«Баламды көршісі шақырып әкеткен»: Ақмола облысында жоғалған жеті баланың әкесі үш айдан бері табылмай келеді
Фото: отбасының жеке мұрағатынан алынған
Ақмола облысы Біржан сал ауданына қарасты Кеңащы ауылында осыдан үш ай бұрын жоғалып кеткен 31 жастағы Айжалғас Қайруллин әлі табылған жоқ. Жеті баланың әкесінің туыстары тергеу барысына көңілдері толмайтынын мәлімдеді. Orda.kz жоғалған ер адамның жақындарымен тілдесіп, оқиғаның мән-жайын білді.
21 қазан Қайруллиндер отбасы үшін қайғылы күнге айналды. Сол күні кешке ауыл тұрғыны Айжалғас Қайруллин үйінен шығып кетіп, содан қайтып оралмаған. Анасы Бақшагүл Даированың айтуынша, сол кезде көршісі Азамат Айжалғасты үйінен шақырып әкеткен.
«21 қазан күні кешке көршіміз Азамат баламды үйден шақырып алып кетті. Ауылдағы жалғыз дүкеннен зат сатып алып, кейін мал қосына бет алған. Содан бері Айжалғас жоқ. Азаматтың үйіне барып сұрағанымда, анасы оның мас болып жатқанын айтты. Кешкісін тағы бардым. Сонда Азамат: “Айжалғас қоста қалды, мен сенің балаңды неге тауып беруім керек?” деп жауап берді. Балам сол күйі қайтпады», – деді Бақшагүл Даирова.
Анасының сөзіне қарағанда, көршісінің 19 жастағы ұлы Айжалғасты сол түні шамамен сағат 12-де көргенін айтқан. Алайда кейін полицияға берген түсініктемесінде бұл сөзінен айнып қалған.
«Үйге келіп: “Көкшетаудан көлікпен оралғанда Айжалғасты көрдім, ол әкемді сұрады. Мен әкемнің мас екенін, үйіне баруы керектігін айттым” деді. Бірақ полицияда мұның бәрін түсінде көргенін айтып, сөзінен бас тартты. Негізі көршіміз Азамат жаман адам емес еді, тек ішімдікке салынғаны болмаса, үнемі қолғабыс етіп жүретін. 45 жаста, осы ауылдың тумасы», – деді анасы.
Көршісіне сенгендіктен Бақшагүл Даирова полицияға бірден емес, 3-4 күннен кейін ғана арыз жазған. Ол баласы өздігінен оралар деп үміттенгенін айтады. Ал көршісі Азаматтың нұсқасы бойынша, Айжалғас жолда көліктен түсіп қалып, ауылға қарай жаяу кеткен. Алайда сол күні басқа бір ауыл тұрғыны қоста Азамат пен бейтаныс малшының ішімдік ішіп отырғанын көрген. Ол жерде Айжалғас болмаған көрінеді.
«21 қазан күні кешкі 19:30 бен 21:30 аралығында, небәрі екі сағаттың ішінде балам ғайып болды. Көршісі бірде қоста қалды десе, бірде жолда түсіп қалды дейді. Ал баласы түнгі 12-де көрдім деп отыр. Іздеу шаралары басында қарқынды жүргендей көрінгенімен, менің арызым бойынша ешкім ұсталған жоқ. Азаматты тек мас күйінде көлік басқарғаны үшін ғана екі рет әкімшілік қамауға алды. Қазір ол бостандықта, өз үйінде отыр», – деді Бақшагүл Даирова.
Жақындарының айтуынша, Айжалғас мінезі жуас, ешкіммен жанжалдаспайтын тыныш адам болған.
«Тіпті құмалақ та салдырып көрдім, “балаң үйде емес, айдалада” деп айтты. Бір көріпкел: “Сол күні абайсызда өлтіріп алған, оқиға орнында төрт адам болған, біреуі жас” деді. Көршіден күдіктенгім келмейді, бірақ ол – менің жалғыз ұлым. Егер тірі болса, біреу алып кеткен болса, қайтарыңыздаршы!», – деді анасы.
Бақшагүл Даирова баласын тірі қайтарған адамға кез келген сұрағанын беруге дайын. Туысы Бауыржан Даировтың пікірінше, Айжалғастың ауылға бара жатып адасып кетуі мүмкін емес.
«Ауыл жазық жерде орналасқан, орман жоқ, түнде көше шамдары жанып тұрады. Біз маңайдың бәрін сүзіп шықтық, көлдерді тексердік. Ешқандай із жоқ. Аудандық полиция бөлімі күдіктіге қатысты айғақ жоқ екенін, тек іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтады», – деді ол.
Айжалғастың артында жеті баласы қалды. Үлкені 4-сыныпта оқиды, кенжесі небәрі бір жаста. Ол жоғалып кетерден бір ай бұрын ғана баласының бесік тойын өткізді. Бұған дейін оның ескертусіз үйден кетуі немесе жанжалға араласуы сияқты жайттар мүлдем болмаған.
Orda.kz редакциясы тергеу барысы туралы Ақмола облыстық полиция департаментіне сауал жолдады.
Ведомствоның мәліметінше, Айжалғас Қайруллиннің қайда екені әлі белгісіз. Іздеу шаралары 2,5 айдан бері тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Далалық аумақтар дрондармен, қызметтік иттермен және арнайы техникамен тексерілген. Кеңащы, Ақбұлақ, Заозерное, Қазанқап ауылдарының айналасы мен жетуі қиын жерлер қаралған.
Сонымен қатар жедел-тергеу шаралары аясында жоғалған күні оны соңғы рет көрген адамдар мен жақын таныстарынан жауап алынған.
«Қазіргі уақытта іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Айжалғас Қайруллиннің сипаттамасы басқа өңірлерге жолданып, еріктілердің көмегімен әлеуметтік желілерде таратылды. Полиция жоғалған азаматқа қатысты қандай да бір ақпарат білетін жандардан хабарласуды сұрайды», – деп мәлімдеді Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жаңалықтар
- Павлодар облысында тұрғын үй өртеніп, екі бала көз жұмды
- «Баламды көршісі шақырып әкеткен»: Ақмола облысында жоғалған жеті баланың әкесі үш айдан бері табылмай келеді
- Астанада ер адам құқық қорғау органы қызметкеріне оқ атты
- Астанада екі медициналық клиниканың басшысы ұсталды
- АҚШ мемлекеттік департаменті Қазақстан және тағы 74 ел үшін иммиграциялық виза беруді тоқтатты
- Иран аспаны қауіпті: Air Astana мен FlyArystan Дубай мен Мысыр бағыттарын өзгертті
- Түркістандағы әкесін өлімші етіп сабаған адам 6 жылға сотталуы мүмкін: Үкім бүгін шығады
- Ресей зауыттарының бірінде екі қазақстандықтың мәйіті табылды
- Мұрат Адамның лицензиясы бойынша сотта адвокатқа қатысы жоқ жарияланымдар қаралды
- Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі «Байсат» базары 2 млрд теңгеге арзандатылып қайта сатылымға шықты
- ҚР СІМ Қазақстанның мұнай танкерлеріне жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады
- 13 жастағы баскетболшы ойын кезінде қайтыс болды
- Жасанды интеллект тергеуі: Жасөспірімдер жалған төлемдермен сауда жасаған
- Қазақстанда алкогольге қатаң шектеу енгізу ұсынылды
- Прокуратура Атбасардағы азаптау ісі бойынша ақтау үкіміне қайта шағымданды
- Трамп өзін «Педофилдердің қорғаушысы» деп атаған Ford жұмыскерін балағаттады
- Таиландта пойыз құрылыс кранына соғылып, 22 адам қаза тапты
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерлерін Қазақстанға орналастыру жеңілдетіле ме?
- Перуашев «Самұрық-Қазына» басшысының табысы туралы сұрады
- Алматы облысында Ұлттық ұлан сарбазы жаттығу кезінде өзіне оқ атып жараланды