Бектенов ұлттық жоба туралы: Министрлік асығар емес, әкімдіктер де шеше алмай келеді

cover Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлттық жоба 655 жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын (медициналық пунктілер, фельдшерлік-акушерлік пункт, дәрігерлік амбулаториялар) салуды, 32 көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғыртуды, сондай-ақ ауылдағы денсаулық сақтау нысандары үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлауды көздейтінін айтты.

Бүгінгі таңда 92 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісінің құрылысы аяқталған, 7 медициналық мекеме бойынша жұмыстар жалғасуда, жыл соңына дейін тағы 556 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаның қалған бағыттары бойынша қажетті рәсімдер мен процестер жүріп жатыр.

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жобалардың сараптамасы кешіктіріліп жатыр. Бұдан басқа Ұлытау және Қостанай облыстарында объектілерді салу мерзімдері ауысты.

Аталған мәселелер бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, сондай-ақ өңірлер әкімдері Берік Әбдіғалиұлы мен Құмар Ақсақалов түсініктеме берді.

Олжас Бектенов "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын жүзеге асыру мәселесі үкіметте бірнеше рет қаралғанын, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ екеніне тоқталды.

"Былтыр 309 нысан салу жоспарланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Сондықтан ауылдық жерлердегі медицина нысандары құрылысын бастау мерзімдері бұзылды", - деді премьер-министр.  

Үкімет басшысының айтуынша, былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді, бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Жалпы биыл 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр.

"Құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді. Әлі күнге дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Сондай-ақ оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады", - деді Үкімет басшысы.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар