Бурабайда 595 млн теңгеге саябақ салынғалы жатыр

cover

Жаяу жүргіншіге арналған көпірі бар саябақтың құрылысына «Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы» мемлекеттік мекемесі тапсырыс беріп отыр.

Жыл басында, мемлекеттік сатып алу сайтында «Президент Іс басқармасы» мемлекеттік мекемесі Бурабай курорттық аймағына қатысты бірнеше лот жариялады. Сондай бірнеше конкурсты сипаттап өтсек.

«Президент Іс басқармасының» Бурабай курортына қатысты 2021 жылға арналған лоттарының бірі 2020 жылдың 25 желтоқсанында жарияланған. Қазір компаниялардың өтініші қаралып жатыр.

Сонымен, 25.12.2020 жарияланған лоттың мазмұнына сәйкес «Президенттің Іс басқармасы» мемлекеттік мекемесі Бурабайдағы "AQBURA" курорттың аймағынан бастап, Бурабай көліне дейінгі Үлкен Шабақты көлінің жағасында велосипедтерге және жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы (жолдың өзін емес - авт) әзірлеуге 16,6 миллион теңге бөлген. Конкурс бірнеше күн бұрын, 11 қаңтарда аяқталды, қазір өтініштер қаралып жатыр. https://www.goszakup.gov.kz/ru/announce/index/5266347?tab=lots

Бурабайға қатысты екінші конкурс 8 қаңтарда жарияланды, өтініш қабылдау уақыты 18 қаңтарда аяқталады. Президент Іс басқармасы бұл жолы «Шучинск-Бурабай курорттық аймағының туристік имиджін қалыптастыру жөніндегі қызметтер» үшін 261 миллион 608 мың 928 теңге бөліп отыр. https://www.goszakup.gov.kz/ru/announce/index/5300812?tab=lots

Үшінші конкурс кеше, 12 қаңтар күні жарияланды. «Бурабай кентінде жаяу жолды абаттандыра отырып саябақ салу» жөніндегі жұмыстар деп аталады. Осы саябақ құрылысы үшін Президенттің Іс басқармасы жарты миллиард теңгеден астам қаражат, дәлірек айтсақ, 595 миллион 677 мың 186 теңге бөліп отыр. Конкурсқа өтініш беру уақыты 27 қаңтарда аяқталады. https://www.goszakup.gov.kz/ru/announce/index/5288881?tab=lots

«Бурабай-Даму» ЖШС және Бурабай имиджі

«Бурабай Даму» деген ЖШС құжат бойынша, яғни, қаулыға сәйкес,  2015 жылы 3 наурызда құрылған. Заң бойынша, ол осы Президент Іс басқармасына қарасты  ұйым болып саналады. Президент Іс-басқармасының басқарушысы Ерлан Баттақовтың бұрынғы орынбасары Ерлан Оспанов қазір дәл осы  компанияның бас директоры болып отыр.

«Бурабай Даму» ЖШС құрылғаннан бері 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік сатып алу сайты арқылы 29 келісімшартқа ие болған. Оның 15-ін Президенттің Іс-басқармасынан жеңіп алған. Және бір қызығы, былтыр да биылғы конкурстарға ұқсас тендерлерді иеленіп отырған. Тек былтыр емес, 2016 жылдан бері.

Мысалы,  Президент Іс басқармасы  «Шучинск-Бурабай» курорттық аймағының туристік имиджін қалыптастыру жөніндегі қызметтер» деген конкурсты былтыр да жариялаған. Конкурсты «Бурабай Даму» ЖШС жеңіп алып, Бурабайдың имиджін дамыту үшін 353 миллион 825 мың 000 теңге жұмсаған. Басқарманың «Бурабайдың туристік аймағын дамытуға» бөлген 23 миллион теңгесін де осы компания игерген.

Президент іс-басқармасы 2019 жылы да «туристік аймақ құрып дамыту жөніндегі қызметтер» деген конкурс жариялайды. Құны 43 миллион 185 мың 000 теңге. Оны да осы «Бурабай Даму» ЖШС жеңіп алған. 2018 жылы Президент іс-басқармасы «Щучинкс-Бурабай» курорттық аймағының туристік имиджін қалыптастыруға» 172 миллион 235 мың 000 бөлген. Оны да «Бурабай Даму» жеңеді.

Жалпы, «Бурабай Даму» компаниясының мемлекеттік сатып алудағы ең алғашқы келісімшарты, 2016 жылы жеңіп алған конкурсы «Щучинкс-Бурабай» курорттық аймағының туристік имиджін қалыптастыру» деп аталған, сол жылы игерген сомасы 182 миллион 672 мың 000 теңге. 2017 жылы да, дәл осындай атаумен 172 миллион 470 мың 000 теңгенің конкурсын игереді. Ол лотты да Президент іс басқармасы ойнатқан еді.

Ендігі материалдарымызда осы қаражатқа Бурабайдың имиджі қалай қалыптасып, курорттық аймақ қалай дамыды деген сұраққа жауап іздеп көреміз. «Бурабайдың имиджі қашан әбден қалыптасып бітеді» деген сауал ғана жауапсыз қалып отыр.

Күнімжан Айдарқызы, Нұр-Сұлтан

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар