Байбек VS Мамай. Апелляция немен аяқталды?

cover Orda.kz коллажы

Саяси белсенді Жанболат Мамай мен оның жұбайы Инга Иманбаеваның Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жеңген бірінші сатыдағы соттың шешіміне шағымдануы сәтсіз аяқталды.

Бұл туралы Orda.kz хабарлайды.

Жауапкерлер Байбектің сыбайлас жемқорлық қызметі туралы өздері айтқан мәліметтердің дұрыстығын дәлелдей алмады. Апелляциялық алқа дәл осындай қорытындыға келді.

 — Алқа екі тарапты азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеуге назар аударды. Атап айтқанда, жауапкерлердің жариялаған материалдарында Б. Байбекті ауыр қылмыс жасады деген айыптау тағылған болатын. Бұл ретте әрбір адам, қылмыс жасағаны дәлелденбей және соттың заңды күшіне енген үкімі белгіленгенге дейін кінәсіз деп есептеледі, – делінген сот хабарламасында.

Бұдан басқа, әкімнің қаулысының заңсыздығы немесе жарамсыздығы тек сот актісімен белгіленгеннен кейін ғана заңды күшіне енеді. Алайда, бүгінгі таңда «Байбек әкім болған кезеңде қабылданған бірде-бір қаулысы сот тәртібімен заңсыз немесе жарамсыз деп танылмаған».

Қаулы заңды күшіне енді.

Естеріңізге сала кетейік, 15 маусым күні Алматы қаласының №2 Әуезов аудандық азаматтық істер соты Байбектің Мамай мен Иманбаеваға қатысты талабын қанағаттандырды. Сот жауапкерлерді «Байбектің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін» материалдарды жоққа шығарып және өшіруге міндеттеді.

Арыз беруге Мамай мен Иманбаеваның «Демократиялы Қазақстан» Youtube арнасында және әлеуметтік желілерде орналастырған видеолары негіз болды. Онда Бауыржан Байбектің Алматы әкімі болған кезде сыбайлас жемқорлық құрылым құрастырды делінген. Бейнежазбаларда Байбекті «Қазақфильм» киностудиясынан 5,5 гектар жерін тартып алғанын, элита өкілдеріне арналған саяжайлар салу үшін Көк-Төбе мен Көк Жайлау маңында ағаштарды заңсыз кескенін, мемлекетке қарасты жерлерді ақылы тұрақтарға және Атакент құрылысына бергенін, соңғы сақталған алма бағын Esentai city құрылысына сатуын және көлік саласында алаяқтық жасады деп айтылған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар