Алматы облысы Талғар ауданында Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатыр. Осы жолы судья Айнагүл Түкібаева БАҚ өкілдерін сотқа қатыстырмады.
Orda.kz тілшісі сотқа барып, тікелей ақпарат таратты.
Судья БАҚ өкілдерін неге қатыстырмады?
Сотқа қатысушылар БАҚ өкілдерінің 2-сотты бейнекамераға түсіріп, парақшаларына салғанына және жәбірленушінің сөзін жариялағанына наразылық танытып, журналистерді сот залынан шығарып жіберді. Сондай-ақ енді жәбірленушілер мен басқа да куәгерлердің сөздерін ендігі жерде жариялауға тыйым салды.
«Сот отырысынан кейін әлеуметтік желілерде жәбірленушінің жауабы мен сот залында түсірілген видео жарияланды. Осыған байланысты жәбірленуші мен процеске қатысушы басқа да азаматтардың сотта берген жауаптарын жариялауға сот тергеуі аяқталғанға дейін шектеу қойылды», – деді судья.
Алайда тілшілер сотты трансляция арқылы көріп отырды.
Меңдешевтің айтуынша, судья сотта объективті емес, бір жақты қарап отыр.
Адвокат судьяны ауыстыру туралы мәлімдеме жасады.
Осы жағдайдан кейін судья үзіліс жариялады. Ал үзілістен кейін судья шеттетуді қанағаттандырмады және сот кезінде сотталушы Руслан Әлиевтің тісі ауырғанына байланысты сот залынан шығуға мәжбүр болып, тағы да үзіліс жарияланды.
«Мен таңғалдым. Біріншіден, маған БАҚ өкілдерін шығарып жібергені қызық болды. Біздің тарап керісінше, тілшілердің болғанын қалағанбыз. Не болып жатқанын қоғамға түсінікті жеткізу үшін. Сондай-ақ біздің адвокаттар 4 рет талап-арыз жасады. Алайда судья ешқайсысын да қанағаттандырмады. Одан кейін біздің адвокат шеттету туралы мәлімдеме жасады. Сол кезде мен қазір басқа судья ауысып, екі тарапты да тыңдайды деп ойладым, алайда олай болмады», – деді Хасанның жары әрі мүддесін қорғаушы Зульфия Қасымбаева.
Кейін Әлиевке жедел жәрдем шақыртылып, оны көлікпен алып кетті. Ал сот 26 тамыз күні сағат 10:00-ге шегерілді.
2024 жылғы 4 қазанда «Қамажай» дүкенінде болған жанжалда Шерзат Полат қаза тапты. Бұл оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Осы істе «Хасан хуторлық қылмыстық топтың басшысы» деген сөз жұрт арасында тарап кетті. Осы жағдайдан кейін Талғар аудандық әкімдігінде қызмет атқарған Хасан Қасымбаевтың бауыры Аслан Қасымбаев жұмыстан босатылды. Ресми сот кабинеті дерегіне сүйенсек, Хасан Қасымбаевтың тағы бір бауыры Ержан Қасымбаев бұған дейін «адам өлтіру» бабымен істі болған. Ол кеден қызметкері Медет Жамашевті қасақана өлтірді деп айыпталған. Ал ІІМ «хуторлық» қылмыстық топ жайлы сөз бұрқ ете қалғанда-ақ ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында Хасан Қасымбаев: «менің арым таза, заң бұзған жоқпын» деген еді. Алайда 4 қараша күні ол қамауға алынып, оған қатысты тергеу басталды. Тергеу шілде айында аяқталды. 29 шілдеде прокуратура айыптау актісін бекітіп, істі сотқа жіберді.