Бөлінген қаражатты қалтаға басқан Өскемен әуежайы басшылары сотталды

cover Фото: ШҚО сотының әлеуметтік желідегі парақшасы

Өскемен әуежайы президенті мен атқарушы директоры бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену және ысырап ету жолымен жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды  Orda.kz Шығыс Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметіне сілтеп.

«Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Өскемен әуежайы» АҚ президенті К. және атқарушы директоры С.-ға қатысты үкім шығарды. Олар қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып, бірнеше рет бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемденіп,  ысырап ету жолымен жымқырған (ҚР ҚК 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы)» деп жазылған хабарламада. 

Сондай-ақ әуежай президенті ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген тұлға бола тұра, қызмет мүдделеріне қайшы болса да, жеке пайда табу үшін өкілеттігін пайдаланып, акцияларының 100 пайызы мемлекетке тиесілі  «Өскемен әуежайы» АҚ-ның заңмен қорғалатын мүдделеріне ірі мөлшерде залал келтіріп, ауыр зардапқа соқтырған.

Әуежайдың материалдық-техникалық жабдықтау тобының басшысы да өз қызметтік жағдайын пайдаланып, президентпен алдын ала сөз байласу арқылы өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену және ысырап ету жолымен ақша жымқырған. Ол ҚР ҚК 189-бабы 2-бөлігі 1, 3-тармақтары бойынша сотталды.

Сот анықтағандай, айыпталушылар 2018–2023 жылдар аралығында азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасу кезінде мердігер ұйымдар жұмысына төленетін шығындарды негізсіз ұлғайтып көрсеткен. Шарттағы сома мен қызметкерлерге нақты төленген қаражат арасындағы айырманы қалтаға басып отырған.

Айыпталушылар кінәларын толық мойындаған жоқ.

Сот үкімі келесідей:

  • «Өскемен әуежайы» АҚ президенті ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы және 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды;
  • Атқарушы директор 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды және 10 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі бала 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды;
  • Материалдық-техникалық жабдықтау тобының басшысы 189-бабы 2-бөлігі 1, 3-тармақтары бойынша 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза мерзімі екі есеге қысқартылып, 1 жыл бас бостандығын шектеу және 3 жыл белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот «Өскемен әуежайы» АҚ-ның азаматтық талап-арызын қанағаттандырды:

  • К.-дан кәсіпорын пайдасына 120 512 179  теңге өндірілді;     
  • К. мен С.-дан ортақ тәртіппен  18 718 914  теңге; 
  • К. мен Д.-дан ортақ тәртіппен 2 127 501 теңге көлемінде материалдық залал өндірілді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар