Блогер Дана Орманбаеваға халықаралық іздеу жарияланды

cover Фото: instagram.com/danapartner

Сенбі, 25 қаңтарда қазақстандық журналист және продюсер Дана Орманбаеваға халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды, деп хабарлайды Orda.kz.

Алматы полиция департаменті тергеу бөлімі ұлтаралық араздық қоздыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлады.

«Сот сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Сонымен бірге күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды», деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Дана Орманбаева өзін іздеу туралы ақпаратқа Instagram желісіндегі жазба арқылы жауап берді.


«Мен бір ғана басты нәрсе айтайын: мен ұлтаралық араздықты қоздырушы емеспін. Мұны менің барлық орыс достарым, серіктестерім, жолдастарым жақсы біледі. Ұзақ жылдар бойы мен Қазақстан халқын, балалары мен отбасыларын ешнәрсе сұрамай-ақ қорғадым. Енді, міне, шала ойдан шығарылған істің кесірінен мені қудалап жатыр», - деді ол.

2024 жылдың сәуірінде полиция Орманбаеваның әлеуметтік желідегі мәлімдемесі үшін оның үстінен қылмыстық іс қозғады.

Қазір ол шетелде, кейбір ақпарат көздеріне сүйенсек, Дубайда тұрады. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар