өтіп, жаңа жылдың алғашқы таңы атқанда, жаңа күннің нұрымен бірге адамға құт дариды деген сенім болған. Сондықтан ел таңсәріде шыққан күнді маңдайын тосып қарсы алып, бір-біріне «Жаңа жыл құтты болсын!», «Құт дарысын!», «Құттың құты болсын!», «Жасың құтты болсын!» деген тілек айтқан. Бұл жердегі құт дүние-мүлік не байлық қана емес деп түсіндірілген. Құт – адамның жан дүниесін байытатын, нұрландыратын, күш-қуат беретін киелі ұғым. Яғни, Наурыз көже де жай ас емес, жаңа жылдағы амандық, саулық, ынтымақ-береке тілеумен сабақтасқан тағам болған.
Бертін келе сырт елдегі қандас бауырларымыз да бұл мерекені ашық тойлай бастады. Мәселен «Айқын» газетінің №49-басылымында бұл туралы жазылған.
«Қытай қазақтары үшін 80-жылдардан бері Наурыз мерекесінде ұйытқы қызметін атқарып келеді. Сол жылдарға дейін қазақтар бұл мерекені өз үйлерінде тойлайтын. Наурызды білмейтіндер де бар еді. 1983 жылы Бейжіңдегі қазақтар, оның ішінде біз де бармыз, «Наурызды ұлттық мереке ретінде тойлайық» деп бастама көтеріп, ресми өкіметке шықтық. Сол жылдан бастап Қытай астанасы – Бейжіңде ресми болмаса да, кең көлемде Наурыз мерекесі тойланып жүр. Оған ресми биліктен азаматтар келіп, халықты құттықтайды. Сыртта оқып жүрген қазақ жастары да қатысады. Кейін бұл үрдіс Шыңжаң, Үрімшіге дейін жалғасып, ондағы қазақ, ұйғыр халықтары арасында кеңінен таралып кетті» деп жазылған тарихшы Бақытжан Еженханұлының пікірі «Айқын» газетінде.
Оқи отырыңыз:
- Наурыз мейрамы парсылардан келген бе?
- Наурыздағы бата мен тілек: Дәстүрдің мәні неде?
- Наурыз көже: жеті дәмнің мәні мен ғасырлардан жеткен аңыздар
Жаңалықтар
- Әсет Матаев төбелескендерді ажыратпақ болып, соққыға жығылды — адвокат
- Тоқаев Алматы әкіміне жаңа жобаларды жетілдіру міндетін қойды
- Бұрынғы қазақтар «Наурыз» мейрамын қалай тойлаған?
- AZAL ұшағы апатына қатысты жаңа деректер: сараптама алынды, қорытынды жасалып жатыр
- ЛРТ және «кірешілер»: арқанмен вагон сүйреген жұмысшылар мемге айналды
- Жеті ел Ормуз бұғазын ашуға жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді
- Аралдың құрғаған түбінде дрондар ұшып жүр: теңіз орнына тұқым әуеден себілуде
- Ақтөбе облысында бір топ жігіттің төбелесі адам өлімімен аяқталды
- Атырау облысында алты айлық сәби ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды
- Талғардағы трагедия Түркістан облысында қайталана жаздады
- Alatau city-де жер шетелдіктерге жалға беріледі
- Әсет Матаевқа тағылған айыптардың бір бөлігі алынды
- Трамп Израильге ескерту жасады. Таяу Шығыста не болып жатыр?
- Жыл басталғалы терроризмге қатысы бар 17 адам сотталып үлгерді
- Арнайы ХҚКО басшылығы жүргізуші куәлігі үшін пара алып, сотты болды
- Наурыздағы бата мен тілек: Дәстүрдің мәні неде?
- Қазақстанда несие беру талаптары жаңартылды
- Бұрынғы шенеунік Жақсылық Омар сотта кінәсін толық мойындады
- Тоқаев Қазақстан халқын Ораза айт мерекесімен құттықтады
- АҚШ Ормуз бұғазын ашу үшін теңіз жаяу әскерін пайдалануы мүмкін